» » Құпияға толы тұлға тарихы

Құпияға толы тұлға тарихы


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында киелі орындарды дәріптеу және туризмнің нысанына айналдырудың маңызы айтылды. Біздің аудан Қаратау бөктеріндегі таңбалы тастармен, орта ғасырлық шаһарлармен әйгілі. Сондай-ақ, әулие-әнбиелер мәңгілік тыныштық тапқан кесенелерімен ерекшеленеді. Сондай киелі орынның бірі – Төлегетай-Қылышты ата кешені.


Әрине, киелі орын және тарихи тұлғалар жайлы ақпарат құралдарында аз жарияланған жоқ. Біз Қылышты атаның көпшілік біле бермейтін қасиеттерін әңгімеге арқау етпекпіз.
Иә, Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өшкеніміз жаңарып, жоғалтқанымыз қайта оралып, ғасырлардан сыр шертер төл тарих қайта жаңғыруда. Оған қоса, салт-дәстүр дәріптеліп, мәдени мұра қатары молая түсуде. Бір сөзбен айтқанда, өткенді бағалау, бүгінді саралау арқылы «Мәңгілік Ел» болу жолында кемел келешекке көш түзедік. Міне, осы орайда Қазақ даласына Ислам дінінің насихатталуына айрықша үлес қосып, ел мен дін бірлігінің сақталуына ғұмырын арнаған ғұламаның бірегейі – Қылышты ата (Сайид Бұрханиддин). Тарих бедерінде Қылышты ата атымен танылған тарихи тұлға заманының рухани шамшырағы болған. Бізде өз кезегінде «Өз тарихыңды тану – елдігіңнің, өскеніңнің белгісі» деген аталы сөзді ұстанып, баба тарихына көз жүгірттік.
Сайид Бұрханиддин жөнінде жазылған бір көне кітап пен көне қолжазба бар. Оның біріншісі осыдан – 800 жыл бұрын жазылған Нажмеддин Умар Насафи-Самаркандидің «Кадия» (Әл-Канд фи тарихи Самарканд) кітабы. Ал, екіншісі, «Жамеул-мақамат» Хазірет Сайид Ахмад-Махдуми Аъзам Дахбедий жайлы тарихи жазба. Осы қос кітапта есімі аталған Қылышты ата өте әруақты адам болған десе-ді. Ел аузында жүрген аңыз-әфсанаға қарағанда, бұрын көлікті адам көліктен түсіп зиярат етпесе, оның өзі немесе аты майып болған. Қылышты атаның әкесі Камалиддин Меккеден келіп Ферғана шаһарының патшасы (Әбу Бәкір Сыдық ұрпағы) Ілгімағзымның қызына үйленеді. Үйленген соң көп кешікпей Камалдин Меккеге қайта кетеді. Қылышты ата шеше ішінде қалады. Анасынан туған соң атын Саид-Бурханиддин қояды. Бала ата қолында тәрбие алады. Өскенде аспаннан ақ боз ат пен қылыш түскен дейді.
Сөйтіп, мың бір бәлеге қарсы тұрып жеңген деген сөз бар. Бір әңгімеде, атасы Ілгімағзым өлгенде орнына патша болған. Сонда уәзірлері мен билерін алдына шақырып алып әңгіме еткенде қолындағы қылыш күннің сәулесіне шағылысып тұрған кезде қонған шыбын екі бөлініп түсе берген. Оның мәні кімде-кім адал болмаса, осы сияқты жаза алады деген. Міне, осыдан бастап Қылышты ата деп кеткен.
Сондай-ақ тағы бір мынадай аңыз әңгіме бар. Тарихи деректерде алтын тағын өз еркімен тастаған екі патша болған. Біріншісі Сұлтан Ыбырахым Адхам, екіншісі Ферғана патшасы болған Сұлтан Сайид Бурханиддин Қылыш еді. Кейін Сыр бойындағы «Узгент» шахарына келіп, ислам дінін елге уағыздап, бір Аллаһқа сыйынып, өмірінің соңына дейін әулиелік тарихат жолымен өтеді. Жергілікті қариялардың айтуы бойынша: «Елге жау шауып қиындық жағдай тап келсе, қасымнан жау келді» – деп, түсірлетіп шауып өтсеңдер, шығамын, – деген екен.
Атадан балаға осылай айтылып келе жатқан өсиетке иланбаған қылышты әулетінің бір күйеу баласын сынамақ ниетпен «жау келді, жау келді», – деп атойлай мазардың үстінен атпен шауып өтіпті. Сонда күн күркіреп, найзағай ойнап, қатты құйын мен көз аштырмайтындай жел тұрып, бес қаруын асынған сауыт-сайманымен, жал-құйрығы жерге тиген ақбоз атын кісінетіп жарықтық Қылышты атамыз «Жау қайда? Жау қайда?» – деп шығыпты.
Жаудың жоқ екенін, жалған оймен шақырғанына налыған бабамыз ашу­ланып былай деп бата беріпті: – «Үйде өлме, түзде өл, босағадан шықпай жаның шықпасын». Бұл батаның шындыққа жанасатынын ағайындар жоққа шығармайтын сияқты. Жаулары оны намазда ұйып тұрғанда шауып өлтірген екен.
Ұлттық идеяның түп төркіні – киелі мекендер мен өзге де қасиетті жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Осы тұста, «Төлегетай-Қылышты ата» кешенді ке­сенесі Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі қатарынан орын алуы ауданның рухани-мәдени өміріндегі айшықты оқиға.

Әбдісамат ӘБДІШ

15 қыркүйек 2021 ж. 1 105 0