Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауыл комментаторы

Ауыл комментаторы

Қожакент ауылында “Думан” деп аталатын вокальды-инструментальды ансамбль бар. Бұл ансамбль жетпіс жетінші жылдары ауылда тұңғыш қазығын қадаған өнерпаз ұжымның заңды жалғасы. Сол кездегі ансамбль негізін қалаған Әсілбек Ысқақов өзінің “бір сырлы, сегіз қырлы” екенін дәлелдеген азамат. Бүгінде ел ағасы деңгейіне жеткен өнер иесі той-жиындарды басқарып, жұртты аузына қаратудан әлі де танбай келеді. Ол асаба ғана емес, спорт комментаторы да.

«Бүгін ауылымызда Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев атында футболдан жүлде өтуде. Командалар ойыны басталды. Шаршы алаңда Бірлік пен Қожакенттің сайыпқырандары. Доданың мәресі ә дегеннен тартысты тарқатылуда. Әне, ақүйіктіктер аладопты оң қанаттан сол қанатқа қарай асырды. Әуеден қағып түсірген Әбілқасымов әбжіл қимылмен Пірәлиевке періп жіберді, Пірәлиевтен Сейдахметовке, Сейдахметовтен Әлімбетовке! Поворот! Қақпадан екі метрге аут кетті. Қап! Сейдахметов қайта соқты! Голл!» Мынау қызылкеңірдек деуге келетін керемет ащы дауыс футбол дегенің мұрнына иісі бармас маубасыңның да делебесін қоздырып ортаға суырып шығарардай шаңқылдап тұр. Қарсы жақтан жанкүйер боп отырған қара шал да қаны қыза шыдамай кетіп іштегісін ақтарып жатыр. «Ойыншыларыңды несін кінәлайсың? Одан да диктордың тілін қырқ, күш беріп тұрған сол. Сол!» Біреуге күш беру қайдам, бұл кісінің орнында сүйегі жасық, иіні бос әлдекім әлдеқашан күйреп, күйзеліп, біреуге масыл болар ма еді. Екі жасында тайлақтан құлап мертігіп, омыртқасы сынып, тас қалыпқа құндақталып ауруханада үш жыл жатқанында бала болса да басқа түскенге құлдық қып қыбырсыз жатуға шыдаған шымыр кеуде қол-аяғы жүріп, тілі сайрап тұрғанда неден жасқанып, неден жаңылсын? Шаршы алаңда шабуылдаған аяқдопшылардан өңге дүниені ұмытып, өткір жанары қарауылдағыны қалт жібермей көргенін көмейден төккен бұл еріңіз – Ысқақов Әсілбектің жасы бүгінде алпыстың сегізіне де келіп қалыпты. Өзін Николай Озеревтың фанатымын деп есептейтін бұл кісі спорт комментаторлығын тоқтатқанына бірер жыл ғана болды. Бұған дейін осындай қарым-қабілетімен ол кісінің есімі ауданды қойып, облыс көлеміне де белгілі болып қалған еді. Аузын ашса жүрегі көрінетін, бүкіл өмірі көпшіліктің қуаныш-ренішіне ортақтасумен, елдік шараларды ұйымдастырып өтіп, саналы ғұмырында көптен бір елі ажырап көрмеген осы бір ақ пейіл ағамызды сәрсенбінің сәтті күні біз әдейілеп іздеп бардық. Бүгінде бір ұяда қанаттанған сегіз перзентін сегіз қиырға ұшырып салып, құттыханадаотырған ата-анасына балалары үлкен үй тұрғызып беріп жаңа үйге кіргендеріне екі апта ғана уақыт болыпты. «Сал-сері дегеннің маңдайына дүние бітпейді екен. Ешкімнен кем болмадым, бірақ тапқанымды жинап емес, шашып жүріп өмір сүру жазмышыма жазылыпты. Кішкентайымда Зейнулла Шүкіровтың жырларын оқып, тағдырлас сезінетін едім өзімді. Ойланып қарасам, өткеніме өкпелер ретім жоқ, елге елеулі қызметімді алаңсыз ат үстінде жүріп жасауға мүмкіндік алыппын» дейді ол бізбен әңгімесінде. Еңбек пен өнер егіз өрілген өміріне ой жіберіңп қараса, қырық бес жыл бұрын өзі құрған ВИА-ның жетекшісі, ауылдағы бүкіл тойды басқарған асаба ретінде аты алысқа тарапты. Жарты ғасырдан бері елдің ішінде халықтың қызықшылығын атап өтуге атсалысып келеді екен. Өзі тұратын Қожакент ауылының тойларында беташарды өзі жүргізіп келгенін айтады ол. Сол сияқты ата-бабасына ас беріп, бәйге шаптырып, салым өткізуге ниет еткендер ат бәйгесінің төрешілігіне осы кісіні таңдайды, сонымен қатар спорттық сайыстардың комментаторы ретінде шараны тартымды жүргізетіні соншалықты үлкендер жағы ойынның өзінен гөрі соны келістіріп айтатын Әсілбектің репортажына көбірек қызығушылық танытып жататынына көпшілік те куә. МЕН ӨНЕР ЖОЛЫНА ҚАЛАЙ КЕЛДІМ? Кеңестік кезеңде Түгіскен массивінде тыңды бағындырған еңбектегі ерлігімен танымал үш Ысқақов болды. Олар: Керуенбай Ысқақов, Тынысбек Ысқақаов, Есқожа Ысқақов. Бұл кісі Есқожа Ысқақовтың ұлы. Әкесі жанына ертіп баулып, күрішші болса деп еді. Оған өзі дімкәстау, әрі есі-дерті өнер қуу болған өрен өлермендене ізденіп, оқыған оқуы – зооветеринарияны жылы жауып, ауыл клубының маңайын төңіректеді. Ақыры клубтың меңгерушісі болып мақсаты орындалғандай болған. 