№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БАТЫРЛАР РУХЫ ӨШПЕЙДІ

БАТЫРЛАР РУХЫ ӨШПЕЙДІ

   Қай кезеңде болмасын қазақ даласының геосаяси жағдайы күрделі болғаны белгілі. Ұлы Дала Елінің ұлан-ғайыр жерін сақтап қалу жолында қазақ батырлары күш-жігерін салды. Сыр өңірі батырларының да елдік мүдде жолындағы еңбегі елеулі. Бұл жөнінде ғалымдар, жазушылар зерттеп, зерделеуде.

Осы ретте, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қорқыттану және өлке тарихы ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, тарихшы Бақытжан Ахметбектің «Сыр өңірі батырлары» атты еңбегінен мол ақпарат алуға болады. Тарихи еңбекте Қожамберді батыр Аманбайұлына да орын берілген. Біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында батырдың ғұмыр-дариясына тоқталуды жөн санадық.
Айта кететіні, мақаланы дайындау барысында белгілі қаламгер Айдархан Бибасарұлының еңбектеріне сүйендік.


  Қоңырат тайпасынан тарайтын ұрпақ­тар­дың бірі Тәңірбердінің (лақап есімі Көшенші) Сүйеліш, Мақы, Сопы, Досымқұл атты төрт баласы болыпты. Қожамберді сол төрт баланың ішіндегі Мақының немересі. Ал Тәңірберді Керей мен Жәнібек қазақ хандығын құрып, өз алдына мемлекет шаңырағын көтергенде ішінде болған тұлға және өзінің ұлдарын хан жасағына қосқан. Қариялар Мақының Қарақұдайберді, Қанымкүл есімді ұл-қызы болғанын ғана айтады.
Қарақұдайбердінің үш әйелінен Жаулыбай, Аманбай, Сүйінбай, Сүттібай, Байқошқар, Аққошқар ұрпақтары өсіп өнсе, Қанымкүл Қаракерей найманның Жанту деген мырзасына ұзатылған. Бірақ өзінен ұрпақ болмағаннан кейін ағасы Құдайбердіден Аманбай інісін сұрап алып, ержеткен соң үйлендірген. Содан туған Қожамбердіні Қанымкүл бауырына басып, еркелетіп өсірген. Еркін өскен баланың дене бітімі де ерекше болады. Жас жігіттің ірілігіне қызыққан Жантудың туған ағасы Жаңбыршы батыр өзі тәрбиелеп ат үстінде найзаласу мен қылыштасудың, шоқпар жұмсау мен қалқанмен қорғанудың әдіс-тәсілдеріне қапысыз үйретеді. Сондай-ақ, садақ тартып оның жебесін жүзіктен өткізуге машықтандырады. Ер қаруы – бес қаруды меңгерген жас жігіттің ауылына ұры-қары жолай алмаған. Тарбағатайды мекендеген ойраттар бірде Қожамберді ауылының бір үйір жылқысын барымталап алып кетеді. Артынан қуған Қожамберді бастаған төрт жігіт жеті барымташының бесеуін байлап әкеледі. Содан кейін қара керейлер, Қожамбердіні «ауылымыздың батыры» деп әспеттеп, құрметтеген.
Отыздан асқан Қожамберді Жетісу жерінен келіп, немере ағасы Жаманбаймен табысқан. Бұл Қытай, Ресей, Өзбек, Бұхар хандықтарының қазақтарға қысым көрсете бастаған шағы еді. Осындай қилы кезеңде бірігудің орнына Сүйеліш, Сопы, Досымқұл ұрпақтарының әрқайсысы әр жаққа тарта бастаған. Жаманбай мен Қожамберді олардың бірігуі үшін көп күш жұмсайды.
Әсіресе, Қожамберді: – Бітім бәтуаға келіп ел боласыңдар ма, жоқ жеңіліп, жер боласыңдар ма, көнбейтіндерің жекпе-жекке шығыңдар, – деп майдан алаңының шаңын шығарып, түнеріп тұрып алған. Бұған дейін өздері білмейтін қаһарлы батырдың айбынынан қаймықты ма, әлде ақылға келді ме қарсы беттегілер «Бесата Жаманбайды аз деп мына бір құйысқаны жоқ аттыны қосқан Құдайым-ай!» – деп бәтуа бірлікке келіпті. Ертеңіне: – Жерімізге Құйысқансыз батыр келіпті, ол Жаманбайдың немере інісі екен, – деген сөз бүкіл атырапқа жайылыпты.
Содан былай батырдың Қожамберді есімі былай қалып «Құйысқансыз» атанып кетеді. Бірігіп бәтуаға келгеннен кейін бүкіл Тәңірбердінің ұрпақтары Жаманбай батырды өздеріне ұран етіп алады. Содан XVI ғасырдың алғашқы жартысынан XVIII ғасырдың аяғына дейін Маңғытай, Саңғыл, Жетімдер мен алты ата Қоңыратқа Жаманбайдың ұран болып келгенін шежіре де, көнекөз қариялар да растайды.
Жетісу жерінен келген Қожамбердіге Жаманбай бастаған ағайындар үстіне үй тігіп, алдына мал салып беріп, ежелгі Көккесене жеріне қоныстандырады. Қожамбердінің батырлығын естіген Сығанақтағы Ақназар хан оның ер қаруы бес қаруды шебер меңгергенін, садақ жебесін жүзіктен өткізген мергендігіне риза болып өзіне жүзбасылыққа алады. Содан он бес жыл бойы, Ақназарханға қызмет етіп, Қазақ ордасының іргесін нығайтуға белсене қатысқан.
Жазушы Айдархан Бибасарұлы еңбегінде Бұқарамен болған соғыста Қожамберді батырдың ерлігін былай көрсетеді:
