№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

№90 (8801) 12

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Өнер тарихындағы феномен

Өнер тарихындағы феномен


Адамзат тарихындағы өнер туындысының ең бағалысы көшпенділердің аңдық стилі. Иә, көне заман көшпенділері, әлемде теңдесі жоқ, алабөтен, тың жанр – аң стилін өмірге әкелді. Аң стилінің басты ерекшелігі – жан-жануарды әрекет үстінде, кейде апатия жағдайында, енді бірде мифтік тұрғыда бейнелеп, бедерлеуінде.


Аң стилі дегеніміз, көрінген жануарды бейнелей беру емес. Мұнда заңдылық бар, тәртіп бар. Ежелгі сақтар өздерінің ою-өрнегіне тек 14 хайуанның бейнесін бедерлепті. Олар: барыс, бұғы, аю, қасқыр, бүркіт, таутеке деп кете барады. Аң стиліне қарап отырсаңыз, сақтардың осыдан 3 мың жыл бұрын-ақ өнердің шырқау шыңына көтерілгенін көреміз. Қазіргі заманның суретшілері дәл солай жасай ала ма? Қиын-ау, қиын. Одан артық жасауы мүмкін, бірақ-дағы стилистикалық тұрғыдан алғанда қателіктер жіберіп қояды. Бұл – аң стиліне таңырқаған сәтте туған эмоциялық пікір емес. Тәжірибемен келген пайым. Сақтардың аңдық стилі туралы мақала жазу барысында, зергер Ғани Ибрайымовтың шеберханасына бардық. Ақан Сатаев әйгілі Томирис фильміне қажетті бұйымдарды әзірлеуді осы кейіпкерімізге тапсырады. Сақ патшайымдары киген алқа, білезіктердің суреттері жіберіліп, осы бейнеден ауытқымай, дәлме-дәл көшірмесін жасауы керек. Кез-келген металыңды су секілді қайнатып жіберетін технологиялары бар Ғаниға осыдан 3 мың жыл бұрынғы әшекейді жасау қол болып па?! Іске кірісіп кетеді. Бірақ, іске кіріскен сәтте-ақ қиындықтардың көшкіні астында қалған. Үлбіреген алтын алқадағы шүпірлеген бейнелерді бедерлеу өте-мөте қиын болыпты. Не керек, зергеріміз Тұмар ханшайымның қарапайым алтын алқасын сомдау үшін балқытып та көрген, дәнекерлеген де. «Көп қателіктен соң барып, ұқсаттым әйтеуір», – дейді Ғани Ибрайымов.
Зергер: «Қазір ХХІ ғасыр, небір технологиялар бар. Құйма пештеріміз, аргон ошақтарымыз бар. Бірақ, Томирис фильміндегі аңдық стильдегі бұйымдарды жасау қиын болды. Маған тапсырылған бірінші дүние – мойынға тағатын әшекей, оны орысша гривна дейді. Осындай зергерлік бұйымды жасау үшін, оны әуелі 3 бөлікке бөліп, кейін дәнекерлеп көрдік. Сәтсіз шықты. Кейінірек тағы бірнеше рет қайталадық. Алқаның пошымын жасау оңай болғанымен, ішіндегі аңдардың әртүрлі позасын шығара алмай, қиналдым. Соңында, әр детальды бөлек-бөлек құйып, кейін металмен желімдеп, алқаны аяқтадым. Соған таңғалам, сол заманда бұл жұмыстарды қалай жасаған деген ой туындады жұмыс барысында», – деді.
