Токио төрінде кімді көреміз?
Токио Олимпиадасында еркін күрестен өтетін жарыста Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсететін балуандар толықтай белгілі болды.
Шілде айында алауы тұтанатын ғаламдық додаға біздің балуандардың бес жолдама жеңіп алғанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Десек те кейбір салмақ дәрежелерінде бәсекелестік күшті болғандықтан Жапонияның астанасына кімдерді апарамыз деп бапкерлер біраз бас қатырды. Содан олар өз шәкірттерін Польшада өткен Вацлав Циолковскидің мемориалдына сынап көруге бел буды.
Сол сынақтан сүрінбей өткен саңлақтар Олимпиадада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Сонымен, 57 кило салмақта Нұрислам Санаев сайысқа түссе, 65 кило салмақта Дәулет Ниязбеков белдеседі. 74 кило салмақта Данияр Қайсанов күш сынассса, 97 кило салмақта Әлішер Ерғали ел намысын қорғайды. Ал алыптармен Юсуп Батырмұрзаев айқасады.