№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Тоkyо-2020: не көрдік, не түйдік?

Тоkyо-2020: не көрдік, не түйдік?


«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» десек, әлем елдері спортының даму динамикасын саралайтын Олимпиада ойындары тарих таразысын тең ұстап, деңгей мен даңқты өлшеп берді. Осы тұрғыда алғанда, Токио Олимпиадасы біздің спорттық деңгейіміз айтарлықтай төмендегенін көрсетіп берді. Оған нақты деректер дәлел болады. Мәселен, 1996 жылы Атлантада өткен турнирде Қазақстан Олимпиада командасы – 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медальмен 24-ші орыннан көрінді. Сидней-2000 – 22, Афина-2004 – 40, Пекин-2008 – 37, Лондан-2012 – 24, Рио-де-Жанейро-2016 – 22 орын алдық. Ал, Токиода жүлде бұйырған 86 мемлекеттің арасында 83-і орынға жайғастық. Міне, Токио таразысы тарихта бізге осылай баға берілді.


Әрине, Олимпиада – үлкен бәсеке алаңы. Оған әрбір спортшы сенім мен үмітті байлап, жеңіс үшін барады, әрі төртжылдықтың басты бәсекесінде биік тұғырдан көрінуге барын салады.
Қазақстандықтар дзюдошы Елдос Сметовтен алтын күтті. Әттең оның жолын үш дүркін Әлем чемпионы Наохиса Такато кеспегенде, алтыннан алқа тағар ма еді?! Сосын боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтан жақсы нәтиже күткеніміз рас. Алайда жартылай финалда америкалық Ричард Торрес мықты болып шықты.
Ауыр атлет Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшы Сәкен Бибосынов, балуан Нұрислам Санаев пен каратэші Дархан Асаділов пен Софья Берульцева ел қоржыныа бір-бір қола медальдан салды. Қырғыздың балуан қыздарына сүйсініп, ең болмағанда біздің спортшылар бір күміс ала алмағанына налыдық.
Екінші Олимпиадасына барған Дәулет Ниязбеков бозкілемге шыққанда тақым қысып, тілеулестік білдірдік. Тәжірибесі толысқан балуан ғой, жүлдеге ілігер дедік!
Ол жарысты да сәтті бастады. Алғашқы кездесуін кубалық Алехандро Вальдес Тобьермен белдесті. Панамерика чемпионатының 3 дүркін чемпионын айқын басымдылықпен ұтты. Бірақ жартылай финалда әлем чемпионы азербайжандық Хаджи Алиевке шамасы жетпеді. Алайда үшінші орын үшін болған бәсекеде үндістандық Баджранг Баджрангты ұтады деп сендік. Лондондағы бесінші орынын қола мадельға ауыстаратын тамаша мүмкіндік еді. Әттеген-ай, біздің ойымыз болмады. Бажранг бабында келген екен, бағы жанды.