Ойлаңызшы, осыдан 4-5 мың жыл бұрынғы бұйымдарды қазіргі зергерлер жасай алмай отыр. Қолында небір алапат аппараттар болса-дағы, сақтардың бұйым-әшекейлерін дәлме-дәл қайталай алмай дал. Осыдан-ақ бабалардың металл өңдеу, зергерлік ісінде қаншалықты алысқа кеткенін көруге болады. Құмырсқаны тағалаған сақтар Осыдан 2800-2900 жыл бұрын, біздің бабалар осындай үздік өнерді жасаудың технологиясын білген. Кейбір ою-өрнектердің көлемі – тарыдай ғана. Тарыдан да ұсақ, қарамықтай, диаметрі 1 мм-ге әрең жететін бір домалақ алтын бұйымдар кездеседі. Соны асыл әйнекпен (лупа) қарасаңыз, саңырауқұлақтың қалпағындай, соның астында түймелік пайка жасаған. Анау көзге әрең-әрең ілінетін нәрсе. Әбдеш Төлеубаев, археолог: Тарыдай ғана бұйымға түймелік жасау үшін, асыләйнек керек. Әйтпесе, жәй көзбен мұндай нәзік, ұсақ дүниені дәнекерлей алмайсың.
Мысалға, мен Шіліктіден табылған «Алтын адамның» бұйымдарын арнайы зерттеу үшін, Эрмитаждан Рафаэл Сергеевич Миносян деген скиф алтындарының маманын шақырдым. Сол кісі таң қалып: «Әбдеш, мынау ұсақ заттардың микропайкасының сырына, құпиясына жете алмадым дейді. Өйткені алтынды еріту үшін, 1000 градустық температура керек. Ал енді, тарыдай ғана бұйымға өрнек түсіру, желімдеу үшін иненің ұшындай ғана паяльник керек. Ал иненің ұшындай паяльникте 1050 градусты жасау, білмеймін қазіргі технология да бар ма, жоқ па?!» деп басын шайқайды Рафаэл Миносян. Расымен қызық нәрсе ғой! Қазіргі микро-нано технологиялармен ғана жасай алар өнер туындыларын, сақтар ол көне заманда, қалай, қайтіп жасады екен?! Қазақта “құмырсқаны тағалады” дейтін теңеу бар еді ғой. Мынау сақтарға ерік берсең құмырсқаға да таға тағып бере алады. Онымен қоймай, сол тағасының астына сан түрлі ою-өрнек түсіре алар қауқарын көріп тұрмыз. Қазақстандағы бүкіл Алтын адамдарды қалпына келтірген, реставратор Қырым Алтынбеков, сол Сақтардың заманында асыләйнек, яғни лупа, компьютерге бергісіз құрылғылар болған шығар, – деп топшылайды. Өйткені ондай технология, ондай құрал болмаса, жасай алмайды. Жасау мүмкін емес, расымен...
Пикасодан мың жыл бұрынғы модерн стилі Сақтардың аң стилі – нағыз абстракциялық өнер. Пабло Пикассоны Еуропа өнердің алабөтен түрін, жанрын әкелді деп, әспеттейді. Ол адамды қырынан салып келе жатады да, көздерін тіке қарап тұрған кейіпте бейнелейді. Сол Пикассо біздің ата-бабаларымыздың заттарын көрсе, жылар еді. Сақтар, Пабло Пикассоның авангард, абстракция дейтін өнерін 3-5 мың жыл бұрын ойлап тауып қойды. Қазіргі авангардтық кескіндеме, абстракциялық мүсіндер, сонау Сақтар ойлап тапқан аң стиліне қарыздар! Себебі бүгінгі өнер атаулының тамыры Ұлы Даладан бастау алады. Өз заманында да сақтар күллі әлемге өздерінің өнерін, өрнегін үлгі ретінде, сән ретінде таратып, тарқатып отырған. Сол аң стилінен викингтердің оюлары енші алып шықты. Сол скандинавиялықтар арқылы көшпенділер өрнегі Еуропаға жетті. Париждің Нотр Дам шіркеуіндегі күллі бедер, мүсіндер айна-қатесіз Алтын адам үстіндегі бейнелерді қайталайды емес пе? Әсіресе қала үстінен қарап отыратын құбыжықтарына қараңызшы. Еуропалықтар мұны Грифон дейді. Төбесі құс, төмені ит боп біткен, үрейлі бір тіршілік. Мұндай хайуан қазақтың аңыздарында бар. Итқұс дейді. Жәй сәйкестік пе? Мен олай ойламаймын. Иә сақтар бұл стильді шебер меңгеріп, өнердің шырқау шыңына жеткеніне Алтын адам киімінің әрбір түймесі дәлел бола алады.
