№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » 2021: аудан спортының биігі

2021: аудан спортының биігі

2021 жыл Жаңақорған спорты үшін табысты жыл болды. Еркін күрестен Олимпиада төрінен жерлесімізге жанкүйер болдық, белбеу күресінен Әлем чемпионы шықты. Гандболдан Азия біріншілігінде қола алған ұлттық құрамада біздің қыздар өнер көрсетті.
Ұлттық спорттан да қанжығамыз құр қалған жоқ, 4 жылда бір өтетін «Ақ бидай» спортшылар бәсекесінде облыс құрамасы керемет өнер көрсетсе, біздің спортшылар да барын салды. «Алтын күз» спартакиадасында Жаңақорған спортшылары аймақ чемпионы атанды. Айта берсек, толайым табыстар бар, бұл бапкерлер мен спортшылардың маңдай тері, табанды жолы. Екіншіден, спорт саласына жақсы көңіл бөліне бастады және жанашырлардың демеулігі де әсер еткені рас. Жомарт жандар жоқ емес, зәулім-зәулім заманауи спорт кешендерін салып, ел игілігіне бергендерге құрмет қашанда биік. Міне, осындай біріккен еңбектің жемісі арқасында былтыр Алматы шаһарында жылдың үздіктері қатарында біздің аудан спортшыларының жүзі жарқырап тұрды.
Иә, Алматы қаласындағы Қазақ Спорт және туризм академиясында спорт саласы бойынша жыл үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Бесінші жыл қатарынан өткен марапаттау Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына тұспа-тұс келді. «Жыл үздігі-2021» номинациясына кімдер ие? Олар несімен мықты? Ендеше, тағылымды кешті толығымен танысып, бір марқайып алайық.
«Үздік облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы» номинациясын білікті бапкер Нұрбақыт Теңізбаев басқаратын Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жеңіп алды. Ал, «Үздік аудандық спорт бөлімі» атағы Жаңақорған аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне бұйырды. Махмут Рахымжанов бас­шылық ететін ұжымның расында еңбегі зор.
– Иә, өткен жыл табысты болды. Елдегі індетке байланысты кейбір спорттық жарыстар шегерілгені болмаса, біздің спортшылар аудан абыройын асырды. Тек жастар ғана емес, аға буын ардагерлер де жақсы нәтиже көрсете білді. Осындай нәтижелердің арқасында жыл соңында құрметке ие болдық. Биыл да осы биіктен түспей, жеңісті жолдарды сүйіншілей беретін боламыз, – деді Махмут Секентайұлы.
Соңғы жылдары жаңақорғандық белбеу күресінің балуандарына тең келер ешкім болмай тұр. Бұрымдылар мен жігіттер байрақты бәсекелерде жүлдесіз оралған емес. Қоламен қуантып, күміспен күптеп, алтынмен сүйіншілеп келеді. Жастарға жол көр­сетіп жүрген Мереке Құдайбергенова мен Меруерт Әбубәкір былтыр белбеу мен самбодан ел және әлемдік біріншілікте олжалы оралды. Соның жемісі «Үздік белбеу күрес балуаны» болып Мереке Құдайбергенова таныл­са, «Үздік белбеу күрес федерациясы» Қызылорда облысы деп танылды. Спорт Федерациясы Президенті, жерлесіміз Мадияр Ахметов құрмет төріне көтерілді. «Үздік белбеу күрес бапкері» деп Әбдісаттар Садықов танылды.
– Расында былтыр шәкірттер тамаша өнер көрсетті. Әлем чемпионын шығардық, ТМД елдерінің ойындарында да үздік үштіктен түспедік, ел біріншілігінде жастар чемпиондықты уысынан шығарған емес. Еңбек еленіп, жыл соңында үздіктер қатарынан көрініп жатырмыз. Биылға жоспар көп, былтыр кеткен кемшіліктердің орнын толтыратын кез келді. Бұйырса, Әлем чемпионатында қос-қостап алтынмен сүйіншілеуге тырысамыз, ең бастысы, бізге жан­күйер болып, демеушілік танытқан жерлестерге алғыс білдіремін, – деді бас бапкер.
Сонымен қатар әркез спортқа қолдау көрсетіп, ауылдарда спорт кешендерін салған және жарыстар өткізіп, ауыл спортшыларына қар­жылай демеушілік танытып жүрген бір топ спорт жанашырлары «Үздік спорт жанашыры» номинациясының жеңімпаздары атанды. Олардың қата­рында жаңақорғандықтар да бар. Талғат Исқақов, Болатбек Балғабаев, Бақыт Берділлаев, Гүлжайна Рысбаева, Мейірбек Үсеновтің мерейі үстем болып, алғысқа бөленді. Олардың шыққан асуы ел мерейі болып тарихта қалады.
Марапат биігінде болған бұл азаматтар ауылдарға инвестиция құйып, заманауи спорт кешендерін тұрғызды. Әрі, аудан, облыс аралық жарыстарға демеушілік білдіріп, қаржылай қолдау білдірген жандар. Осындай азаматтар әрине марапатқа лайық болмағанда ше?
Қорыта айтқанда, 2021 жылғы аудан спортының биігі осылай бағаланып, марапат биігінен көріндік. 2022 жылы да спортшылар толағай табыстармен сүйіншілейді деп сенім білдіреміз.

Әли ТЕМІРБЕК
30 қаңтар 2022 ж. 354 0