Дәреже емес, ереже жарысқан күн
Он төртінші рет Еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған турнир қазақ күресі, футбол, волейболдан үздіктерді анықтады. Спорт мерекесіне елдің түкпір-түкпірінен 500-ден аса спортшы келді. Жарыстың көркін түйе палуандар қыздыра түсті.
Спорттық шараның салтанатты ашылуына облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов арнайы қатысып:
– Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған турнир спортшылардың жігерін шыңдап, бабы мен бағын тексеретін спорт бәсекесіне айналды. Осындай ірі додаларда шыңдалған спортшылар құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жауапты жарыстарда елдің намысын лайықты қорғайды. Сондықтан жарысқа қатысушыларға тек сәттілік тілейміз, тұғырымыз қашанда жеңісті жолда жалғассын, – деді.
Жарыстың ашылу салтанатында өңір спортының ардагерлері мен ауданға сыйлы азаматтар және Сыр спортының дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтар көрінді. Келесі сөз кезегін алған еңбек ардагерінің ұлы Әлібек Нәлібаев:
– Бұл турнир аймақ спортының дамуында ықпалы зор. Балуандардың бабын тексеріп, командалардың бірлігі мен тактикалық дайындығын сынайтын спорт бәсекесіне айналды. Спортшыларға сәттілік тілеймін! Турнирде шыңдалған үздіктер халықаралық додаларда елдің намысын лайықты қорғай берсін! – деді.
1999-2001 жылы туылғандар арасында өткен қазақша күреске Алматы, Шымкент қаласы мен Жамбыл, Түркістан, Қостанай, Қызылорда облысынан 9 команда 100-ге жуық балуан жиналды. 8 салмақ дәрежесінде белдескен жастар арасынан Сыр балуандары бір алтын, төрт күміс және алты қоланы қанжығаға байлады. 100 келіде белдескен Айдын Жыланбасов жарыс жеңімпазы атанды. Пара дзюдодан әлем чемпионы атанған Олжас Оразалыұлы күміспен қуантты. Жалпы жарыста ұлттық құрама жігіттері атой салды. 60 келіде өнер көрсеткен Әмзебек Бекзат пен 90 келіде боз кілемге көтерілген түркістандық Мейірбек Байжігіт алтын тұғырдан көрінді.
– Жастардың дайындығы, әсіресе физикалық дайындығы өте жақсы. Бұлар тек қазақша күрес қана емес, самбо, дзюдодан ел намысын қорғап жүрген жігіттер, сондықтан келешекте осы балуандардан үлкен үміт күтеміз. Шыны керек, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды, – деді бас төреші Ғалым Ержанов.
Жарыстың қызығы жасыл алаңда өрбіді. Шымкент, Қызылорда қаласынан, Шиелі кентінен және ауданымыздан келген 17 команда жарыстың алғашқы күні ширек финалға дейін ойнады. Жарыс шымылдығын түгіскендік футболшылар мен турнирді жеті рет ұтқан «Сығанақ» командасы ашты. 2:0 есебімен «Сығанақ» қарсыластарынан басым түсті. «Жаңақорған тынысының» командасы Шиелі құрамасын 1:0 есебімен ұтты. Осылай әр топтың ойыны тартысты өрбіді. Төрт топтан сегіз команда ширек сынға жолдама алды. Ауданның футбол ұжымы өз тобында көш бастаса, «С» тобында Шымкент, Шиелі сынды мықты командаларды жарыс жолынан шығарған төл басылымның жігіттері топтан бірінші орынмен шықты. Облыстан келген полиция департаментінің жігіттері, ауданның жастар құрамасы, Бірлік ауылы, қалалық әкімдіктің футболшылары, Шиелі мен «Қайсар» командасы ширек сынға жолдама алды. Жартылай сынға берілер жолдамада көрші аудан футболшылары «Сығанаққа» есе жіберді. Бірліктен келген футболшылар облыс орталығынан келген тәртіп сақшыларына, қалалық әкімдік жігіттері ауданның жастарына жол берді. Ал «Жаңақорған тынысы» командасы қайсарлықтарды жарыстан шығарды. Алайда жартылай сында аудан құрамасынан ұтылғанымен үшінші орын үшін таласта жастарды жүлдесіз қалдырды. Бірінші орынды «Сығанақ», екінші орынды Қызылорда облысының Полиция департаментінің командасы алды.
– Жігіттер керемет ойын көрсетті, тек сәттілік сәл жетіспеді. Турнирге қатысқан командалардың осалы жоқ. Әсіресе біздің топта Шиелі, Шымкент, Жаңарық, Қожакент командасы болды. Бұлардың осалы жоқ. Бәрі сен тұр, мен атайын дейтін, кіл мықты. Қалай десек те, сәттілік жолдас болып, қола бұйырды. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз, – деді «Жаңақорған тынысының» шабуылшысы Бейбіт Данабеков.
