№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ТАРИХТЫҢ ТАҢБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

ТАРИХТЫҢ ТАҢБАСЫ – ҰЛТТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Отан тарихы – өлке тарихынан бастау алады. Жас жеткіншектерді Отанды сүюге, елжандылыққа баулуда ұлттық тарихты зерделеудің мәні зор. Мемлекет басшысының адам бойындағы отаншылдық қасиет тарихқа деген қадір мен құрметтен бастау алатыны туралы «Патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету. Өз тарихыңды білмей, нағыз патриот бола алмайсың» деуі осы міндетті тереңдете түседі. Жаңақорған тарихы киелі Қаратау өңірінің сонау көне замандардан бастап Ұлы Далаға кең тараған көшпелілер өркениетінің ошағы болғандығын көрсетеді. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде ұлттың тарихи жадын жаңғырту өзіңді сақтаудың тетігі болып табылады. Бұл үшін өлкетануға байланысты деректерді жүйелеп, елдің игілігіне айналдыру міндеті өзекті болып отыр.Осы міндеттер тұрғысынан келгенде облысымыз бойынша  Қазақстанның киелі жерлер картасына Сығанақ қаласының орны. Қорасан Ата кесенесі. Төлегетай және Қылышты Ата кесенесі ендіріліп, ұлттық статус берілді. Осы тарихи орындарға жеке-жеке тоқталып өтейік.
Сығанақ – ұлы даланың ежелгі астанасы
Сығанақ – қыпшақ хандығының, Ақ Орданың, Әбілқайыр хандығының, кейін Қазақ хандығының астанасы болған. Екі мың жылдық тарихы бар Сығанақ (VІ-ХVІІІ ғғ) қаласының орны «Сунақата» елді мекенінен солтустік – батысқа қарай 2 шақырымдай жерде орналасқан 5 бұрышты төбе, аумағы 20 гектардай жерді алып жатыр. Кейінгі зерттеулерде қала аумағы 300 гектардан асатыны анықталып отыр.Сығанақ деген сөз су деген сөзден шыққан. Сулы қала деген ұғымды білдіреді екен. Орта ғасырдағы Сығанақтың саяси тіршілігі, мәдениеті биік болған. Халқы көп, сауда-саттық жоғары дамыды. Еділден, Каспий теңізінен, Қашқардан, Мәуереннахрдан сауда керуендері ағылған. «Сығанақ » атауы сонымен қатар ежелгі түркі тілінде «қамал», «қорған» деген мағынада қалыптасқан. Сығанақ 1219 жылы Монғол шапқыншылығына ұшырады. Жошы әскері қаланы басып алады. Ақ Орда мемлекеті құрылып, Қасым ханның тұсында Сығанақ қаласы қазақ хандығының астанасына айналды. Есім ханның тұсында хандықтың орталығы Сығанақтан Түркістанға көшірілді.ХХ ғасырдың 70-ші жылдары қалаға жан-жақты топографиялық зерттеу жүргізіліп, бұл қала ортағасырлық қалалар ішінде Отырар қаласынан кейінгі атақты екінші қала деген анықтама берілген. Қазірге дейін қала орнына тұрақты археологиялық ізденіс жұмыстарын Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университеті Археология институтының директоры Сәйден Жолдасбаев 2003 жылдан бастап күні бүгінге дейін үздіксіз жалғастырып келеді.
Хорасан-Ата кесенесі
Хорасан Ата кесенесі екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі Хусейн атаға арналып соғылған, екінші бөлігі Хусейн атаның әкесі Әбдіжалил бабқа (Хорасан Ата) арналып соғылған. Бөлмеде бұдан басқа жеті қабірдің мүрдесі жатыр.
Хорасан Ата кесенесіне 2006-2007 жылдары реставрациялау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмысты Өзбекстаннан келген шеберлер атқарды. Кесененің күнбатыс жағына Меккедегі Қағбаның кескіндемесін қалап, тұрғызған. Құрылысқа жергілікті саз балшық пайдаланылған.
Хорасан Ата мазарындағы Қағбаның көшірмесінің биіктігі 5 метр, қабырғаларының ұзындығы 6,5 метрді құрайды. Оның солтүстігіндегі құдықтан зиярат етушілер су алып ішіп, қасиет тұтады.
Төлегетай баба
Жаңақорған ауданы орталығынан 30 шақырымдай қашықтықта Сырдарияның сол жағалау бетіндегі Әбдіғаппар ауылынан он шақырымдай жерде Төлегетай баба кесенесі жатыр.
