» » Бірліктен шыққан бапкерлер

Бірліктен шыққан бапкерлер


Ақүйік ауылы туралы айтқанда «балуандар мекені» деген тіркес ойға орала береді. Оның себебі де түсінікті. Елді мекенде 33 жылдың ішінде еркін күрестен қаншама даңқты балуандар шықты. Олар өз уақытында ұлттық құрама сапында құрлықтық және әлем чемпионатында елдің намысын абыроймен қорғады. Сол жас балуандар бүгінде елдің туын тік ұстап, әлемді бағындырған шәкірттерді тәрбиелеп жүр. Бірі туған мекенде, енді бірі өзге өңірлерде қазақ күресіне маңдай терін төгіп келеді. Бүгін біз осы туралы сыр тарқатсақ.

Қаратауды сая еткен Бірлік ауылының ынтымағы жарасқан, тірлігі түзу. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, жігіттері жігерлі, рухты келеді. Оның бір дәлелі, еркін күрестен 10 «спорт шебері», екі «халықаралық дәрежедегі спорт шебері» шықты. ХХ ғасырдың 70-жылдарының ортасында ондағы еркін күрес мектебінің іргетасын Орынтай Жошиев қалады. Әңгіме басын осыдан бастайық. Оны жастар танымауы мүмкін, бірақ аға буын ардақтайды. Бірліктік жастарға жол көрсетіп, еркін күрестің әліппесін үйретіп, қанатының астына алды. Бапкерде шыныққан жігерлі жастардың бірі – Серік Әбдрахманов болды.
– Серік менің алғашқы шәкірт­терімнің бірі. Мен ол туралы есте­ліктерді газет бетіне талай жариялаған едім. Ол спортты ерте аяқтағанымен, бапкерлік қыз­метте қабілет-қарымын көрсетті. Талай шәкірттің ащы терін алып, техникалық, тактикалық шеберлігін арттырып, республикалық турнир­лерде дара шығуына септігін тигізді. Оның адамгершілігі мол еді. Бір сөзді азамат-тұғын. «Ореке, Сіз болмасаңыз мен мәңгі шелекпен лай тасып өтер ме едім» – деп қолымды қысатыны әлі есімде, – деді Орынтай ағай.
Бапкерімен бірге Серік ағай да жаттықтырушылық қызметті қатар алып ауылдың ғана емес, Сыр елінің намысын қорғайтын балуандарды дайындады. Алғашқы қарлығаштары Жанболат Бердиев пен Қайрат Оралбеков болатын. Марқұм Қайрат ағай 1992 жылы әскерден келгеннен кейін бапкерлік қызметке арала­сып, бірнеше шәкірт тәрбиеледі. Төл шәкірті Жасұлан Мұхтарбек­ұлы Олимпиадаға қатысқан тұң­ғыш жаңақорғандық спортшы. Серік ағайдың шәкірттері арасында Телман Нұрсұлтанов, Алмас Әлайдаров, Орал Тілеуқабылов, Бауыржан Әріпжа­нов, Қанат Мәмбетов, Қалдыбек Өтегенов, Медет Құдайбергенов, Ербол Құрықбаев және т.б ел біріншілігінде жүлделі оралып жүрді. Бүгінде бұл балуандар әр саланың тізгінін ұстаған мамандар. Бірі ішкі істер саласында, екіншісі ұстаздық бағытта қызмет етуде.
Осы балуандар бапкерлік қыз­метте қалып, қазір әр облыста чемпиондар дайындауда. Мәселен, Роллан мен Еркебұлан Кешубаев қа­зір Алматы қаласындағы «Шаңы­рақ» республикалық спорт дарынды балалар мектеп-интернатында ер­кін күрестен аға жаттықтырушы. Алматыдағы республикалық спорт колледжінде аға бапкер қызметіндегі Пернебек Беласаров жақында Азия чемпионатының қола жүлдегерін шығарды. Түркістандағы балалар мен жасөспірімдер мектебінің аға жаттықтырушысы Бақытжан Бер­диев­тің де шәкірттерінің деңгейі жоғары. Бөгенбай Реметов бүгінде халықаралық дәрежедегі төреші қызметінде.
