№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сығанақ: Көне шаһардың шырағданын кім тұтатады?

Сығанақ: Көне шаһардың шырағданын кім тұтатады?

Құм көмбесіне көзі бітелгелі екі ғасырға жуықтап, жоқтаусыз жатқан тариха қала – Сығанақты толыққанды зерттеуге белді бекем буынып шыққан талапкерлер тобы жеңді түрініп ескі қорымның топырағына алғаш түрен салған 2003 жыл жергілікті халықтың есінде ерекше сақталуы заңды. Ғалым-профессор Сәйден Жолдасбаевтың жетекшілігімен баянды іске батыл із салған жас түлектің жігерін жаныған жәдігерлер қатарында ежелгі Сығанақ халқы тұтынған шырағданның орны зор еді. Ол өмір сәулесі ғой. Одан бері жиырма жыл өтті. Ендігі мақсат әзірге қолда тұрған отсыз-жылусыз тас шыраққа тамызық құйып, тірілте алсақ көне шамның киесіне жан бітіп мынау тек - тамырдан ажырап, азып бара жатқан бейопа ұрпақтың ұжданын үрлеп оятар деген үміт мол.
Х ғасырлардан бастап қана жазба деректерде Сығанақ қаласының дерегі кездесуіне орай жасы осы кезден есептеліп келгенімен оның негізі ІV-V ғасырдан таратылып, Сыр бойындағы отыз қаланың бірі ретінде терең зерттелуді қажет етеді. Орта Азияның ортақ қазаны ретінде онда ұлт та, ұлыс та көп болған. Бүгінде 130 ұлттың ортақ тұрағы мекеніміздің достық мүддені қастер тұтқан қадір-қасиеті сол кездерден арна тапқандай.
Бұл ара Сыр өзенінің Қаратауға бұрылып аққан жері, Ұлы Жібек жолының бойында болғандықтан саяси, мәдени маңызымен қатар шаруашылық өсіп-өркендеуі де өте кемел дамыған, көшпенді өмірмен қатар отырықшылық тұрмысына да қазық қалыптастыра білген мекен болғандығы жөнінде дерек мол.
Енді Сығанақ қаласының тарихы жөнінде аз-кем тоқталып өтсек, ол былай тарқатылады:
ІХ-Х ғасырда Сыр бойын мекен­деген оғыз тайпалары Сығанақ қала­­шығын да иелігіне алған. Ішкі алауыздық салдарынан бірте-бірте әлсіреген мемлекет қыпшақтардың шапқыншылығына төтеп бере алмай жеңіліс табады да енді бұл жерлер Қыпшақ иелігіне көшеді. Ортағасырлық деректерде «Сығанақ – Қыпшақ дала­сының гаваны» деген теңеулер айтылған.
Хорезмшах билеушісі бұл кезде әлі ислам дінін қабылдамаған, өз сенімдері бойынша бір Тәңірге табынатын қорған халқын «дінсіздерді бағындыру» деген желеумен қол астына алу үшін Сығанақ қаласымен бейбіт келісімге келіп, Сығанақ Шығыс Қыпшақ даласындағы гүлденген қалаға айналады.
1216 жылдары Шыңғысхан Бұқара мен Самарханды алып, Жошыны Сыға­нақ қаласына жөнелтеді. Жошы қалаға шабуыл жасамас бұрын Хасан қажы атты көпесін елшілікке жіберіп, соғыссыз берілуді талап етеді. Ол кезде осындай саясат болған, егер халық соғыссыз берілсе жаңа билікке мойынсұнып, салығын қазынасына құйып, қантөгіссіз қара басына сауға сұрауға мүмкіндігі бар. Сығанақтықтар жау жақтың бұл шартына көнгілері келмейді, елшінің басын алады. Қаланың бекінісін өліспей-беріспей жеті күн қорғайды. Бірақ күші басым Жошы әскері қаланы басып алып, күл-талқанын шығарады, халқын қырып-жояды.
Шыңғысханның жорығы қыпшақ даласында түркілік мәдениетті қайта қалпына келтіреді. Бұған дейін парсы жауынгерлері қол астында болған қала тіршілігі енді мүлде басқа арнада жалғасады.
ХІV ғасырдың ортасынан бастап Ақ Орда Алтын Ордадан бөлініп шығып, Ақ Орда мемлекеті құрылады. Астанасы Сығанақ қаласы болады.
