№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Батыр есімін балуандар ұлықтады

Батыр есімін балуандар ұлықтады


Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай белбеу күресінен Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмет Шынтайұлын еске алуға арналған 2004-2006 жылы туған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Қазақстан чемпионатының жалауы көтерілді. Жаңақорған кентінде өткен спорт аламанына өңірден 215 балуан бақ сынап, үздік атануға барын салды. Өйткені, бірінші-екінші орынға ие болған балуандарға 4-8 қыркүйек күні Қазан қаласында өтетін Әлем чемпионатына жолдама беріледі.


Барша түрік халықтарына ортақ спорт түрі болып табылатын белбеу күресі Қызылорда облысында, оның ішінде Жаңақорған ауданында жақсы дамыған. Оған дәлел шағын ауданнан төрт әлем және он Азия чемпионы шықты. Сонымен қатар ауданда жыл сайын қазақ, белбеу күрестері және көкпар мен волейболдан Қазақстан чемпионаты өтеді.
Барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, көрерменсіз өткен чемпионатты Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов пен Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Белбеу күресінен мемлекеттік жаттықтырушы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Секен Қалиев республикалық федерация президенті, генерал-лейтенант Абай Тасболатовтың атынан ұйымдастырушы азаматтарға «Алғыс хат» табыс етілді.
«Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мусағали Тасқалиев осы чемпионатты өткізуге үлес қосқан Қызылорда облыстық белбеу күрес федерациясының президенті, Ахмет атаның ұлы Мадияр Ахметовті журнал атынан «Спорт ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар белбеу күресінен Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы, Түгіскен спорт мектебінің директоры Абдусаттар Садықовқа «Ұлы дала батырлары» кітабын табыс етті.
Алдымен кілем төріне бұрымды балуандар көтерілді. 7 салмақ бойынша Сыр балуандары мен Түркістан қыздарына ешкім тең келмеді. Бірінші жеңіл салмақтағы қыздар белдесті, 45 келіде түркістандық Венера Тұрсынбекке қарсылас шақ келмеді. 48 және 52 келіде қызылордалық Қарақат Атамұрат пен Жұлдызай Бейсен жеңіс тұғырына көтерілді. 57 келіде Түркістаннан келген Арайлым Пархатқызы алтынды мойынына тақты. 63, 70 және 70 келіден жоғары салмақта Сырдың арулары Арайлым Рүстемова, Ажар Қожанова, Ұлтай Сейлова чемпион атанды.
– Чемпион болғаныма қуаныштымын, қарсыластарым осал болмады. Бапкерлердің айтқанын орындап, бар білгенімді көрсете білдім. Енді екі айдан соң Әлем чемпионатына аттанамыз, босаңсуға болмайды. Жалпы турнир жоғары деңгейде өтті, – деді чемпион қыз Арайлым Пархатқызы.
Ал, ұлдар арасынан Түркістан мен жамбылдық жігіттер жарады. 45 келіде қызылордалық Диас Әділбекке, 50 келіде шымкенттік Мұхтар Алиевке, 55 келіде атыраулық Нұржан Сарсенғалиев пен 60 келіде қарағандылық Бағдат Оралбайға ел чемпионы атанды. Ал 65, 71, 77 келі салмақта жамбылдықтар топ жарды. Береке Рахматтуллаұлы, Әділет Ахметғали және Нұғман Бибарыс үздік екендерін дәлелдеді. 85, 95 және 95 келіден жоғары салмақта Түркістан облысының балуандары мықты болды. Асылжан Кәрім Алмас Темірбай және Алмас Аят Есентай әлем чемпионатына жолдаманы жеңіп алды.
Айта кететіні, соғыс және еңбек ардагері Ахмет Шынтайұлы Ұлы Отан соғысында №107-ші танк бригадасында әскери қызмет атқарып, елге 1945 жылдың аяғында оралады. Соғыста көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» және І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Бейбіт өмірде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп, ел экономикасын қалпына келтіруге атсалысады. 1969 жылы зейнет демалысына шығып, жастарға жол көрсеткен, елдің ауызбіршілігін сақтауға үлес қосқан данагөй қариясы бола білді. 1996 жылы дүниеден озды. 3 ұл, 1 қыз өсіріп, олардан 21 немере сүйді. Қазіргі уақытта 40-тан астам шөбересі бар.
Ол кісінің өзі де палуан болған, осы жолды ұстанған Мадияр Ахметовтың аудан ғана емес, облыс күресіне қосқан үлесі зор.
– Жалпы облыстық күрес федерациясы 2009 жылы құрылды. Содан бері еңбек етіп келеміз. Мен сол федерацияның төрағасымын. Жалпы турнирдың ерекшелігі көп, біріншіден, биыл бесінші рет ұйымдастырылған турнир Әлем чемпионатына іріктелді. Екіншіден, спортшылар саны да көп. Жарыс жоғары деңгейде өтті десек болады. Алғашқы екі жыл кубок ретінде өткізілді, қазір ел біріншілігі дәстүрге айналды. Осы турнирді Алла сәтсін жыл сайын бұдан да жоғары деңгейде өткізуге тырысамыз. Атсалысқан жігіттерге алғыс айтамын, – деді Мадияр ағамыз.

Әли ТЕМІРБЕК

14 шілде 2021 ж. 839 0