» » Қызылордалық Назым Анарбекқызы әкесінің кәсібін қайта жандандыруда

Қызылордалық Назым Анарбекқызы әкесінің кәсібін қайта жандандыруда


Назым Анарбекқызы «Бизнес-кеңесші» жобасын оқып, әкесінің кәсібін қайта жандандыруды қолға алды.

Қызылордалық Анарбек Күнтуаров осыдан 7 жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолына төсеуге арналған брусчатка шығаруды қолға алады. Сол кезде кәсібі өрлеп, осы өнімді шығарудың қыр-сырын игеріп алады. Бірақ белгілі себептерге байланысты жұмысы тоқтап қалады. Бұл жолы көмекке қызы Назым келеді. Ол жұмыссыз болғандықтан «Бизнес-кеңесші» жобасын оқып, отбасылық бизнесті қайта жандандыруды қолға алады. Назымның жобасын Кәсіпкерлер палатасының мамандары әзірлеп береді. Одан әрі жобамен танысқан «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы оны жүзеге асыру үшін 10 млн.теңге жеңілдетілген несие береді.
«Қызым: «Осы кәсіпті қайта жандандырайық. Папа, басында ие болып тұрсаңыз, қалған ұйымдастырушылық жұмыстарды өзім атқарамын», - деген соң бұл ісімізді қайта қолға алдық. Үйімізде бұл кәсіпті жасау ыңғайсыз болды. Тарлық етті. Сонымен өнімділікті арттыру үшін өзге жерден бокс салдық, әрі өнімдерді тұтынушыға жеткізіп беру үшін жүк көлігін алып, жұмысымызды бастап жатырмыз», - дейді жас кәсіпкердің әкесі Анарбек Күнтуаров.
Күнтуаровтар отбасы қазір брусчатканың 6 түрін, көбіне сұранысқа ие түрлерін құйып жатыр екен. Одан өзге жаңа түрлерін де нарыққа әзірлеуде. 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жұмысшылар цементті әбден араластырып, қажетті түстерге бояйды. Содан соң түрлі пішіндердегі қалыптарға құйып, арнайы аппаратпен тығыздайды. Бұл жұмыстың барлығы тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Одан бөлек өндіріс орнында жұмысшылар газоблок құюмен де айналысады. Шағын өндірісте тапсырысқа орай, күніне 50 шаршы метр брусчатка немесе 250 дана газоблок шығарады. Бағасы да көңілге қонымды. Брусчатканың 1 шаршы метрі 1700 теңгеден басталады.
Айта кету керек, биылғы жылдың өзінде «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 1 млрд. 576 млн.400 мың теңгені құрайтын 397 жоба қаржыландырылды. Жеңілдетілген несие кәсіпкерлерге немесе кәсібін бастаймын деген жандарға 6-10 пайызбен берілуде.   
   
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
16 қазан 2019 ж. 525 0