Балғын балуандар белдесті
Қызылордада еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы (U-17) Қазақстан біріншілігі өз мәресіне жетті. Бұл жарыста еліміздің барлық өңірінен келген балғын балуандар бақ сынады.
Аса жеңіл салмақта түркістандық Нұрасыл Асамбектің асығы алшысынан түсті. Аса шиеленісті өткен финалдық сайыста ол ақтөбелік Ерхан Меделбайдан айласын асырды. 71 кило салмақта дәл сол өңірдің өкілі Бекарыс Бақытжанның бағы жанды. Шешуші бәсекеде Бекарыс қызылжарлық Әлішер Жолдасбайды жеңді. Шығыс Қазақстан облысының жас өрендері де бас жүлденің екеуін олжалады. Оның иегерлері – Дарын Әскербек (55 кило) пен Айқын Болатұлы (65 кило). Дәл сол секілді Қарағандыдан келген қырандар арасынан Асхаб Хаджиев (80 кило) пен Әлихан Құсайыновтың (110 кило) мерейлері үстем болды.
Ал өзге салмақ дәрежелерінде ақмолалық Рамиль Расим (48 кило), жамбылдық Нұрданат Айтанов (51 кило), ақтөбелік Ақарыс Қалиев (60 кило) және маңғыстаулық Камиль Круглиев (92 кило) сынды балуандар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.