» » Ақсақалын ардақтаған ұтады

Ақсақалын ардақтаған ұтады


Аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың ауылға, оның байырғы адамдарына, ардақты ақсақалына деген ілтипаты сырғыған уақытпен үндескен сан жұмыстан саңылау тапқанын «Аяна» мейрамханасында байқалды. Онда ауыл-ауылдан жиналған қарияларға дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.


Аудан басшысы құттықтау сөз алып, елдің бірлігіне, халықтың ынтымағына ұйытқы болып отырған ақсақалдарға алғыс білдірді.
– Әлем күнтізбесінде ойып орын алған 1 қазан – Халықаралық қарттар күні – аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және арда­герлерге қамқорлық көрсететін күн.
Ауданға әкім болып келгелі ақсақал­дармен байланыс орнатып, ақыл-кеңес­терін тыңдадым. Байқағаным, біз­дің қа­рия­лардың бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік пен ерік-жігер бар. Сіздер осындай қасиеттеріңізбен жас­тарға үлгі-өнеге болып табыласыздар. Біз сіздердің бай тәжірибелеріңізді жоғары бағалаймыз.
Сіздерді ауданда атқарылатын бас­тамаларға тілеулестік білдіріп, хал­қы­мыз­ға қасиет болып қонған береке-бір­­­лігімізді баянды етуге еңбек ете­­­тін­­­деріңізге сене­мін, – деді әкім.
Одан кейін аудандық ардагерлер кеңе­­сінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов сөз алып:
– Қазақ халқының асыл қасиетінің бірі – қартына қамқорлық таныту. Біз мемлекеттің шынайы қамқорлығын се­зі­ніп жүрміз. Біздің жауапкершілік – ел­дің ынтымағына қызмет етуіміз керек. Қоғамды масылдықтан арылтуда жол көрсете білуіміз тиіс... – деді.
Бүгінде зейнет жасындағы ардагерлер саны – 7210. 80 жастан асқан 500, 100 жастан асқан 3 қария өмір кешуде. Ұлы Отан соғысында от пен оқтын арасында болған екі ардагер бар. Соғыс отын көрген Найманбай Құрбанов жиынға арнайы келіпті. Қарт майдангер көпшілікке ба­тасын берді. Қонақтар арасында Ибадулла Байғожин, Шайдарбек қажы Әшімұлы және т.б елге сыйлы ақсақалдар болды.
Кездесу барысында аудандық арда­герлер кеңесінің құрметті төрағасы Зинабдин Шермағамбетов құттықтау сөз сөйледі. Өнерімен ерекшеленетін Жақсыгүл Бегманова, Әділбек Сүгірбаев, Бекен Төребаев, Ізатулла Нәрзілдаев әннен шашу шашты. Ақын Тынышкүл Асанова қарттар жайлы өлең оқыса, белгілі сазгер Нұрберген Тастаевтың бауыры Нұрбаулы Тастаев пен Салиқа Тастаева да сахна төрінен табылды. Сондай-ақ, М.Көкенов атындағы аудан­дық мәдениет үйінің өнерпаздары қарт­тарға арнап концерттік бағдарлама құрды.
Ерекше ілтипат пен ән-күймен өрілген кездесуде қариялардың көңілі шаттанып, рухтары асқақтады.

Нұрлат АЙТЖАН
01 қазан 2019 ж. 619 0