Ойын соңында үздіктер анықталды. Олардың қатарында «Үздік ойыншы» номинациясымен облыстық полиция қызметкері Нұрахмет Ағыбаев, «Үздік шабуылшы» номинациясымен «Сығанақ» командасының шабуылшысы Нұрқанат Сапарғалиұлы, «Мерген ойыншы» номинациясымен «Жаңақорған тынысының» шабуылшысы Жасұлан Қамырбаев, «Үздік қорғаушы» номинациясымен «Сығанақ» командасының қорғаушысы Ғалымжан Әділханов, «Үздік қақпашы» номинациясымен «Жаңақорған тынысының» қақпашысы Әлібек Жарықбаев марапатталды.
Одан кейін волейболшылар жарыстың көркін қыздырды. Жылда жеңіс тұғырынан көрінетін ауданның мықтылары жарысты ерте аяқтады. Биылғы турнирде Жаңарық жігіттері жақсы өнер көрсетті. Олар қоланы қанжығасына байласа, күміс Қызылордадан келген «Бақсайыс» командасына бұйырды. Ал кубок облыстық Полиция департаментінің жігіттеріне бұйырды.
– Жарыс жылдағыдай жоғары дейгейде өтті. Командалардың осалы жоқ. Біз барымызды салдық, нәтижесінде алтын тұғыр біздікі. Келер жылы мүмкіндік болса тағы да келетін боламыз. Ең бастысы жастарға өнеге болатын осындай тұлғалардың дара жолы дәріптеліп, спорттық аламандар жиі-жиі ұйымдастырылып тұрса игі, – деді жарыстың «Үздік шабуылшысы» Абзал Жақапбаев.
Волейбол бойынша «Үздік ойыншы» номинациясы Жарылқасын Рамазанның еншісінде. «Үздік қорғаушыны» Сайын Нұрлан иемденсе, «Үздік либеро» Нұрбол Жүсіповке бұйырды. «Үздік үйлестіруші» Олжас Абайұлына берілді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барша жүлдегерлерді Еңбек ардагері М.Нәлібаевтың ұл-қыздары Әлібек, Пазылбек, Айсара, Сара және аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопбеков, аудандық маслихат хатшысы Ерғали Ілясов марапаттады.
Көпшілік асыға күткен түйе палуандарға да кезек келді. М.Нәлібаев турнирінің үш дүркін жеңімпазы Мұхит Тұрсынов бастаған жігіттер бозкілемге көтерілді. 34 балуан белдескен турнирді тамашалауға келгендер көп болды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облысынан келген балуандар барын салды. Әсіресе жастар жасындай жарқылдады. «Қазақстан барысы», М.Нәлібаев турнирінің 2017 жылғы чемпионы, былтырғы турнирдің күміс жүлде иегері Руслан Әбдіразақовтан көбі алтын күтті. Бірақ ол жарысты ерте аяқтады.
Былтыр қоланы қанағат тұтқан Нұрым Сәлімгереев биыл да сол тұғырға қайта қонды. Ақтық сынның нағыз айқасы Мақсат Есқабылов пен шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров арасында өрбіді. Алыптар айқасында Сырдың балуаны Мақсат дараланып, 1 млн теңгені иемденді. Күміс пен 500 мың теңге сыйақы Ерсұлтанның еншісінде кетті.
– Биыл кіл мықтылар іріктеліп келген екен. Жарыс өте тартысты өтті. Ақтық сынға дейін күш-жігерімді аямадым. Тек соңғы айналымның соңғы минуттарында есе жіберіп қойдым. Мақсаттың спорттық әлеуеті өте жоғары. Келер жылы алтынмен қайтатын боламын, – деді Ерсұлтан.
Міне екі күнге созылған дүбірлі дода биылғы жылды осылай тәмамдады. Екі күн қонақтарға ас беріліп, құран бағышталды. Ауыл мерейін тасытқан күн ауданның «Алтын күз мерекесімен тұспа-тұс келді.
– Дәстүрлі дода биыл да өз деңгейінде өтті. Бұл біздер үшін үлкен мәртебе. Сондықтан мектеп ұжымына, ауылдастарыма алғыс айтамын. Турнир жылда жалғасын таба берсін, бұл үлкен спортқа енді қадам басып келе жатқан жастардың жігерін шыңдайтыны анық, – деді №196 мектептің директоры Талғат Есқабылов.
Саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ондаған жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған турнир талай спортшының бабын шыңдап, бағын ашты. Үлкен спортқа қадам жасауында баспалдақ болды. Елге танылуына мүмкіндік берді. Спорт – заман тынысы, денсаулық кепілі, ел мерейі десек, дәстүрлі турнир жалғасын тауып, аудан спортының дамуына жол сала беретініне сенеміз.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