Ақ Орданы Жошыханның ұрпақтары билей бастайды. Ерзен хан тұсында Сығанақта көптеген құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ерзеннен кейін оның ұлы Мүбарак хан тағына отырады. Осы тұста Сығаанақта теңге соғылады. Сығанақ жерінен үш ханның – Орыс хан, Мүбарак, Әмір Темірдің бейнелері соғылған теңгелер табылуы соның дәлелі. Орыс хан таққа отырған тұсында ол Алтын орда ханы Тоқтамыспен соғысады. Орыс хан өлген соң Әмір-Темір Сығанақты алып, Тоқтамысты хан етіп сайлайды.
ХVІ ғасырдың басына дейін Сыр бойындағы қалалар Шайбан әулетінің иелігінде болды. Сыр бойындағы қалаларды қайтару үшін Қазақ хандары қажырлы қайрат жұмсады.
Ең алғаш қазақ хандығының құрамына қосылған Қаратау етегіндегі Созақ және Сырдария жағасындағы Сауран қалалары болды. ХV ғасырдың аяғында Отырар, Яссы, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниға қарады да Сығанақ, Сауран, Созақ қаласы Қазақ хандығының иелігінде қалды.
Осы кездегі Сығанақ шаҺарының тұрғындары туралы Рузбихан: «Қала аймағындағы қыстақ, кенттер мен қала тұрғындары қазақ хандығына ылғи да жақсы ниетте болып қақпаларын ешбір қарсылықсыз ашып қарсы алды» дейді. Сонымен қатар қаланың діни-қоғамдық ғимараттарында ислам дініне байланысты сұрақ-жауаптар, түрлі жиындар болып тұратындығын, ондай кештерге өзінің де қатысатындығын жазған.
Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы үшін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман туады Оның билігі тұсында саяси-экономикалық маңызына қарап Сығанақ қаласы Қазақ хандығының астанасына айналды. Одан кейін Есім ханның тұсында ғана хандықтың орталығы Сығанақтан Түркістанға көшірілді.
Сығанақ қаласы Қазақ хандығының астанасы болған ХVІ-ХVІІІ ғасырда қатты дамып, өркендегені туралы орыс жиҺанкез зерттеушілері А.И.Кастанье, А.Каллаур жазбасында айтылады. Ал ХХ ғасырдың 70 жылдары қалаға топо­графиялық зерттеу жасаған Кемел Ақышев, Карл Байпақовтар Сығанақты өркениеттілігі жөнінен қазақ даласындағы Отырардан кейінгі екінші қала деп баға берді.
Қаланы Бұрындық хан билеген Қазақ хандығы тұсында Сығанақ қолөнер және сауда орталығына айналды. Көшпелінділер мұнда ағылып келіп, ет, жүн, бағалы терілерді саудалаған. Деректердің айтуынша, күніне 500 түйеге артылған тең саудаланып отырған. Жібек жолы бойында орналасқан қала жәрмеңкесінде құндыз, тиін терісінен жасалған тон, жібек маталар, қайыңнан жасалған садақ, жауынгер оқтарына дейін саудаға түскен.
Орыс зерттеушісі А.Якубович ХІV ғасырдың екінші жартыысында мешіттер салынғанын айтады.
Сығанақ тұрғындары сауатты, мол ілім-білімнен хабардар болған. Цементсіз бетонды қалай жасап шыққан? Сол заманда соғылған құрылыстардың көп бөлігінің бүгінге дейін бүлінбей аман жетуінің сыры неде?
Ең алғаш мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ескі қорғанда қазба жұмыстарын жүргізуді бастаған жас археологтардың зерттеуі бойынша ұзындығы 1100-1200 метр болатын дуал қабырғалары топырақтан аршылып алынды. Қамал қақпалары сұлбасынан бөлек тарам-тарамға бөлінген көшелер бұдан 200 жыл бұрын қаланы тастап кеткен халықтың ерсілі-қарсылы қызу өмірін көз алдыға әкеледі. Қарауылхана, кітапхана, мешіт михрабының орны қала мәдениетінен хабар береді. Наубайхана, асхана, үй-жай ошақтарының маңынан табылған ташнау, яғни қалдық суды ағызатын орынның табылуы қала халқының тазалық мәселесіне қатаң қарағандығының дәлелі болса керек.
309 гектар аумақты алып жатқан қалада 15 мұнара табылған.

