» » 1999 жыл: кешенді тестілеу басталды

1999 жыл: кешенді тестілеу басталды

Тәуелсіздік жылнамасына зер салсақ, «Білімді ұрпақ – ел болашағы» деген ұранмен 1999 жылы жоғары оқу орнына мемлекеттік грант бөлуде жаңа тәсіл енгізілді. Ол – кешенді тестілеу арқылы жүзеге асты. Бұл білімді жастарға үміт сыйлап, болашақта маман болып қалыптасуына жол ашты.
Еліміздегі айтулы оқиға туралы «Жаңақорған тынысы» газетінің 1999 жылдың 29 маусымында шыққан «Кешенді тестілеуде көшіміз ілгері» атты мақалада жан-жақты жазылыпты. Талапкердің білім сапасын бағалауға арналған шараға 71 мыңнан аса талапкер қатысты. Тест сұрақтары 4 пәннен 30 сұрақтан берілді. Үш негізгі пән – қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика болса, төртінші пән мамандыққа байланысты таңдалды. Шекті балл 40 болса, 90 балл жинаған талапкердің грантқа түсуге мүмкіндігі мол болды. Тестке қатысушылардың 1399-ы жаңақорғандық жастар болса, 113-і мемлекеттік грантқа, 32-і несие негізінде жоғары білім алуға жолдама алды. Айта кетейік, осы көрсеткішпен облыстағы аудандар арасында бәсіміз биік болып, көш бастадық. Мұндай қуанышты хабарды жеткізу үшін облыстық білім департаменті Әли Мүсілімұлы ауданға арнайы келіп, үздіктерді марапаттады.
Білім саласындағы тарихи сәттерді еске алған сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы Зинабдин Шермағамбетов:
– Елдің дамуының негізгі күші ғылым мен білімде. Осы мақсатта елімізде білімге құштар жастардың тегін білім алуына әрі маман болып қалыптасуына алғаш рет 1999 жылы кешенді тест науқаны басталды. Сол сәтте ұстаздар мен шәкірттер қалай дайындық жасауды да білмеді, жаңа жүйеге үйренудің де өз кедергісі болды. Алайда, ауданның баяғыдан қалыптасқан білім сапасы кешенді тестілеу кезінде өз биігін көрсетті, – деді.
Білім саласының жаңа реформасының игілігін көрген жастар бүгінде өз таңдауының жемісін көруде. Соның бірі – Ж.Қыдыров атындағы №54 мектептің шәкірті Жазира Әбибуллаева үздік талапкер атанған шағын еске алды.
– Біздің кезімізде тестке дайындық жасау өте қиын болды. Дайын сұрақ-жауап кітапшалары болған жоқ. Әр сыныпта өткен тақырыптарды қайталап, конспект жасап, миға тоқумен өстік. Әкем мектеп директоры Орынбасар Әбибуллаев біздің дайындығымызды күнделікті тексеріп, түрлі сұрақтар қойып, жаттықтырды. Соның нәтижесінде жоғары балл жинап, мемлекеттік грантқа түстім. Бүгінде ағылшын тілі пәнінен ұстаз болып, шәкірт дайындап жүрміз, – деді.
Алғашқы кешенді тестілеудің ерекшелігі мемлекетік грантқа ілікпей қалған азаматтарға несие негізінде оқуға мүмкіндік жасалды. Бір сөзбен айтқанда, 4 жыл оқу ақысын мемлекет төлейді де, жұмысқа орналасқаннан кейін айлық табыстан өтеу міндеттелді. Кейін бұл жүйе өзгеріп, гранттар саны артты. Осындай оқу түріне түсіп, кейін мемлекеттік грантқа ие болған Мейрамхан Сейтқасымұлы өз ойымен бөлісті.
– Бастапқыда несиеге оқуды ата-анам құптамады. Нартәуекел деп, қатарымнан қалмай оқи бердім. Екінші курсқа өткен шақта мемлекет басшысы кридиттік оқуды жойып, барлығын мемлекет грантына теңестірді. Осы сәтте мойнымнан ауыр жүк түскендей қуанып, ел қатарлы стипендия алатыныма сене алмадым, – деді.
Бір қызығы, жастар стипендиясы 2800 теңге болды. Оның өзі бір айға толық жететінін қаражат еді. Шәкіртақысын үнемдеп, ауылдағы ата-анасына ақша салатын жастар да болды. Университеттің тарапынан үздік студенттерге таллон үлестіріп, асханада тегін ас берілді. Сол шақты еске алғандар «Нан 5 теңге, сүт шәй 3 теңге, тамақ 80-100 теңге еді» дейді. Бар жоғы 150 теңгеге бірінші және екінші ас ішетін заманда оқыған азаматтар не деген бақытты еді дейсіз еріксіз ойға шомылып...
Мақпал МАРҚАБАЙ
08 тамыз 2021 ж. 601 0