№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еркін күрес: екі жолдаманың тағдырын кімдер шешеді?

Еркін күрес: екі жолдаманың тағдырын кімдер шешеді?

9-11 сәуір аралығында Алматыда күрес түрлерінен Азия аймақтық олимпиадаға іріктеу турнирі өтеді. Бір аптадан соң басталатын дода қазақ балуандары үшін жауапты сын болары анық. Өйткені, күрестің үш түрінен де жолдамамыз түгел емес.

Грек-рим және әйелдер күресінен төрт салмақта, еркін күрестен екі салмақта лицензия еншілесек, Олимпиада ойындарына толық құраммен аттанатын мүмкіндік тумақ. Осы аптада күрес түрлерінен команда бапкерлері жолдамаға таласатын және Азия біріншілігіне қатысатын спортшылар есімін атады. Olympic.kz еркін күрестен лицензияға таласатын балуандарға тоқталған болатын. 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатында біздің команда сапынан ең көп жолдаманы еркін күрес шеберлері еншіледі.

Әсет Серікбаев шәкірттері олимпиадалық алты салмақтың төртеуінде, атап айтар болсақ, 57, 65, 74 және 97 келіге дейінгі салмақ дәрежелерінде жолдама мәселесін шешіп қойды. 57 келіде Нұрислам Санаев қола, 65 келідегі Дәулет Ниязбеков күміс жүлдегер атанса, 74 келідегі Данияр Қайсанов пен 97 келідегі Әлішер Ерғали алғашқы бестікке енді.

Тек 86 және 125 келі салмақтағы балуандар ғана үдеден шықпаған еді. Бапкерлер қауымының шешімімен Алматыдағы лицензиялық турнирде бақ сынайтын балуандар анықталды. Олар – Азамат Дәулетбеков (86 келі) және Юсуп Батырмурзаев (125 келі). Азамат Дәулетбеков 2020 жылдың қарашасында өткізілген Қазақстан чемпионатында өз салмағының үздік екенін дәлелдеді. Тап сол біріншіліктен соң бапкерлер сенім артса, лицензиялық турнирге қатысуды мақсат ететінін айтқан болатын. 27 жастағы балуанның әлемдік деңгейдегі жетістіктері айтарлықтай көп емес. Ол 2017 жылы Польшада өткен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған.

Сондай-ақ, Нью-Делиде (2017) және Бішкекте (2018) өткен Азия біріншілігінде тиісінше күміс және қолаға қол жеткізген. Екі жыл бұрын елімізде өткен әлем чемпионатын Дәулетбеков кілем сыртынан ғана тамашалады. Себебі, өзінің ежелгі қарсыласы Әділет Дәулембаевтан жарыс қарсаңында екі рет ұтылып, ұлттық құрамадағы орнын босатып берген болатын. Алайда, Әділет бұл мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Ол әлем чемпионатының жұбаныш белдесуінде ұтылып, жалпы есепте жетінші орынға табан тіреді. Ал жолдама алғашқы алтылыққа енген спортшыларға ғана бұйырады.

Алматыдағы бәсеке Азаматтың нағыз әлеуетін көрсететін дода болатыны анық. Ол әлем біріншілігінде екі жыл бұрын уысынан шығып кеткен мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады. 125 келіде бақ сынайтын Юсуп Батырмурзаевтың Қазақстан құрамасына қосылғанына көп болған жоқ.

Дағыстанда туып-өскен ол 2019 жылы 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатының күмісін еншілеген. Ал 2020 жылы Үндістанда өткен Азия чемпионатында топ жарған соң, Батырмурзаев ауыр салмақтағы көшбасшылардың біріне айналды. Бапкерлердің лицензиялық турнирге Юсупты қатыстыруы да орынды. Себебі, оның ұлттық құрамадағы басты қарсыласы Олег Болтин Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатының бірінші айналымында-ақ ұтылып, жолдама мен жүлде үшін таласты тым ерте аяқтады. Жақында Италияда өткен «Маттео Пелликоне» рейтингілік турнирінен Юсуптың күміс жүлдемен оралуы оның командадағы орнын одан әрі нықтай түскендей. Батырмурзаев Алматы бозкілемінде Токиоға баратын төте жолды іздейтіні анық. Бас бапкер Әсет Серікбаев Токио ойындарына толық құраммен баруды мақсат ететінін әрбір сұхбатында айтып жүр. Ол биылғы маусым басталар кезде де осы ойынан айнымаған болатын.

«Қазақстан құрамасының алға қойған мақсаты – жолдаманы түгелдеу. Сәуір айында Алматы қаласында құрлықтық іріктеу турнирі мен Азия чемпионаты өтеді. Қазіргі таңда бізде еркін күрестен Олимпиада ойындарына төрт жолдама бар. Енді қалған екі салмақ дәрежесінде жолдаманы еншілесек, Олимпиадаға ұпайымыз түгел болады. Соңғы мүмкіндікті қолдан жібермес үшін барымызды салып, дайындаламыз», - деді ол.

Айта кетелік, лицензиялық турнир Алматыдағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт кешенінде өтеді.
02 сәуір 2021 ж. 803 0