№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ауыл жағдайы депутат назарында

Ауыл жағдайы депутат назарында


Елдің талабы мен тілегін, мұраты мен мүддесін біліп, талдап, таразылап, биік-биік мінберлерде шешілу жолдарын ұсынатын депутаттар екені даусыз. Сондықтан халық қалаулылары келгенінде қуанып, жұрт өтініш-тілектерін жеткізіп жатады. Парламент Мәжілісінің депутаты Балайым Кесебаева Жаңақорған ауданына арнайы келіп, Қандөз және Қаратөбе ауылы тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ «СКЗ-U» ЖШС-нің жұмыс барысымен танысты.


Делегация құрамында «Nur Otan» партиясы Қызылорда қаласы Темір жол филиалы төрағасының бірінші орынбасары Базара Танбаева, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Ілиясов, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаев болды.
Алдымен Қандөз ауылынан сапарын бастаған халық қалаулысы тұрғындармен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан спорт кешенін көрді. Ауыл тұрғындарымен ашық пікір алмасты. Елде атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты түсіндірді. Тұрғындарды толғандырып жүрген ойларын білді.
Ауылдастарының атынан сөз сөйлеген ақсақал Әбдісадық Абдуллаев:
– Ауылда 250 отбасы тұрады. Бізде ең үлкен мәселе – ауыз су. Екіншіден, көшелерде жарық жоқ. Бағаналар әбден ескірген. Солар жаңартылса. Өйткені ауылда жарық екі-үш сағаттап жиі сөнеді. Осы мәселенің түйткілін шешуге көмек қолын созсаңыз, – деді.
– Сауалыңыз орынды. Ауыз су көктемге дейін шешіледі. Ал жарық мәселесіне келсек жоспарға енгіземіз. Жалпы көтерген мәселелер аудандық деңгейде шешілетін жәйт, – деп аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Орманұлы жауап қатты.
Қандөз ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан Қашқанкөл елді мекенінің тұрғыны Бибігүл Қалдыбаева өтінішін былайша білдірді:
– Біздің басты проблемамыз жол-тұғын. Мұны аудан әкімі Сұлтан Мақашов шешіп берді. Қашқанкөлден 24 оқушы мектепке, 12 өспірім балабақшаға Қандөзге қатынайды. Енді көлік мәселесі шешілсе, – деді.
– Бұл ұсыныстарыңыз аудандық деңгейде шешілетін мәселе. Халықтың әлеуетін арттыратын заңдар аясында сұрақтарыңызды жолдасаңыздар, – деді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәжит Балқожаұлы.
Ауыл тұрғындары көтерген негізгі мәселе атаулы әлеуметтік көмекке енгізілген өзгерістер хақында болды.
– Бұл көмектің уақытша екенін түсініңіздер. Белгілі көлемде берілетін көмек түрі тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға арналған. Бірақ Үкіметке арқа сүйеп, үйде жатуға болмас. Махмұд Қашқариден «Әр істің басталуы ғана қиын», «Жалқауға бұлт та жүк көрінер» деген даналық қалған. Біз сергек болып, қоғамның жұмысына белсенді араласып, жеке кәсіп түрін жүргізуге талпынбай көздеген мақсатымызға жету қиын, – деді Балайым Туғанбайқызы.
Одан әрі тұрғындар телеарналарға мониторинг жүргізу жайын сұрады. Себебі ұлттық тәлім-тәрбие сіңірмейтін арналардың қажеті шамалы. Әсіресе «Қалаулым» бағдарламасына шүйлік­кендер көп болды.
– Ұлттық менталитетке жат тақырыптарды қозғап, қыздар бір-бірімен шаш жұлып, тепсе темір үзетін жігіттер бір-біріне жұдырық ала жүгіргенін көріп қатты ұяласың. Мұның өскелең ұрпаққа берер қандай тәлімі бар? Олар нені насихаттап отыр. Халықтың қалауына айнала алмаған бағдарлама жабылса деген ұсынысымызды жеткізсеңіз, – деп партия жетекшісі азаматтық пікірін жеткізді.
