№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Трилогияны жеңіспен түйіндеді

Трилогияны жеңіспен түйіндеді


Кәсіпқой бокстың орта және екінші орта салмақтағы таңдаулы боксшылары қазақстандық Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) мен мексикалық Сауль Альварес (58-2-2, 39 KO) арасындағы үшінші айқас АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп, жанкүйерлерге тартысты жекпе-жек ұсынды. 20 мың жанкүйер сыятын T-Mobile Arena спорт кешенінде өткен трилогия да көпшілік күткендей 12 раундқа жалғасып, мексикалық боксшының жеңісімен аяқталды.


«Бұл ән бұрынғы әннен өзге­рек» дегендей, бұл жолғы ай­қас бұған дейінгі екі кездесуден мүлде басқа жағдайда өтті. Мәсе­лен, 2017 және 2018 жылдары ұйымдастырылған бірінші және екінші жекпе-жек орта сал­мақта өтіп, Головкин рингке чемпион ретінде көтерілген бола­тын. Ал «Канело» болса чем­пиондық белдікке үміткер бокс­шы ретінде шаршы алаңға шық­қан еді. Төрт жылдан кейін қайта ұйымдастырылған қос боксшының үшінші кездесуі бір сал­мақ жоғары, яғни екінші орта сал­мақта өтіп, бұл жолы Сауль екінші орта салмақтың чемпионы ре­тінде белдіктерін қорғады.

Тағы бір ерекше тоқталып өтерлік жайт, мұхиттың арғы бетін­дегі бокс кешінде ән әлемін­де дүние жүзіне танылып үл­гер­ген қазақтың әйгілі әншісі Ди­­маш Құдайберген Қазақстанның әнұранын шыр­қады.
Жекпе-жек алдындағы ресми іс-шаралар аяқталған соң, екінші орта салмақтың «королін» анықтайтын жекпе-жек те бас­талып кетті. Алғашқы раундта бокс­шылар әдеттегідей бір-бірін аңдысуымен, кездесуге қандай дайындықпен, қандай тактикамен келгенін барлаумен болды. Басқа-басқа, Головкин мен «Канело» бір-бірінің қарым-қабілетін, қандай мүм­кіндікке ие екендіктерін өте жақсы біледі. Бұған дейінгі екі кез­десудегі 24 раундтық ай­қас­ты айтпағанның өзінде, олар оның алдында талай мәрте жат­тығу залында бірге дайындалып, спар­ринг-серіктес ретінде бір­неше раунд жұдырықтасып, өзара шеберліктерін шыңдаған.

Осыған дейінгі бірінші жекпе-жекте Геннадий Головкин, бокс­шылардың тілімен айтқанда, «бірінші нөмірмен» жұмыс іс­тесе, кейінгісінде Альварес ринг­тің ортасында билік жүр­гізуге тырысқан еді. Ал бұл жолы екеуі де артқа шегінбей, шаршы алаң­ның қақ ортасында қасқайып тұрып айқасты.

Алғашқы үш раунд тең жағдай­да өткенімен, төртінші раунд­тан бастап «Канело» жылдам­ды­ғын арттырып, дәл соққыларды кө­бірек жұмсай бастады. Тіпті ол әр шабуылын кем дегенде екі соққымен аяқ­тауға тырысып, ұпай санына жұ­мыс істей бастағанын бай­қатты. Ал Головкин болса, тек джеб соққыларымен ғана шек­теліп отырды. Келесі раунд­та да мексикалық боксшы ширақ қимылдағанымен, жанкүйерлер таңдай қағатындай қауіпті соққы жасай алған жоқ. Головкин қар­сыластың ашылуын және қате­лесуін күтіп, біраз соққы жасай алмай жүрді.

Сондай-ақ дәл осы раундта отандасымыз физикалық тұрғыда шаршай бастаған сияқты көрінген-ді. Кейінгі раундтарда байқағанымыздай, Головкин шаршамаған екен. Бұл жай ғана жекпе-жек барысындағы так­тикалық ойын екенін білдік.

Сегізінші раундтан кейін отан­дасымыз шаршы алаңдағы белсенділігін арттырып, қарсы­ласына бірнеше соққысын дарыта алды. Кейінгі раундтарда да Геннадий тәуекелге барып, алдыңғы екі жекпе-жек­тегідей мексикалықтың ырқына жығылып, канат арқылы ша­буылға көшті. Абырой болғанда, қорғанып жүріп қарсыласын оң­дырмай ұратын «Канело» да раун­д соңында шаршап, ауыр соққы жасауға әлі келмей қалды.

Сонымен 12 раундқа жалғас­қан тартысты жекпе-жектің тағдырын төрешілер шешті. Бірін­ші төреші төрт раундтық басым­дықпен «Канело» жеңіске жетті десе (116-112), қалған екі төреші 115-113 есебімен мексикалық бокс­шының басым болғанын біл­дірді. Осылайша, Сауль «Канело» Альварес төрешілердің бірауыз шешімімен үшінші жекпе-жекте жеңіске жетіп, бес жылға со­зылған трилогияның нүктесін қойды.
Жекпе-жек алдында көпшілік бокс маманы Головкин бұл кездесуде нокаутпен жеңіледі деп болжам жасаған еді. Өйткені отан­дасымыз өзіне үйреншікті орта салмақта емес, бақандай төрт кило жоғары салмақта жұдырықтасты. Бокста бір кило салмақтың өзі үлкен маңызға ие екенін ескерсек, отандасымыз өзінен бір емес төрт кило салмақ жоғары боксшының жағдайына түсіп, онымен тең дәрежеде жұдырықтасқанының өзін жеңіс деп есептеуге болатын шығар.

CompuBox жүйесінің дерегіне сүйенер болсақ, Головкин бұл жолы да (ол алғашқы екі кездесуде де көп соққы жасаған) соқ­қы жасау жағынан белсенді бол­ды – 521. Өкінішке қарай, оның тек 120-сы ғана дәл тиген екен. Ал «Канелоның» соққысы кем шыққан – 487. Бірақ саны аз бол­ғанымен, сапасы көп, яғни дәл тиеген соққыларының саны – 130.

Джеп соққылар саны бойынша да Геннадий Головкин алда болды – 74-45. Ал күш салып жасаған соққылар статистикасында «Ка­нело» айқын басымдыққа ие бол­ған екен. Мәселен, Головкин 171 күшті соққы жасап, оның 46-сын ғана қарсыласына дарыта алған. Альварестің 217 жойқын соқ­қысының 86-сы дөп тиген.

Жалпы, Геннадий үш жекпе-жекте де жанкүйерлер есінде көп соққы жұмсаған боксшы ретінде қалады. Мәселен, отандасымыз 2017 жылғы бірінші айқаста 703 соққы жасаған болса, 2018 жылғы екінші жекпе-жекте 879 мәрте соққы бағыттаған. Джеб бойынша да дәлдік танытқан болса, күштік соққыда бәрібір қарсыласынан кемшін түсіп отырған.

Жекпе-жектің қорытындысы Головкин үшін сәтті бола қоймаса да, ол рингтен өзіне тиесілі олжа­мен кетті. Отандасымыз 8 млн дол­ларды жамбасқа басса, Аль­вареске 10 млн доллар бұйыр­ды. Сондай-ақ екі боксшы жарнамадан, билет сатылымынан және ақылы трансляциядан түскен табысты да өзара бөліседі

18 қыркүйек 2022 ж. 967 0