«Жекпе-жек, Жекпе-жек деген біреу ортаға шықты, ақ орамалын найзасының ұшына желбірете байлап. Орамал ке­лісімнің белгісі ғой, – деді хан, – айтары бар шығар, сөзін тыңдайық.
– Мықтыларың бар ма? – деді әлгі гүрілдей тіл қатып, – жеңілсе бүкіл қол берілетін болса ғана шықсын!
– Ал батырым! – деді хан Қожамбердіге.
– Құп тақсыр, – деген сардар қолына найзасы мен қалқан, шоқпарын алып өзінің сыралғы сәйгүлігіне мінді. Хан тағы да сайыпқырандарына қарап: – Дұшпанға сенуге болмайды, жебелеріңмен дайын тұрыңдар, – деді. Әлгіндегі айқаймен у-шу болып жатқандардың үні өшті. Екі жақтың батырлары да әрбір қимылды қалт жібермей алыстан аңдысады. Бір сәтте қарсыласы найзасын алды. Қожамберді қалқанын ұстады, екінші қолында найза. Анау атына қамшы ұрды. Бұл: – Шу жануар, – деді. Аттар бір-біріне екпіндей ұмтылды. Қас-қағым сәтте бірі жайрап жатуы керек. Екі жақтан да – ия, сәт – деушілердің үні естілді. Батырлар аттарын барынша жіберген, аянар түрлері жоқ. Найзадан от шықты, қалқан шақыр-шұқыр етті. Бұқарлық батыр «жауымды жайраттым» дегендей көңілі көтеріңкі еді. Ағып өтіп атының басын кері бұрғанда қарсыласының қасқайып қарсы тұрғанын көрді.
Қожамберді жастайынан үйреніп әб­ден жаттыққан аттың жанына аунап түсу әдісін қолданып, жауына қалқанын тосқан еді. Жынданып кете жазадаған ол енді шоқпарын ала ұмтылды. Қожам­бердіге керегі де сол болатын. Шоқпарын бұл да қолына алды. Екеуі қабаттасты да бұқарлық тағы қалқанды ұрды. Бұл кезде Қожамберді көз ілеспес жылдамдықпен тұлпарының алқымы ар­қылы жауының тізесінен ұрды. Нән шоқпардың соққысынан аударылып түскен ол жерде жайрап жатты. Ал Қожамбердінің тұлпары арқырай кісінеді. Берілмек болған қол сертінде тұрмай жаппай шабуылға шықты. Дайын тұрған сайыпқырандар жебелерін жаудырды. Лездің арасында қым-қуыт шайқас басталды да талай жауынгерлердің аттары соғыс алаңына ойнап шыға-шыға бастады.
Әбсәтте жазық дала өлікке толды. Қыр­ғын тапқан бұқарлықтар кейін ығысты. Төрт төмендей жауынгер қылыш, найза, жебеге ерік беріп жауын шаһар қақпасына дейін қуды. Тірі қалғандары қорғанға кіріп жан сақтады», делінген Қожамберді батыр кітабында.
Қожамберді батыр Түркістан, Сауран қала­ларын қоқандықтардың езгісінен құтқаруға бағытталған екі соғысқа қатысып, ерлігімен ерекшелене білді. Бұхара хандығының әскерімен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін Ақназар Қожамбердіге болат семсер мен алтын балдақты алмас қылышын сыйға тартқан. Сол қылыш ұрпақтан ұрпаққа ауысып 1929 жылғы байларды тәркілеуге дейін келген. Ұрда-жық белсенділердің қа­сиетті қылышты алмай қоймайтынын білген батырдың ұрпағы, Жауғашбайдың балалары Көккесененің күнбатыс бетіндегі төбе баурайындағы төбешіктің жиегіндегі түйе қораның ішін біржарым метрдей қазып, соған киізге орап көмген. 1950 жылдары ол жерлер тегістеліп күріш егіліп кеткен.
Ақназар хан Ташкенттің ханы Баба­сұлтанмен одақтасып Бұқараны түпкілікті бағындырмақ болады. Бірақ опасыздық жасаған Бабасұлтан Ақназарды қапыда өлтіреді. Одан кек алу үшін Шығай ханның ұлы Тәуекел бір түмен әскеріне Қожамбердінің жүздігін қосып алып соңынан қуады. Ашынған Тәуекелдің әскері Бабасұлтанның әскерін қуып жетіп, Арқадағы Жошы ханның мазарының түбінде талқандайды. Айқасқа шыққан Бабасұлтанның өзі Қожамбердінің жебесінен мерт болады. Кейін Тәуекел Бұхара шаһарына шабуыл кезінде ауыр жарақаттанады. Ақыры содан көз жұмады. Қожамберді бұл кезде алпыстан асып қалған еді.
Өзі «Ақназар, Шығай, Тәуекел хандарға бірдей қызмет еттім, енді бала-шағамның қасында болайын», – деп Көккесенеге келіп екі жылдан кейін көз жұмады. Өтініші бойынша денесі Хорасан атанған Әбдіжалил бабтың кесенесінің жанына қойылған. 2013 жылы ұрпақтары Қожамбердінің басына зәулім кесене тұрғызды. 2018 жылы 10 қарашада ұрпақтары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық жолы бойында ескерткіш орнатып, баба рухына тағзым етпек.
Сөз соныңда айтпағым, мемлекеттік мүдде жолында атқа қонып, отанын қорғаған батырлардың рухы өшпейді. Иә, батырлардың рухы ұрпағымен мың жасап, ғибратты ғұмыр жолы үлгі-өнеге ретінде сәуле шаша бермек...


Ерубай ҚАЛДЫБЕК,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
06 қараша 2018 ж. 3 157 0