Кәсіпкерлердің деректері сенімді қорғала ма?
Кәсіпкерлер бухгалтериясының барлық деректері мен коммерциялық құпияларының бәрін фискалды мәлімет операторы мен мемлекетке сеніп тапсыруға мәжбүр. Сондықтан дербес деректерінің өзге кәсіпкерлерге, жалпы көпшілікке жария болып кетуіне алаңдаушылық білдіріп отырғандар да бар. Ал фискалды операторы болуы үшін телекоммуикация компаниялары тиісті қауіпсіздік сертификатын орнатуы керек. Алайда сертификаттың қандай талаптарға сай болу керектігі нақтыланбаған. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, операторлар кәсіпкердң мәліметтерін көре алмайды. Операторлардың міндеті осы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органына тапсыру. Сондықтан кәсіпкерлердің коммерциялық құпиясы тарап кетеді деп қауіптенуі орынсыз екен.
Қысқасы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған жаңа өзгерістер алдағы уақытта өз жемісін беретін болады. Әзірге кәсіпкерлердің онлайн режимде жұмыс істеуін талап ету арқылы кассалық аппараттан өтетін барлық операцияларды бақылап отыруға, яғни заңсыз ақша айналымының алдын алуға қадам жасалуда. Сарапшылар цифрлы технологияның мүмкіндігі қарқынды дамып жатқанын ескере отырып, келешекте онлайн-кассалық аппараттардың да, дүкендегі сатушының да керегі болмай қалуы мүмкін екенін айтуда. Бұған дәлел, 2019 жылы атақты Амазон компаниясының сатушысы, кассалық аппараты жоқ дүкендер желісін іске қосуы.
Иә, не десек те жаңашыл өзгерістер толық орындалса, қазынаға салықтан түсетін қаржы еселенеді. Нақтырақ айтқанда, биыл бюджетке қосымша 800 млрд теңге кіріс кірмек. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда «көлеңкедегі» кәсіпкерлердің кесірінен ел бюджеті жылына 2,5 трлн теңгеге жуық кірістен қағылып отыр.