1977 жылдар. Жетпіс төртінші жылдары тұңғыш рет ауданда «Экспресс» деп аталатын ансамбль жасақталса бұлар ауылда бірінші болып «ТуБаИсМу» деп аталатын вокальды инструментальды ансамбль құрды. Онысы гитаристер Тұрлыханов, Бакиров, Исмағұлов, Мұстафаев деген аттарын қысқартып сол кезде «АББА», Битлс» «ДОС-МҰҚАСАН» дегенге еліктегендері. Өздерінің көңіліне ешбірі де кем соғып тұрған жоқ еді сол әншілеріңнен. Сол жігіттердің барлығын іздеп тауып басын қосып ұйымдастырып жүрген осы Әсілбектің өзі әрі жетекші, әрі солист, әрі конферансье қызметін атқарды. Сол кезде хит болып тұрған «Той жыры», «Неге солай?», «Қайдасың?», «Қыздар-ай» бұлардың тұрақты репертуарына айналған. Жаңақорғанда Қалтай, Қазбек, Мәдениет бастап асаба болып той өткізу мәдениетін қалыптастырса, дарияның арғы жағындағы ауылдардың тойы түгел осы біздің кейіпкеріміздің басқаруымен өтіпті. Ол тойға жалғыз бармайды, ансамбль мүшелерін түгел апарып өнер көрсетеді. Бұл жақтағы ағайынның көбі ашаршылық жылдары атамекеннен ауа көшуге мәжбүр болған Өзбекстанның жерінен туған жерге қайта көшіп келгендер. Сол жақта қалған ағайынның бірліжарымы бұл жаққа тойға келгенінде бұларды көріп қызыққаны сондай елдерінде өткізетін тойларына аттай қалап шақырып кететін. Сондықтан өнерлі топтың аты кеңінен танымал болып, Өзбекстанның Сексен Ата, Шыршық, Янгиюл, Шыназ аудандарында талай өнер көрсетіпті. Қазақ жігіттерінен құрылған, араларында Алмагүл, Үрбігүл деген арулары да бар «Ақ қанат» ансамблімен шығармашылық байланыста болыпты. Бертін келе Түркістаннан көшіп келген ерлі-зайып Мұхтар мен Орынкүл, екеуі де өнер адамдары екен, бұлардың ансамбліне кіріп, өзбек әндерімен репертуар жанрын байытып, өнерпаздар беделі бұрынғыдан да жандана түсіпті. Қызылорда қаласы тұрғындарынан да шақыртулар алып ауыл ансамблі атын ол жаққа да танытып отырыпты. – Сіздің ат бәйгесі жарыстарын жүргізгеніңізде тұлпардың сынын суреттейтін сәттеріңіз қызықты шығады. Сіз оны қалай сипаттайсыз? Жылқы баптау жағына да бейіміңіз бар ма? – деген сауал қойдық сұқбаттасымызға. – Мен батырлар жырын көп оқыдым. Абайдың, Ілиястың, Ақан серінің өлеңдерінде аттың сынын кейіптеген керемет жолдар тұнып тұр. Содан жаттағандарымды бәйге аттарына теліп құлпыртып сөйлеп қоя бергенімде аттардың бағасы аспандап, тіпті сол көпшілік арасында саудаға түсетін тұлпардың талайының бағасы артып, иелерінің маған риза болып, мені де риза қып аттанатын кездері көп, – деп өзінің тағы бір бейімін аңдатып қойды бұл ағамыз. Бұл кісінің тағы бір қыры – әңгімешілдігі. Әңгімені кім майын тамызып айта алады? Көрген-білгені, өмірден түйгені мол адам өнегелі сөз өрбіте алса керек. Бұған ол бала кезінен бейім болыпты. Кішкентайында нағашыларының қолында өскен екен. Нағашысы – бай Шайман атанған атасының малы көп. Төлдер қамалатын кең-кең қораларды ауылдың майда балдырын жинап ап тазалатуға келгенде оған осы қасиеті көп көмек болыпты. «Қораны тазалап болғасын ертегі айтып беремін» дейді екен. Мұның небір таңғажайып ертегісіне ынтық күллі бала жабылып мал тұратын жайды жылан жалағандай қылады екен. Содан кейін мұның ертегісі басталады және ол ертегі ешқашан таусылған емес. Өйткені ертең де тірлік бар. Сондықтан өлер жеріне келген бас кейіпкерін ажалға төндіріп барып, қайта суырып алады да, жалғасын ертең естисіңдер дейді. Сонымен кешегі тыңдармандары бүгін төрт көзі түгел тағы алдында отырады. Қазіргі түріктің фильмдері сияқты ғой. «Сол ертегіңіздің соңы бітті ме енді?» деген сауал көкейде қалды. Өйткені өмір деп соққан жүрек барда өнегенің де өзегі өріле бермес пе?
ТҮЙІН: Отбасында жан-жары Сапура екеуінен өрген перзенттерінің кенжесіне Думан деген есімді еншілетіпті. Думандатып жүргенімде дүниеге келген ұлым ғой дейді. Ауылда ізін қуған өнерлі жігіттер жаңа құраммен толыққан BNA ансамбльдің атын осы ағаларының сүйікті кенжесінің құрметіне “Думан” деп қойыпты. Иә, бірлігі жарасқан ынтымақты ауылдың жұлдызы осындай ағалармен биік дегіміз келеді.
Баян ҮСЕЙІНОВА
03 қаңтар 2024 ж. 723 0