«Қазақстан барысы»: 8 - Маусым 36 балуанның боз кілемшедегі белді кездесуі
8 маусымда еліміздің 36 балуаны «Қазақстан барысы» атағын өзара сарапқа салады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазақша күрестен 9-мәрте өткізілетін ұлттық спорт додасына еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және 14 облыстан 2 балуаннан қатысады. Бұл туралы бүгін еліміздің Қазақ күресі федерациясының басшысы Арман Шораев хабарлады. Жалпы жүлде қоры – 41 млн 500 мың теңге. Жауырыны жерге тимей топ жарған балуанға 25 млн теңге сыйақы бар. Сондай-ақ жеңімпазға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» табысталады. Екінші және үшінші орыннан көрінген мықтылар күміс пен қола белбеу тағады. Сонымен қатар әр белдесудегі жеңіске 100 мың теңгеден беріледі. Жыл сайынғы дәстүрге сай көрермендер арасында темір тұлпар ұтысқа қойылады. Біріншілік «Барыс Арена» мұз сарайында өтеді. Арман Шораев, ҚР Qazaq kuresi федерациясының президенті: - Келесі жылдан бастап әр облыстан 2 адамнан емес, 1 адамнан таңдап, қалған балуандарды біз балл жинаған рейтинг арқылы өткізетін болдық, өйткені сонда әділдік болады деп ойлаймын. Кейбір облыстарда бізде қазақ күресі дамыған.