Жаңақорғандық меценат "Құрмет" орденіне ие болды
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Тәуелсіздік күні мерекесінде елдің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың ішінде жаңақорғандықтар да бар. «Құрмет» ордені кәсіпкер, меценат Әбдіхан Шайықовтың мерейін асырса, «Ерен еңбегі үшін» медалін Есдәулет Сейілов кеудесіне тақты.
Елдің әлеуметтік-экономикасын дамытуға еңбек сіңірген қайраткер азаматтарға берілетін мемлекеттік наградасы лайықты иесін тапты. Расында Шайықовтар әулетінің Жаңақорған ауданының экономикасы дамуында өзіндік үлесі бар.
Бүгінде кәсіпкерлігімен қатар меценаттығымен танымал азамат жақындарының тірегі, ағайын ауызбірлігінің ұйытқысы болып жүр. Қазақ ұлтының ғасырлар көшіндегі сан қилы соқпақтан бүгінге аман-есен жетуі «жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған» қағиданы берік ұстануында екені анық. Әбекең ата-баба дәстүріндегі осы қағидаға мән беріп, басшылыққа алып келеді. Елдегі жағдайы төмен отбасыларына жәрдем көрсетуден аянып қалған да емес. Оны елге сыйлы, жұртқа қадірлі ететіні де осы қасиеті. Яғни кеңпейілдігі мен жомарттығы, мәрттігі мен азаматтығының арқасында зор беделге ие. Қарамағындағы еңбегіне адал азаматтарды бағалы сыйлық жасағанын да талай рет естідік.
ХХІ ғасырдың басында «Мерей» және «Жігер» акционерлік қоғамына біріккен автотранспорт кәсіпорнын мемлекет қарамағынан жекеге сатып алып, жолаушылар тасымалын жандандыра түсті. Алғашында 11 бағытта жолаушылар маршруты ескі автокөліктермен атқарылса, 2004 жылы «Вираж Лизинг» автосалонымен тікелей байланыс жасап, 16 автокөлік қатарға қосылды. 2007 жылы Германияның «Спринтер» автокөліктері сатып алынды. Бүгінде қалааралық және ауыл аралық, кент ішілік жолаушылар көлігінің сапалы қызмет етуін басшылыққа алып, тұрғындарға жайлылық қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ «Орда» мейрамханасы мен «Мақсат», «Сезім» кафесі тұрғындарға қызмет жасап тұр.
– Тәуелсіздіктің тамыры тереңде, қайнар бастауы бабалар аманатында жатыр. Ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-баба арманының орындалғанына куә болу біздің еншімізге бұйырды. Тәуелсіздікті баянды ету жолында еңбек сіңіру біздің міндетіміз, – дейді «Құрмет» орденінің иесі Әбдіхан Шайықов.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