Аудан орталығы мен Қандөз ауылын 100 шақырымдық жол жалғайды. Өкініштісі, қоғамдық көлік қатынасы жоқ. Оларға Жаңақорғанға қарағанда Түркістан қаласына бару жеңіл. Аудан орталығына тек құжат рәсімдеуге ғана барады екен. Кездесу барысында осыны да білдік.
Одан кейінгі сапар Қаратөбе ауылында жалғасты. Ауылдық медициналық пунктте жиналған тұрғындар ең әуелі ауылға емхана керек екенін алға тартты.
– Мен ауыл тұрғыны ретінде осында бірінші кезекте емхана керек екенін жеткізгім келеді. Көріп тұрғаныңыздай, Кеңес үкіметі кезінде салынған ғимараттың жай-күйі тым нашар. Мұнда ем алмақ түгілі, қайта ауру қосып алуға болады. Екінші мәселе, қолымызда ұл мен келін және бес немерем бар. Кіріс көзі біздің зейнетақымыз. Мемлекет тарапынан берілетін ешқандай көмекке ілінген емеспіз. Басымызда кредит бар. Кіретін кіріс 112 мың болса, кредитке 96 мың төлейміз. Ар жағында қалған 16 мың теңгеге мына қымбатшылық заманда күн көру қиын. Айтайын дегенім, мемлекет кірісті есептегенде неге шығысты есептемейді? – деді Зулпыхар Өтебеков.
Одан әрі ауыл ұстаздарының атынан сөз алған Рашида Шегенова:
– «Мұғалімдер мәртебесі» заңы қолданысқа енді. Әрине қуандық. Бірақ кемшілігі жоқ емес. Ұстаздарды зейнет жасына 63 жаста шығару тым ауыр. Қазірдің өзінде қажып, не істегенімізді ұмытып қалып жүрміз, ауыл мұғалімі ол жасқа жеткенде бел жазбайтын бейнетінің ауырлығынан бала оқытуға дәрмені аз, – дегенді жеткізді.
Онан соң сөз алған балабақша тәрбиешісі Сәуле Сәрсенбаева:
– Мен өзім қазір жасым елуде. Ауылда 63-тегі апалар екі үш немересін миы тыныш болуы үшін балабақшаға береді. Ал балабақшадағы 25 балаға 63-тегі адам қалай егелік жасайды. Соны неге ойламайды заң шығарарда. Мен өзім ол жаста жұмысты дөңгелетіп жасай алатыныма қазірдің өзінде көзім жетпейді, – деді.
Ауыл тұрғындарының басты мәселесі егіндікке баратын көпір мәселесін шешу. Республикалық бюджеттен шешілетін мәселеге мән бермесе болмайды. Өйткені апаттық көпір ауылды бар табыс көзінен айыруы мүмкін. Тағы бір мәселе, ауылда интернет пен телефон желісінің дұрыс ұстамайтыны халық қалаулысының назарына ұсынылды.
Келесі бағыт – «СКЗ-U» ЖШС өндіріс орны болды. Депутат өндіріс орнындағы жұмысшылардың бір күндік жұмыс барысымен танысты.
Күкірт-қышқылы зауытының бүгінде жылдық қуаты 500 мың тонна болса, күніне 1500 тонна шикізат өндіреді. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыттың жетістігі аз емес. Былтыр жыл қорытындысымен «Парыз-2018» сыйлығының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болды, 2019 жылы «Алтын сапа» сыйлығының жеңімпазы атанды. Бұл – заманауи талаптарға сай құрылған зауыттың потенциялынан хабар беретіндей.
Балайым Кесебаева кездесу барысында Президент Жолдауындағы әлеуметтік мәселелер, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жайы, атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне енгізілген өзгерістерге тоқталды. Сондай-ақ мал ұрлығы, шағын және орта бизнесті дамыту, ауылшаруашылығы саласы бойынша заңға енгізілген толықтырулар жөнінде кеңінен баяндап берді.
Депутат ашық пікір алмасу арқылы жергілікті жерлердегі негізгі проблемалық мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыда жүзеге асуына қолдау білдіру қажет екенін айтты.

Лаура АЙДАРХАН
14 қаңтар 2020 ж. 481 0