№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өздерін ерікті санамайтын Жаңақорғандық еріктілер

Өздерін ерікті санамайтын Жаңақорғандық еріктілер


2020 жыл – Еріктілер жылы. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрмені. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, экологиялық, медициналық, тағысын тағы. Еріктілік қызмет – өз еркіңмен баратын жүректің жұмысы. Ал жүректің жұмысы жанданса, қоғам өркениетке қадам басады. Отандық әлеуметтанушылардың мәліметінше, елдегі жастардың 82,6 проценті еріктілікпен айналыспаған. Әрбір бесінші жас волонтерлік туралы естімеген. Десе де, волонтерлік деген ұғымды қабылдай бермейтін біздің қазекең еріктіліктің нағыз үлгісін бағзы заманнан көрсетіп келеді. Мәселен, қол ұшын созу – кез келгенді құдайы қонақ деп қабылдайтын, асарлатып текемет басатын, үй тұрғызатын, оқыс оқиға орын алса, жылу жинау қазақтың қанына сіңген қасиет. Оған қоса, «қайырымдылық үнсіздікті ұнатады» дейтін ұстанымдағы оғландар көп. Ақысыз, ерікті түрде жасаған жақсылығын барынша жасыруға тырысады. Мұндай қамқорлықты волонтерлік деп есептемейді. Алайда заманның көшіне еріп, талғамына сай түрленіп, осындай еріктілік жұмыс волонтерлік деген атауға ие болды. Яғни қазақы пайымға салғанда әлгі жоғарыдағы статистикалық дерек жалған болып шығады. Себебі, волонтер болу – әрбір жомарт жүректі жанның қолынан келетін іс. Ендігі кезекте, соңғы сөйлемді дәйектей түссем деген ниетте өздерін ерікті санамайтын жаңақорғандық еріктілер жайлы айта кетсем.


