» » Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым Жомарт Тоқаевты құттықтады

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым Жомарт Тоқаевты құттықтады



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты әрі қарқынды ілгерілету жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыратынын атап өтті. Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді жүзеге асырылуы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімділік білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен телефон арқылы сөйлесті Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Тараптар екі ел халықтарының тату көршілік және достық негіздегі қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін нақты айтты. Сонымен қатар, президенттер алдағы кездесулердің кестесін қарастырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді. Тараптар алдағы кездесулердің кестесін талқылады. Мұнымен қоса, Түркия Республикасының Президенті Режеп Ердоған өзінің және түрік халқының атынан Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісіне орай құттықтау жеделхатын жолдады. Саяси тұрақтылық сабақтастығының маңызды көрсеткіші ретінде осы сайлаудың табысты аяқталғанына қуанышты екенін айтқан Түркия Президенті Қазақстанның алдағы дамуына сенім білдірді. «Қазақстанның тыныштық пен тұрақтылық жолындағы қадамдарын одан әрі жалғастыра түсетініне және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қоса беретініне күмәнім жоқ. Халықтарымыз арасындағы тарихи және ежелгі достыққа негізделген Түркия-Қазақстан қарым-қатынастары Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында жоғары деңгейге жетті. Осы орайда, елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды барлық салада одан әрі дамыту үшін жұмыс істеуге дайын екенімді атап өткім келеді», – делінген жеделхатта. Түркия Президенті Мемлекет басшысына денсаулық, бақыт тіледі. Осы категория бойынша: « Өзбекстандық саясаттанушы: Бірлесіп атқаратын жұмыстарымыз өте көп Халықаралық байқаушы: Сайлау әділ өтті »

10 маусым 2019 ж. 708 0