Бірнеше мысал келтірсек, мәлін бейнесіндегі қаптырма. Бұл өзінің композициясы жағынан өте күрделі әшекей. Бұл затта үш мағына бар. Әшекей алыстан қарағанда мәлін (мысық) тектес жыртқыштың бет бейнесін елестетеді. Ал енді әшекейге жақыннан үңіліп қарасаңыз, оның бір-біріне тұмсығын түйістіріп, беті мен мүйізі анық көрініп тұрған екі таутекенің бейнесінен құралғандығын байқауға болады. Таутекелердің көзіне, тұмсығына, аузы мен құлағына көк ақық тас (бирюза) орнатылған. Ал енді осы құйма алтыннан жасалған әшекей затты бір қырынан қарасаңыз тура қалықтап ұшып келе жатқан алып құсты елестетеді. Бұл әшекей сақ-скиф өнер бұйымдарында бұрын соңды кездеспеген. «Бұғылар» деп аталатын әшекейлер, құйма. Әшекейдің тінін екі бұғының мойыны, басы және мүйіздері құрайды. Екі бұғының мойыны бір-бірімен жымдасып кеткен, бастары екі жаққа қарап тұр, бірақ тағы да өзара жымдасып қосылып кеткен мүйіздері бір композиция құрап тұр, бейне бір мәуелі талдың бұтақтары сияқты. Бұғылардың аузы, мұрыны, құлағы көк ақық таспен безендірілген. Әшекейдің артқы жағында үш түймелігі бар. Бүркіт түріндегі әшекей-қаптырма. Қанатын жайып-қомдап, мойынын ішіне алған бүркітті елестетеді. Жыртқыш құстың денесінің төменгі жағы, аяғы, құйрығы, тырнақтары да нобайланып қана берілген. Зер сала қараған кісі құстың аяғын шағып жатқан жыланның басын, денесін көреді. Жыланның иірілген денесі бір жағынан құстың бауыр жақ бөлігін де құрап тұр. Қасқыр түріндегі әшекейлер. Бұл әшекейде жыртқыш хайуанаттың шақалақ баласы бейнеленген.
Көне заман зергері бұл бейнені жасап жатып нені ойлады екен?! Басы, тұмсығы жаңа ғана туған қасқырдың бөлтірігіне ұқсайды. Ал енді жалпы денесінің бітімі, табаны, құйрығы аюдың қонжығына ұқсайды. Жалпы сақ-скифтердің бейнелеу өнерінде қасқыр мен аюдың бейнесін бір-біріне ұқсатып жасау, кейде осы екі жыртқыштың қасиеттерін ұштастыру кездесетін жағдай. Сақтардың аң стилі – ол жәй ғана керемет өрнектер, әдемі композиция емес. Бұл бұйымдарға, басқа да оймен қарайтын болсақ, сақтардың коды ма, жазуы ма деген ойға қалуға болады. Мүмкін, ол өз тілімен жазып кеткен, келешек ұрпақ, біздерге қалдырып кеткен жазуы да болуы мүмкін. Әлбетте, мүмкін. Қытай иероглифі аң стилінен бастау алады Жазу дегеннен шығады. Қытайдың қазір қолданып жүрген иеороглифтік жазуы осыдан 4-5 мың жыл бұрын, Яньшоу яғни бізше қола дәуірінен бастау алады деседі. Қытайдың осы таңба жазуының түбін қазбалай бастасаң, Ұлы Даладағы таңбалы тастарға барып тірелесің. Қысқасы, Сақтардың аң стиліндегі өрнектері – қазіргі қытай жазуының іргесін қалады, – дейді қытайтанушы ғалым...
Нұрсейіт Түркістани, қытайтанушы: «Хуанхэ өзенінің төменгі сағасынан табылған, сонау қола дәуірі заманынан қалған қытайлық жазу-иероглифтерден аңдық стильді анық көруге болады. Жылқы болсын, аңдар болсын, Ұлы Дала жеріндегі бейнелерге ұқсайды. Дала төсінде қола мен қалайы әлемге тарады десек, сол металмен мәдениет те тарауы мүмкін. Аң стилі орнамент боп қалды, ал қытайда бүкіл қытай халқы қолданып жүрген иероглифінің негізін қалады десек болады».

