Аудандағы аладоп додасы
Жаңақорғанда алғаш рет өмірден өткен құрдастарын еске алып, республика көлемінде шағын футболдан жастар турнир берді. Жалпақ тілмен Аташ ауыл атанған аймақтың 1987-2000 жылы туылған жастар ұйымдастырған доп додасының себепкері болған 35 азамат алдымен ас беріп, соңы футбол тойымен түйінделді. Алматы, Шымкент, Қазығұрт, Кентау, Түлкібас, Түркістан, Қызылорда, Шиелі және Жаңақорғннан бас-аяғы 12 команда жүлде жолын сарапқа салып, жарыстың көркін қыздырды.
Шынын айту керек, Жаңақорған ауданының футбол іргетасының қаланғанына жарты ғасырға жуық уақыт өтті. Сол жылдардан бастап қаншама жастар тәрбиеленіп, қанат қақты. Бүгінгі жастардың бірнешеуі өзге өңірлерде доп теуіп жүр. Оразалы Тасболатов, Ерлан Әптаев, Ахмет Әлайдаров сынды аға буынның ізін жалғаған жастар бүгінде аудан абыройын асырып келеді. Осыдан бір жыл бұрын №163, №110 және №125 мектеп түлектері бастап, әр жылы туылған жігіттер шағын футболдан лига ұйымдастырған. Былтыр жыл соңында екінші кезеңі аяқталып, мықтылар анықталған болатын. Сол 1987-2000 жылы туылған азаматтар ақылдасып, өмірден ерте өткен замандастары атынан футболдан турнир беруге бел байлапты.
Көптен күткен 4 облыстың кіл мықты командалары жарыс жолында жолықты. Аудан әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев жарысты ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Әрі, жарыстың өтуіне ұйытқы болып жүрген жандарға, кәсіпкерлерге алғыс білдірді. “Аңсар СТРОЙ” ЖШС басшысы Шархан Амзеев, “Ақбура” шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Құламетов сынды азаматтар құрметке лайық. Әйтпесе, біздің ауданда турнирге емес, жалпы спорттың дамуына мол үлес қосатын қалталы ағалар тым көп. Осы азаматтар жастардың болашағына қамқор болса дейсің.
– Турнирдің негізгі мақсаты бүгінде арамызда жоқ, бақилық болған азаматтарды еске алып, рухына Құран бағыштау еді. Есімдерін ел біліп жүрсін, өскелең ұрпақ осындай асыл азаматтар барын ұмытпасын деген ниеттеміз. Бұйырса, бұл турнир дәстүрге айналып, жыл сайын ұйымдастырылады. Бастамасы жаман емес, келер жылы бұдан да биік етіп өткізу ойда бар. Алыс-жақыннан келген жігіттерге, қолдау көрсетіп жүрген жандарға алғысымыз шексіз, – деді жарыстың өтуіне ұйытқы болып жүрген жанның бірі Жандос Жаназаров.
Сонымен 12 команда 4 топқа бөлініп, жарысты бастады. Әр топтан 2 команда келесі кезеңге өтеді. Өз тобында көш бастаған Қызылорданың “Дәулет” командасы Жаңақорғанның “Ардагерлер” командасын ширек финалда жеңіп кетті. Ауданның екінші құрамасын Қазығұрт аяқдопшылары қапы қалдырса, үшінші ойында Түркістан жігіттер Қызылорданың “Орда” командасының алдын орап кетті. Соңғы ойында Алматы жігіттері Жаңақорған жастарынан басым түсті. Ал, жартылай сындағы екі ойын да тартысты өрбіді. Қызылордалық кіл мықтылар бас қосқан “Дәулет” командасы Қазығұртты ойсырата жеңсе, Түркістанның “МКТУ” командасы Алматы футболшыларын ойын соңындағы пенальтиден сүріндірді.
Қола Алматы, алтын қызылордалықтарға бұйырды. Финалда есе жіберген Түркістан күмісті қанағат тұтты. Үздік ойыншыларға және төрешілерге арнайы құрмет көрсетілді. Үшінші орынға 100 мың теңге, екінші орынға 250 мың берілсе, чемпиондар 400 теңгені қнажығасына байлады. Мәселе сыйақыда емес, ең бастысы, жарыстың жоғары деңгейде өтуіне себепкер болу. Міне, аудандағы футбол тойы осылай көрінді. Бұл бастамасы деген жастар әлі бұдан да жоғары жарыстар өткіземіз деп отыр. Тек қаржылай демеу болса болғаны.
– Турнир жақсы ұйымдастырылған, керемет командалар болды. Жалпы Жаңақорғанда футбол мектебі қалыптасқанын білеміз. Қаншама жастар кәсіби деңгейде доп теуіп жүр, енді міне, тағы да жастардың өсіп келе жатқанына көзіміз жетті. Оның барлығы осындай жарыстардың жемісі. Бұйырса, келер жылы тағы да келеміз, – дейді жарыстың үздік ойыншысы, Сыр елінің шағын футболдан үздігі Мұхтар Көштай.
Әли ТЕМІРБЕК
Пікір 1