Бауыржан Қожагелдиев жаңақорған­дық жеке кәсіпкер. Жасаған қайырым­дылығын жалпақ жұртқа жариялағанды ұнатпайды. Біздер тек «алманы алма көріп нәр алар» деген ниетте қатарынан екі жыл өзім куә болған еріктілік жұмысын жазсам. Жыл сайын жаз маусымында маған хабарласады. Ондағы мақсат – өзінің маусымдық кәсібінің басталғанын хабардар етеді. Кәсібіде қарапайым. Орталық алаңда кешқұрым көпшілікке кішкентай балалары ойнайтын пультті көлігін ақылы түрде жалға береді. Мұның қай жері еріктілік деп ойлап отқан шығарсыз. Айтайын. Бауыржан аға әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасы, асыраушысынан айрылған бала­лардың тізімін табуды маған жүктейді. Тауып қана қоймай, күнделікті кімнен кейін кім келетін кезектілік тізімін жасауды қоса тапсырады. Осылайша, кенттегі мешіттер мен әлеуметтік қызметкерлер арқылы аталмыш санаттағы балалардың тізімін жасақтап, екі ай бойы олардың электрлі машинасын қалаған уақыттарына дейін тегін айдап, ойнауына мүмкіндік жасайды.
«Жақсылық жұғысты келеді» демекші, биыл мұның қатарына «Жеңіс» саябағында балалар ойын сауық орталығының жетекшісі Данияр Әбен қосылды. Ол – балалар пультті көлікті айдап болғаннан кейін, өзінің батут, карусель, пойыз ойындарын тегін ойнауды ұйымдастырды. Осылайша, шағын еріктіліктің ауқымы кеңейіп, түрлене түсті. Оған балаларды мәз-мейрам. Ата-ана да дән риза. Ең бастысы – кәсіпкерлер бұл істеріне ақы алмайды. Шүкіршілік ләззатын алады. Біз көп айтатын Еуропада осылай. Мықты шаштаразшы айына екі-үш мәрте өзінің бір күнін еріктілікке арнайды. Тегін шаш қысқартады. Орайы келгенде, статистиканы сөйлетіп жіберсек. Фран­ция­да халықтың 19 проценті ерік­тілікпен тұрақты түрде айналысады. Ал Германияда 34 пайызы айына 15 сағатын ерікті болуға арнайды. Ирландияда 33, АҚШ-та 27, Ресей халқының 8 пайызы еріктілікпен айналысады. Бірақ мұндай волонтерлік қызметті сонау Еуропадан іздемесекте болады. Өйткені, жаңақорғандық апалы-сіңілі Қамар һәм Анар өздерінің сән салонында мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы тұралаған отбасы мүшелерінің шашын тегін алып қана қоймай, қосымша түрлі сый-сияпатын қоса беріп жібереді. Жақында ғана біз мұның куәсі болдық. Ешқандай желіде жарияланбады. Тақы­рыпқа қатысы болған соң, газетке жариялауды жөн көрдік.
Тағыда бір білетінім, Еркебұлан есімді жігіт бар Жаңақорғанда. Жыл сайын ораза, құрбан айт мерекесінде көлігімен елге тегін қызмет көрсетеді. Ерікті түрде тұрғындарды ақысыз тасымалдап, азаматтық ұстанымын іспен дәлелдейді. Негізі өзінің қызметі бар. Бірақ қарбалас жұмыстан уақыт тауып, түскі және кешкі асын кісі тасумен өткізеді. Оныда сырттай танығандықтан түртіп отырмын. Сосын биыл көктемде кәсіпкер, әлеуметтік желі белсендісі Серік Бақытұлы бастаған бір топ еріктілер тегін нан үлестіру эстафетасын ұйымдастырды. Еріктілер әуелі нан өзгеде азық-түлік қоятын биік сөре жасатты. Соңыра, кенттегі үш мешіттің ішіне апарып қойды. Осылай әрбір жұма да әлеуметтік желі арқылы жаңақорғандық жомарт кісілердің есім-сойы аталып, эстафета беріліп отырды. Қайырымдылықты қабыл алғандар өз қаржысына мешіттегі сөрелерді азық-түлік пен нанға толтырып кетіп отырды. Еріктілердің бұл жаңалығынан хабардар болған тұрмысы төмен отбасылар әрбір жұмада мешітке барып, ақысыз азық-түлік алып отырды.
Қараңызшы, саусақпен санарлық қана еріктілердің қызметін тарқаттық. Егер мұның саны бұдан да көп болса ше? Онда қоғам ізгілене түседі. Әрбір адам өз саласында ең кемі айына бір мәрте ерікті түрде ақысыз қызмет көрсетсе, немесе өзге де қоғамға пайдасы тиетін іспен айналысса қандай тамаша. Себебі, бұл жалған дүниеде байлыққа тойдым. Асарымды асадым. Жасарымды жасадым деген жан жоқ. Бай-бағланға да жетпей жүрген бір дүние. Ақыры ол жетпейтін болса, қу дүниенің артынан қашанғы қуа береміз. Оның орнына, бәлкім ерікті қызметпен айналысып, сауабын Алладан күтсек, еселеп берер.
Айтқандай, еріктіліктің ерен үлгісін һәм қазақылық қанға сіңген қасиеттің үлгісін биыл жаңақорғандықтар Арыс оқиғасында белсенді түрде көрсетті. «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы бастап, жұртшылық қостап, Арыс қаласына гуманитарлық көмекке қол ұшын созды. Әрбір қазақ жарылыстан қашқан арыстықтарға төрін ұсынып, қонақжайлық қасиетін паш етті. Жалпы ауданда заңды түрде Әділет басқармасына тіркеліп, қоғамдық қор ретінде құжатын алған «Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобының жұмысымен тұрғындар етене таныс. Риясыз елге қызмет етуді бастаған жаңақорғандық волонтерлардың болашағы баянды. Келешегі кемел деп білеміз. Сондықтан келесі жылы бұл топтың қызмет ауқымы одан әрі кеңейе түседі деген сенім мол. Оған қоса, мектепішілік еріктілер клубы да жұмысын жандандырса игі.
Қорыта айтқанда, ерікті болу үшін еріктілер ұйымын құрып, құжат жинаудың қажеті шамалы. Өйткені, берекесі тасыған біздің ауданда қолы қысқа демейтін, қолтығынан демейтін адамдар аз емес. Солардың арасында қиналғанға қол ұшын созып, айналасындағыларға үнемі қамқорлық танытып жүретін еріктілердің орны ерек. Айтпағымыз, ерікті болғыңыз келсе, еріктілер жылымен шектеліп қалмаңыз, өйткені еріктілік – жүректің жұмысы. Яғни жыл он екі ай бойы, жақсылық жолында жарысып, демеп, дем беруге дайын болыңыз.

Әбдісамат ӘБДІШ
13 қараша 2019 ж. 862 0