Ғалымның сөзінше, аңдық стиль – көшпенділерде ою-өрнек ретінде қалып қойды. Ал, бұл өрнек қытайларға жеткенде, оны жазуға айналдырды дейді. Дегенмен, осы оюмен бабаларымыз кезінде өзара сөйлескен. Ою-өрнекпен хат жазысқан бабаларымыз – Қазақ халқы кілең «ою-өрнек ортасында өмір сүрген» әлемдегі бірден-бір ұлт. Расымен, төрткүл дүниеде қазақ секілді, қарапайым кесе-пиаласынан бастап, қылышына дейін ою түсірген жұрт жоқ. Қазақтың оюлары – сәндік-эстетикалық өрнектер ғана емес. Ою – ол жазу. Құпияға толы код десек болады. Тек, интеллекті өте жоғары адам ғана, мұны оқи алады, шеше алады. Мысалға, жас келіншек тұрмыс құрғаннан кейінгі ахуалын ою-өрнекпен бейнелеп жіберген. «Құсмұрын» сәлемдемесі жіберілсе, құстай еріктімін дегені. Ал орамалдың өн бойы қошқар мүйізбен шимайланса, жағдайының мүшкілдігін білдірген. Оюмен жағдайын білдіру қазақ тарихында нақты болған. Мысалға, Тәуекел хан Сібір ханының ағасына ұзатылған қарындасының жағдайы өте нашар екендігін, осындай ою сәлемдемеден біліпті. Кейде, қазақтың қолбасшылары – жаудың саны, жоспарын ою-өрнекпен бедерлеп, ханға жолдайтын болған. Хат қолға түсіп қалғанның өзінде, дұшпан онда не жазылғанын түсіне алмайтын болған. Білесіз бе? Қазақ ұлты оюмен өте үлкен дастан жазып шыққан. «Ою хан мен Жою хан» деп аталады, әлгі жыр. «Ою хан мен Жою хан» немесе оюмен жазылған роман. Оюмен жазылған роман, ертеде әділ патшаның болғандығын баяндап, жұрты ою тілінде де сөйлесе алатын еді деп басталады. Сол себептен бұл ел басқарушы Ою хан аталып кетеді. Жылдардың бір жылында бөтен елдің ханы соғыс ашып, Ою ханды орнынан алып, билікті өзі жүргізеді. Ол – ежелгі өнердің бәрін жоймақ болады. Ою орнына жазу енгізбек болады. Өрнек салғанның бәрін қыра беріпті. Сондықтан да оны халық Жою хан деп атапты. Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығады. Жолындағы аң атаулыны түгел қырып, еті мен терісіне қарқ болмақ ниетпен ойына алғанын істеп келе жатқанда бір үкі мұның бетіне шапшиды. Бала жанталасып ажыратып үлгергенше үкі оның екі көзін ойып жібереді. Еш нәрсе көре алмай тентіреп келе жатып, бір жардың басынан құлап, көлге батып кетеді. Бұл кезде Жою хан іздеу салып жатыр еді.

