Әлем чемпионатына аттанды
Алдағы демалыс күндері Түркияның Ыстанбұл қаласында грепплингтен AIGA (Amateur International Grappling Association) деген атаумен әлем чемпионаты өтеді.
Бұл жарыста Қазақ елі намысын Мәулен Апендин пен Самат Айтпанбет (60 кило), Нариман Мыңбаев (65 кило), Айдар Түлейбаев (70 кило), Османжан Қасымов (77 кило), Руслан Исраилов (83 кило), Мухаммад Цакаев (91 кило) және Рамазан Құсайынов (+91 кило) қорғайды. Жекпе-жек десе делебесі қозатын жанкүйерлер бұл спортшылардың барлығын да жақсы біледі. Жоғарыда есімдері аталған жігіттердің алды әлемдік додаларда жеңіс тұғырына көтерілсе, өзгелері аса ірі халықаралық турнирлер мен құрлықтық жарыстарда жүлде алып жүр.
Жарыстың алғашқы күні әлемнің бірқатар мемлекетінен келген спортшылар жекелеген салмақ дәрежелері бойынша жүлделерді сарапқа салса, соңғы күні командалық сайыс өтеді.