Сығанақ – туризм нысанына айнала ма?

Жаңақорған ауданы аумағында 42 тарихи-мәдени нысандар болса соның бесеуі – Хорасан ата, Төлек ата, Ақтас, Қарасопы, Сығанақ республикалық маңыздағы қорғауға алынған мәдени нысан тізбесіне енді, Қазақстанның киелі жерлер географиялық нысандар санатында ЮНЕСКО тізіміне бекітілді.
2020 жылдан бастап жаңа археологиялық қазба жұмыстары басталды. ЮНЕСКО-ның Самархан қаласындағы филиалы саналатын потенциалы мықты топтың да бұл жұмыстарға араласуы іске үокен дем берді. Басты мұрат – ашық аспан астындағы мұражайды жасау негізінде республикалық қорық мұражайын қалыптастыруды көздейді. А.Яссауи атындағы қазақ-түрік халықаралық университетінің тәжірибелік оқу базасы ретінде үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқан жас ғалымдары Ұлы Даланың көне шаҺары құпияларымен бетпе-бет келуден еш жалыққан емес. Қазірде зерттеушілерді Сығанақ қаласынан шығып кетуге болатын жер асты құпия жолы бар деген болжам қызықтырып отыр. Кезінде А.Бернштамның айтқан «Орта Азияда бұдан асқан қауіпсіз жер табу қиын» деген сөзінің астарында да көп мән жатыр.
Қала халқының дәулетті тұрмысынан хабар беретін алтын көзелер, әйелдердің алтын әшекей бұйымдары, керамика ыдыс-аяқтар, төртқұлақты шырағдандар, теңгелер, астық сақтайтын нән Һумдар тіпті бүтін күйінде сақталып, бүгінде облыстық өлкетану мұражайы төрінде сақтаулы тұр.
Сығанақты одан әрі зерттеп, мем­лекеттік деңгейде қамқорлыққа алуда нақты бағдарламалар әлі де қажет. Өзінің саяси, мәдени, тарихи дәрежесі жағынан рухани астана саналатын Түркістаннан, ежелгі тарихи орындар Сайрам, Сауран, Отырар, Тараз сынды киелі мекендерден бірде-бір кем түспейтін шежірелі орынның шаруасын ширату үшін бүгінгі қарқынымыз әлі де жетімсіз сынды. Мәселен, ХІІІ-ХV ғасырда Қазақ хандығының астанасы болған Сарайшықты алайық. Қасымхан билеген қасиетті қала өркениетінің белгісі – әр үйге су кіріп тұрғандығы анықталған. Ұлы Жібек жолындағы қала ретінде сауда кереуендері ағылып жатқан. Сарайшықтың атауы кешегі Кеңес кезінде де өзгеріске ұшырамай сақталды. Қазірде кешенге республикалық мәртебе берілген. Елбасының тапсырмасы бойынша ортағасырлық қаланың келбетіне күрделі реставрациялық жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді.
2019 жылы Үлкен сапар орталығы соғылды. Кітапхана, қонақүй, музей үйі ашылып, ол қажетті мамандармен – ға­лым, музейші, археолог, тарихшылармен толықты. Нысан орнын Жайық өзені толқыны шайып кетпесі үшін су жағасы шегенделіп, Сарайшықтан ары Сарай Берке, Сарай Батуға жол түсті. Осының барлығы Сарайшықтың туризміне нақты жағдай қалыптастырып келе жатқаны анық. Осындай жұмыстар бізде де жүйелі жүргізілу үшін еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен мемлекеттік мекеме құрылып, оның жұмысын штаттық кестемен бекіту күн талабында тұрған мәселе. Сонда ғана Сығанақты туризм орталығына айналдыруға болады. Жер-жерден туристер келіп, қызыға тамашалайтын құнды жәдігерлеріміз көп болғанымен оның бір орталықта табылмауы тарихи қаланың тынысын кең ашып, көпке танылуына көп кедергісін келтііріп тұр.
«Арыстан бабқа түнеу керек, Түркістанға кеп тілеу керек» деген қағиданы жүрекке ұялатқан қалың қауым Сығанақты бір тіреу санарлық тұрақты зиярат орнына айналдырса атамекеніміздің бағының жанғаны емес пе?
Сырдың суы кеппей сыры кетпейді. Өйткені ол ұлы жаратушының туындысы. Оның сағасында сан ғасыр өсіп-өнген сана иелері осыны мойындайды. Бірақ пенделік болмыстың жетегіне жегіліп, жеңімпаз болғысы келгендер бір-бірін негізсіз қырып қырып-жоюмен қанды тарихты түзіпті. Тек табиғат-ана тамыр бүлкілін тоқтатпай, бүкіл сырын бауырына бүгіп, жарық өмірге талпынудан жалыққан емес. Ежелгі Сығанақ топырағындағы қым-қуыт құмырсқа илеуі осыны аңғартады

Баян ҮСЕЙІНОВА,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

18 тамыз 2021 ж. 765 0