Ержан Байтілес Ақорданың сапында
Бүгін Бекең (#БерікУәли) отандық ақпарат саласында өзіндік орны бар #ЕржанБайтілес ағамыз Ақорданың қатарына қосылғаны жайлы ақпаратпен сүйіншіледі.
Ерекеңді "Ана тілінен" танимын. Сосын Қызылорда облысы бойынша "Егемен Қазақстанның" тізгінін ұстады. Туған жеріне келіп өндіре жазды. Бірнеше кітабы баспа көрді. Ел газетіне Сыр бойының жетістігін жеткізе жазып, тарихи-мәдени бағыттағы жазбаларымен оқырманын тапты. Іздеп жүріп оқыдық. Жаңалықтың өзін жай жаза салмайды. Ізденіс пен еңбектен туындаған туындылары ерекше тартымды әрі оқылымды болады. Өзіндік жазу мәнері қалыптасқан, шыңдалған қаламгер. Біздің редакцияның тілшілері оның мақалаларын оқып ғана қоймай, өздеріне сіңіруге мән беретін. Қысқасы, қарымды қаламгер ғана емес, бағыт беруші ұстаз болды.
Ерекеңнің ең үлкен қоғамдық қызметі Қорқыт жерінде журналистер арасындағы футболды қалыптастырып, дамытты. Сөзі өтімді ағамыз қала, аудан басшыларына шағын футболдан турнирді ұйымдастыру жайын айтса, артынша тілшілер алаңда үздік команданы анықтап жататын. Ішкі бәсекелестік жоғары болғандықтан, республикада "Ақмешіт" командасы талай рет дара шықты. Осылайша өңір журналистерінің шығармашылық байланысын арттыруға үлес қосты.
Ер аға, қызмет баянды болсын!
Қызметте табыс, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!