– «Кімде кім баламның өлімін естіртер болса, соның басын аламын» – деп жарлық берген соң ешкімнің батылы бармайды. Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге өзінің баратынын хабарлайды. Жою хан оны зынданнан шығарып жолға салады. Ою хан дәрі-дәрмегін, құрал-сайманын алып орманды аралап келе жатып, бір тастың астынан: – Жойылсын, Жою хан! – деп қиналған дауысты естиді. Тасты көтеріп қалса, жамбасына оқ тиген сұртышқанды көреді. Ою хан дереу аяғын таңып, дәрі құйып жөніне жібереді. Осылай жолында кезіккен жаралы аң-құстың бәрін емдейді. Ең ақыры қанаты сынған үкіні дәрілеп: – Жою ханның баласын көрдің бе? – деп сұрайды. – Қаныпезер хан баласы жолында кезіккен сұртышқанды, арқарды, бұғыны, қодасты, жолбарысты жаралап, балықты құрғаққа тастап, бәрін қайта айналып келіп, сойып алмақ болғанда мен оның екі көзін шығардым. Хан баласы қазір көл түбінде өліп жатыр, – дейді үкі. Болған жайды ауызбен айта алмайтындығына көзі жеткен Ою хан, бұл оқиғаларды сырмақ бетіне түсіріп, Жою ханға алып жүреді. Сырмақтың оюы көз жауын алатын көрікті, бояулары адам жанын баурап алатын сиқырлы болады. Жою хан сырмақтың оюына қарап ойланып ұзақ отырып, ондағы оқиғаны дауыстап, былайша тарқата бастайды:
– «Балам биік-биік тауларды»... асып, терең-терең сулардан өтіп, қалың жыныс орманды аралап талмай жүрген екен, Жүрген жолында ол: – Тоқта, мына ою не деп тұр? Балаң екіге бөлінді – жаны рухқа, тәні топыраққа айланды деп тұр ма?... кенет Жою хан орнынан атып тұрып. – О, жалған! Менің жалғыз ұлымның шынымен өлгені ме? Өлтірем! – деп қылышын суырып Ою ханға төнеді. Алайда, баланың өлгенін Ою хан өзі емес, Жою хан айтқанын еске түсіреді. «Ханның екі айтқаны өлгені», алынса сенің басың алынуы керек деп төне түседі. Сөйтіп Жою ханның өз жарлығы өзінің басын алуға себепкер болыпты. Сол оюмен жазылған дастан міне, мынадай сырмақ екен: Яссауи кесенесіндегі свастика... Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өн бойы геометриялық оюларға толы. Иә, свастикаға ұқсайды. Бірақ, аңдап қарасаңыз, бағыты керісінше. Бұрын көшпелілердің байрағында дөңгеленген дүниені шыр айналған, бір-бірін қуған төрт тұлпар бейнеленеді екен. Өмір өтпелі дегенді меңзегені. Мынау орнамент те осы көне символды қайталайды. Яссауидің өмір бойғы ұстанымы да осы емес пе?! Бұл өмірдің жалған екенін насихат еткен, байлыққа емес, руханиятқа зер салуға шақырған еді ғой. Сонау сақтардың кезіндегі ою-өрнектің мұсылман пірадарының моласына қашалуы – Рухани жаңғырудың нақ көрінісі емес пе?! Аң стилі қайда кетті? Бүгін, өкінішке қарай, Сақтардан қалған бай мұраны қазаққа бұйыртқысы келмейтін топтар, ғалымдар бар. “Қазақтар автохонды халық емес, олар сырттан келген. Мұндағы бай мәдениетті жасағандар жойылып кеткен” дегенді айтқысы келеді. Жоқ, біз сол өнердің мұрагеріміз. Антрополог ғалым Оразақ Смағұловтың тілінде айтқанда, біз Ұлы Даланың байырғы тұрғындарының генетикалық тегі сақталған заңды мұрагеріміз.
Аң стилі ешқандай да жоғалып кеткен жоқ. 4-ші ғасырдан бастап, көшпенділер аңды бейнелеуді қойды. Діни себеп пе, бәлкім өнердің келесі бір сатысы ма, білмедік. Бір білетініміз, 4-ші ғасырдан бастап, бабаларымыз реалды кейіпте бейнелеуді тастап, символын көрсетіп қана бедерлеуге көшті. Арқардың өзін емес, мүйізін салатын болды. Қазіргі қазақ көрпесіндегі алуан өрнектер, сол сақтардың аңдық стилінің жалғасы. Бұрын скифтер өсімдіктерді бейнелесе, қазіргі қазақтың келіншектері – сол өсімдіктің негізгі-негізгі деген сипаттарын, белгісін ғана өрнектейтін болды. Ғалымдар зерттеп-зерделей келе, сақтар мен қазақтың ою-өрнегі 60 пайыздай бірдей деген қорытындыға келді. Мұндай сәйкестік, бірде-бір ұлтта жоқ! Мұны өнертанушылар әбден мойындап болды.
Қорытындылай келе, ұлан ғайыр Ұлы Дала көшпелілерінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі мен қалдырған мұрасы ұшан теңіз. Адамзаттың қазіргі өнері – осыдан 40 ғасыр бұрын ғұмыр сүрген Сақтарға қарыздар.

Нұрбек БЕКБАУ


22 шілде 2020 ж. 1 150 0