Ел тәуелсіздігін алған жылдары Серік бапкерден еркін күрестің әліппесін енді үйреніп жүрген Жасұлан Мұхтарбекұлы, Аслан Оралбеков, Нұрбек Исаев, Еркеб­ұлан Кешубаев, Қанат Құдайберге­нов, Думан Бердалиев, Ғалымжан Әділханов сынды жас балуандарды Қайрат Оралбеков пен Жанболат Бердиев қанатының астына ала­ды. Уақыт өте келе Жасұланды жеке бапкері Қайрат Оралбеков қамқорлығына алды. Балуан үміт­ті ақтап, 2008 жылы Бейжің Олим­пиадасына қатысып, үздік бестіктен көрінді.
Бүгінде Бірлікте чемпиондық дәстүр жалғасын тауып келеді. Дегенмен ХХ ғасырдың 80-90 жылдары даңқы дүркіреген балуан­дардың ізі суып барады. Қайрат Оралбеков баптаған шәкірттер арасынан Қанат Мұсабеков қазір ұлттық құрама сапында белдесіп жүр. Қыраш ауылының еркін күресін биікке шығарған Қайрат ағайдың бұдан да басқа шәкірттері бар. Ал, Бірліктегі аға жолды Асылжан Аманбай, Бауыржан Тәңірберген, Ырысбек Райымбек сынды жастар жалғап келеді.
Біз бүгін ерекше тоқталатын үш бапкер бар. Ролан мен Еркебұлан Кешубаевтар және Пернебек Бела­саров. Алдымен Пернебек бапкерден бастайық. Ол Олег Болтин және елдің бірнеше дүркін чемпионы, құрлықтық бәсекелердің басты жұлдыздарының бірі Әлішер Ерға­лиды шәкірт етті. Биылғы еркін күрестен ел чемпионатының басты кездесуі Пернебектің шәкірті Әлішер мен Ролан және Еркебұлан баптайтын әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан арасындағы белдесу болды. Көпшілік асыға күткен белдесу чемпионаттың нүктесін қойды. 30 жыл күткен «әлем чемпионы» атағын қазақ еліне алып келген Ризабек Айтмұқан мен 97 келіде қаншама жыл қарсы­лас таппай жүрген Әлішер Ерғали арасындағы бәсекені бәріміз күттік. Әттең, жастық жалын емес, тәжірибе жеңіп кетті. Әлішер тағы бір рет үздік екенін дәлелдеді.
Иә, Әлішердің де, Ризабектің де бапкері өзіміздің Бірлік ауылының тумалары. Кіндік қаны тамып, бір ауылдан түлеп ұшқан аға буын­ның жылдар бойы төккен маңдай терінің жемісі бұл.
Қазақстанда еркін күрестен қаншама жылдар бойы алтын тұ­ғырдан түспеген Дәулет Ниязбеков пен Ғалымжан Өсербаевтың бапке­рі Әбутәліп Амановты білмейтін спортшы жоқ шығар, енді міне ізін жалғайтын буын өсіп келеді. Біз осы аға буынмен мақтанамыз.
Қорыта айтқанда, Ақүйік ау­ылдық округіндегі балуандар биігі осындай. 40 жылдан астам еркін күрес мектебінің белесі 100-ге жуық жастың спортқа деген махаббатын ашып, Сыр спортының өрлеуіне үлес қосты. Бұл дәстүр әлі де жалға­сын тауып, келешекте Әлем және Олимпиада ойындарының чемпио­ны шығатынына сеніммен қарай­мыз. Ең бастысы, Бірлік еркін күрес мектебінің іргетасы берік, тұғыры биік болсын.


Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ


27 ақпан 2024 ж. 665 0