Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЖАС ВОЛЕЙБОЛШЫНЫҢ ЖЕҢІСІ

ЖАС ВОЛЕЙБОЛШЫНЫҢ ЖЕҢІСІ


Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында волейболдан 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында Сыр спортшылары тұғырдың ең биігінен көрінді. Қызылорда облысының құрамасы мұндай нәтиже көрсетуде жаңақорғандық Камалдин Исмаилдің де еңбегі бар. Алғашқы ірі жарысында алтыннан алқа тағынған жас спортшының талабы таудай, мақсаты айқын. Сондықтан, болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты ұлмен тілдесіп, бұл спортқа қалай келгенін білдік...

Шыны керек, Жаңақорғанда во­лейбол спорты соңғы жылдары даму жолына түсіп, облыста үздіктер қатарынан көрініп жүр. Десек те, бұл спорт түрі аталғанда Байкенже ауылы еріксіз еске түсетіні белгілі.
Расында, бұл ауылда осы спорттың мектебі қалыптасқан. Аудан құрамасының негізін құрайтын байкенжелік волейболшылар екенін білеміз. Дегенмен, қазір кент орталығындағы мектептерде де волейбол спортына қатты көңіл бөлуде, нәтижесінде дамудың жолына түсті. Мектепішілік және ауданаралық жарыстар, облыстық спартакиадаларда білім ордалары биіктерден көріне бастады. Сондай жарыстың бірінде №110 мектеп-лицейінің оқушысы Камалдин де бапкерлер көзіне түсіп, облыс құрамасына шақырту алады.
– Аудандағы жасөспірімдер волейболының болашағы зор. Қазір оқушылардың дайындығы өте жақсы. Алға қойған жоспар көп. Ал, Камалдиннің жалпы беталысы жаман емес. Дегенмен, әлі де дайындығын пысықтай түсуі керек, – деді бапкері Ғалымжан Бауыржанұлы.
Иә, қолы қалт ете қалса спортзалдан табылатын Камалдин шаңырақта бауырлары мен анасына қолғабыс. Ол болашақта Қазақстанның ұлтық құрамасы сапында.
Сегіз оқитын жасөспірімді әңгімеге тартқанда:
– Бала кезден спортшы болуды армандайтынмын. Әсіресе, волейболшы болуды қатты қаладым. Былтыр алдыма мақсат қойып, оны жүзеге асыру үшін Ғалымжан ағайдың қол астына жаттығуға бел байладым. Небәрі үш ай ішінде алғашқы жарыста-ақ облыстық біріншілікте көзге түскенім рас. Мені баптаған ағайыма, қолдау көрсеткен жақындарыма алғыс айтамын, – деді жас спортшы.
Спортты жанына серік еткен жастың сабақ үлгерімі де жаман емес. Әйтсе де, көп уақытын спортқа арнайтын ол туралы мектеп директоры Әділмырза Тәждинов:
– Біз оның осындай биікке көтерілетініне сендік. Оның бар арманы спорт болатын. Мектепте Камалдин секілді спортты жан-тәнімен жақсы көретін оқушылар жетеді. Сондықтан, осындай дарынды балалардың болашағы үшін біз де барынша көмек қолын созуға дайынбыз, – деді.
Қазақта «болар баланың белін бу» деген тәмсіл бар. Сондықтан, Камалдин секілді ертеңінен зор үміт күттіретін жастарға тілекші болып, оның әрбір жетістігіне шын қуана білейік. Сонда ғана жастардың бойында сенімділік, жігер пайда болып, патриоттық санасы серпілері анық.
Қорыта айтқанда, біз бүгін жас волейболшының аз уақытта жеткен биігіне тоқталдық.

Ерлан РАЙЫМБЕК.
22 қаңтар 2019 ж. 1 022 0