Төлегетай баба мен Қылышты ата кесенесі қатар орналасқан. Найман ата ұрпақтары 2008 жылы 25 қазанда «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында осы бабаларымызға жаңадан тарихи-сәулеттік кесене тұрғызып, ас берді.
Қылышты Атаның өкіл қызына үйленген Төлегетай – қалың найманның түп бабасы болып шығады.
Төлегетай баба – ХІІ ғасырдың басындағы Күшілік ханның ұрпағы «наймандарды жер-жерлерге бөлген кезде Төлегетай ежелгі Өзгент, Түркістан өңіріне жіберіледі. Төлегетай мен Қылышты Сыр өңірінде кез болып, бірін-бірі құрмет тұтып өтеді.
Қылышты ата кім?
Шежіре деректеріне қарағанда, ХІІІ ғасырда Мәдина қаласынан келген Саид Камалиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның қызына үйленеді. Ол кезде Ферғана мемлекеті батыс Қағанатының астанасы Өзгент шаһары болған. Саид Камалиддин Ілкі мағзұмның қызына үйленген соң Мекке-Мәдинаға қажылыққа барып, сол жақта дүние салады. Артында Ілкі Мағзұмның жүкті қалған қызы ұл туып, оның есімін Бурханиддин қояды. Жас Бурханиддин Ферғана сұлтаны Ілкі Мағзұмның тәрбиесінде болып, кейін нағашы атасының орнына таққа отырады.
Кейін өз еркімен тақтан түсіп, ислам дінін насихаттауды, дін жолында қызмет етуді алдына мақсат етіп қояды. Ол мұсылмандық парызын орындамағандарға өте қатал болады. Аңыз әңгімелерге қарағанда, оның екі жүзді қылышы болған екен. «Кімде-кім адалдықтан аттап, жаулық жасаса жазасын осы қылыштан табады» деп ескерткендіктен «Қылышты Ата» аталып кетеді.
Айқожа ишан кесенесі мен Ақтас мешіті – өңірлік маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштері тізімінде. Жаңақорған кентінен оңтсүтік батысқа қара 49 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі уақытта ескерткіш қайта жөнделген, күмбездің үстіне металдан соғылған жарты ай орнатылған. Кесененің ортасында ақ матамен жабылған тікбұрышты ескерткіш орналасқан «Ақтас» мешіті Айқожа ишан кесенесіне жақын жерде салынған. Бұл мешіт Айқожа ишан дүниеден өткен соң 25 жылдан кейін ескі мешіт орнын жаңартып, 1882-1884 жылдары Айқожа ишанның немересі Атамағзұмның басшылығымен жергілікті халықтың күшімен салынады. Мешіт құрылысына Бұқарадан арнайы ұста шақырылады. Мешіттің етегінде емдік қасиеті бар бұлақ ағып жатыр. Тарихи орын 1982 жылдан бастап Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізіліп, мемлекет қорғауына алынған.
Жаңақорған ауданы бойынша өңірлік маңызы бар қорғауға алынған айшықты мәдени ордалары қатарында Қарасопы кесенесі және Сығанақтың кесенесі бар.
Жалпы Қызылорда облысы бойынша Қазақстанның киелі жерлер картасына 12 ескерткіш ендірілсе, соның ең көбі Жаңақорған аймағында. Оның тізімін жоғарыда айттық. Қалған тарихи ескерткіштер: Жанкент, Жент, Шірік рабат қалалары, Қорқыт Ата, Оқшы Ата, кесенелері. Ал өңірлік маңызы бар 35 ескерткіш қорғау аймағына белгіленді. Осы белгіленген қасиетті орындарға экспедиция ұйымдастырылып, энциклопедиялық жинақ құрастырылып, интерактивтік картасы жасалатын болады.
Бұл аталған қасиетті орындардың барлығы келешек өңіріміздің көрнекті ландшафты ретінде туризмге сұранып-ақ тұр. Ендігі ретте белгіленген нысандардың сәулеті мен дәулеті одан әрі жетілдіріліп, қамқор алақандардың әлеуетімен айшықтала түсері анық. Туризмнің талбесігіне айналып, пайда әкелгені жақсы-ау, мыңдардың табаны таптаған топырақтан кие қашып, саудаға түсіп, тылсым кеңістікті күзеткен көркем жаратылыстан көз жазып қалмас па екенбіз деген қауіп те жоқ емес көкейде.
Баян ҮСЕЙІНОВА.
17 шілде 2018 ж. 1 896 0