1 қыркүйек демалыс күнге келіп отыр: Оқу-ағарту министрі алғашқы қоңырауға қатысты мәлімдеме жасады

Биыл Қазақстанда 30 тамызда атап өтілетін Конституция күні сенбіге келіп отыр. Осыған байланысты демалыс дүйсенбі – 1 қыркүйекке ауыстырылады. Министрдің айтуынша, биыл сабақ ресми 2 қыркүйекте басталады.
"Салтанатты іс-шараға, оқу жылының басына келер болсақ, біз бұл мәселені қарастырдық. Мектеп пен мұғалімдер кеңесі салтанатты шараларды 1 қыркүйекте өткізу мүмкіндігін қарастырса, бұл шешім қабылданатын шығар. Әрине, біз мұндай мүмкіндік береміз. Бірақ ресми түрде барлық іс-шара 2 қыркүйекте өтуі керек. Өйткені бұл жұмыс күні және баяғыдан солай болған”, – деді Бейсембаев.
Ол алғашқы қоңырау бірінші сынып оқушылары үшін өтетінін айтты. Мектеп оқушылары үшін бұл мереке ерекше дейді.
"1 қыркүйек бірінші сынып оқушылары үшін негізінен ерекше. Сондықтан біз ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен ақылдасып жатырмыз. Олар көбіне 1 сыныпқа баратын оқушыларға қатысты мәселені көтереді. Бұл өте маңызды сәт, олар мектепке алғаш рет келеді, сондықтан мұндай символикалық мерекені өткізу өте маңызды", – деп түйіндеді министр.
Еске салсақ, биыл оқу жылының аяқталуы жексенбіге келгендіктен, соңғы қоңырау басқа күнге ауыстырылған еді.