БІР ӨКІНІШ, БІР ҮМІТ

Африка елдері жайлы сөз еткенде миығымыздан күліп, менсінбей қарайтынымыз рас ғой! Тіпті, біздің құрылысты жүргізетін өзбектерді менсіне бермейміз. Бұл сөзімізді ешкім жоққа шығара қоймас, сірә!
Мейлі, өзбектер жаһанды жорытып, біреудің егінін егіп, малын бағып, құрылысын жүргізіп, қаржы тапсын! Бәрі өз еңбегі, мандай терісінің өтемі.
Мұндайда Абай бізге былай ақыл қосады:
«...қазақ сартты көрсе, күлуші еді «енеңді ұрайын, кең қолтық, шүлдіреген тәжік, Арқадан үй төбесіне саламын деп, қамыс артқан, бұтадан қорыққан, көз көргенде «әке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.
Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ.
...Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда».
Ғасыр озды. Бірақ біз өзгердік пе?
Әлі сол мақтангершілік.
Әлем елдері экономикалық қуаты, ғылыми-инновациялық жетістігін сара­лауда Олимпиада ойындары тап­тырмайтын құрал. Осы таразы бағасын дәл тартты-ау...
Неге десеңіз, алғашқы ондыққа енген АҚШ, Қытай, Жапония, Ангия, Ресей, Австралия, Нидерланды, Франция, Германия, Италия әлемдік экономикада алпауыт елдер қатарында. Бұл елдердің биіктен көрінуі заңдылық. Себебі спортшылардың физикалық жүктеме алуы (спортшының әрбір бұлшық еті нормаға сай жүктеме беру), қайта қалпына келуі мен спорттық формаға енуі және т.б процесті ғылыми тұрғыда сүйемелдемелейді. Яғни спортшыны дайындауда теориялық және практикалық әдістемелік оқу-жаттығуы жақсы жолға қойылған, техникалық-тактикалық дайындауы замануи талаптарға жауап береді. Әрбір спортшының мінез-құлқына сай психологиялық тұрғыда қуаттап, өз-өзіне сендіру тәжірибесі қалыптасқан. Техникалық, тактикалық шеберлігін шыңдауда әрбір спортшымен жеке-жеке бапкерлер тобы жұмыс жасайтынын біліп, естіп жүрміз.
Бастысы, озық елдерде өзінің менталитетіне, болмыс-бітіміне, қабілет-қарымына сай келетін спорт түрлерін дамытуға басымдық берген. Мысалы, командалық есепте үздік алтылыққа енген Австралия 17 алтын медаль алса, соның 15-і су спортына қатысты. Жаңа Зиландия спортшылары 7 алтын иеленсе, оның 6-ы су спортына байланысты. Кубалықтар 7 алтынының 4-і боксқа тиесілі. Кениялық желаяқтары өз еліне 4 алтын алып берді. Үздік нәтиже көрсеткен елдер өзінің табиғатына жақын спортқа иек артады. Бізге де осы тәжірибе ауадай қажет-ақ.
Көрдіңіздер ме, Қазақстан Олим­пиада командасы 27 спорт түрінен 96 спортшы аттанса, оның 8-і ғана қола медаль еншіледі. Әрі жүлде алған спорт түрлері қазақтың генетикалық негізіне жақын. Сондықтан сапаға мән беру маңызды секілді. Сан бар, сапа қайда?
Алғашқы отыздыққа кірген Африка құрлығының Кения (19 орын), Ямайка (Кариб аралдары) (21 орын) жетістігіне қалай, қашан жетеміз? Егер командалық есепте алғашқы отыздықта келе жатқан елдермен өзімізді салыстыратын болсақ, біздің ұялатын тұстарымыз көп. Олардың ішінде, кедейшілік деңгейі төмен және қуыршақ елдер (өте шағын елдер) де бар. Мәселен, 42 орынан көрінген (2 алтын) Багам аралдарында 280 мың тұрғына бар. 59 орынға (1 алтын, 1 қола) тұрақтаған Фиджиде 837 мың тұрғын тұрады. Бермуд аралдарының Жаңақорған ауданынан да халқы аз. Онда не бәрі 63 мың адам мекен етеді. Осы шағын ел 1 алтын медальмен 63 орынға жайғасты. Италия аумағында орналсқан Сан-Марино деген қуыршақ ел бар. Сенесіз бе, халықының саны 33 мың ғана. Осы ел 1 күміс алып, 72 орынға тұрақтады. Жылаймыз ба, күлеміз бе?
Оны қойшы, Орта Азияның алыбы – Қазақстан көрші елдерден спорттық нәтиже бойынша қалып қойдық. Оның дәлелі, Түрікменстан – 77, Қырғыстан – 70, Өзбекстан – 32 орыннан көрінді. Бұған байланысты не айта аламыз?..
Жалпы, қазір ел арасында әңгіме көп.
Бірі карантиндік жағдайға бай­ланысты спортшыларды ақтап алуда. Яғни дайындалуға дұрыс жағдай болған жоқ, сосын спорттық формасына ене алмады т.б алға тартуда. Екіншілері, жемқорлық спорт саласына дендеп еніп, қатты асқынғанын дәлел етуде. Үшіншілері, жаттықтырушылар мен басшылардың буын алмасуын сәтті еңсермей осы күйрегеніміз күйреген дейді. Төртіншілері, спорт пен ғылым егіз болмай, жетістікке жету қиын дейді. Бесіншілері, ауыл спортына мән беру маңызды санайды.
Иә, жұрттың аузына қақпақ бола алмаймыз. Әркім өз парасат-пайымының жеткен деңгейіне дейін ойын айтады. Әрі бұған толық құқылы. Олсыз азаматтық қоғам дамымайды.
Сарапшылар мен мамандар кемшіліктің себеп-салдарын анықтап, өз бағасын берер.
Бәлкім Олимпиададан кейін қайтадан Спорт министрлігі құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілетін шығар. Мұндай біздің елдің тәжірибесінде бұған дейін болғанын жақсы білеміз.
Токиодағы өкінішті Париждегі биік жетістік ғана баса алады.
Бір өтініш, бір үміт дегеніңіз де осыдан!
Жалпы, Токио аламанынан біз не көрдік, не түйдік? Соңы саралауға тырыстық...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
10 тамыз 2021 ж. 723 0