№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Таеквондошы Гүлназ

Таеквондошы Гүлназ

Таеквондодан Гүлназ Қайбулла Елордада өткен ел біріншілігінде алтыннан алқа тағынып, Сыр мерейін асырды. Жас болса да бойынан жалын есіп тұрған жерлесіміз (WT) кадеттер арасындағы Қазақстан чемпионатында өзінің өсіп келе жатқанын көрсетті. Біз де Гүлназ алтын алды дегенді естіп, жеткіншектің талантын тану үшін онымен байланысып көрдік.

Бойы ұзын келген, көзінде оты ойнап, бала болса да жігері жалындап тұрған қараторы қыз Қыркеңсе ауылының тумасы. Жетінші сынып оқитын оның бұл белесі спорттағы ең ірі жетістігі, бірақ әлі бастамасы деп білеміз. Алдымен жаттықтырушысымен сөйлесіп, чемпион туралы сұраған едік.
– Жалпы ауылға бұл спорт 2016 жылы келді, небәрі бес жыл ішінде осындай жетістікке жеттік. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге жұмыс жасайтын боламыз, қазір 40-тан аса бала жаттығады. Ал, Гүлназ осыдан 4 жыл бұрын мектеп табалдырығын аттаған еді. Бір жыл ішінде, облыс чемпионы атанды, 2019 жылы Өскемен қаласында өткен ел біріншілігінде қоламен қуантқан еді. Міне енді қоланы алтынға айырбастады, мен шәкіртімнің байрақты бәсекелерде топ жаратынына сенімдімін, – деді Ерлан Төлепбергенов.
Иә, Гүлназ тамыз айында Болгарияның София қаласында өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады. Бұл жауапты сынға физикалық, психикалық тұрғыдан тың­ғылықты дайынмын, – дейді ол.
– Әрине, әлемдік додаға алғаш рет баратын болған соң, кеудемде толғаныс қобалжу бар. Ал, дайындығым жақсы, бабымдамын. Мен жеңілгенді ұнатпаймын, мақсатым – тек чемпион болу. Аймақтағы алғашқы жарысымда алтыннан тайып кетіп, келер жылы үздік атандым, сол секілді 2019 жылы да ел чемпионатында қоламен қайтқан едім. Былтыр карантинге байланысты жарыс өтпеді, биыл бар күш-жігерімді жинап, 37 келіде кеткен есемді қайтардым, – деді кейіпкеріміз.
Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел біріншілігінде жалпы командалық сында Сыр спорты бірінші орынмен түйіндеді, 6 алтын, 2 күміс, 6 қола аймақ еншісінде. Жаңақорған қоржынында 1 алтын, 1 қола бар. Жалпы біздің ауданға бұл спорттың келгеніне он жылдың көлемі болды. Осы жылдар ішінде қаншама балғындар осы спорттың келешегіне шырақ жақты.
Бізді қызықтырған оның өнері еді, бір-екі әдіс көрсетті, әсіресе аяқ сермегені, жойқын соққысы шынында мықты, әрі жылдам екен. Әр түрлі әдіс-тәсілді меңгеріп алғаны көрініп тұр. Қолы бос болса кітап оқитынын жасырмады. Сабақ үлгерімі де жақсы, үздік деп айтып қалды.
– Гүлназдың ең жақсы қасиеті – намысшыл. Бойында спорттық мінез бар, ұтылып қалады ма, келесі жолы жеңуге тырысады. Тіпті сол қарсыласын күтеді, міне осындай мінездің арқасында чемпион екенін көрсетті. Жарыстарға мүмкіндігінше көбірек апаруға тырысамыз, өйткені баланы өсіретін турнирлер екені сөзсіз, – деді жеке бапкері.
Айтпақшы, чемпионның әкесі Нұркен де спортқа жақын, волейболдан талай турнирде тер төккен. Ал, таеквондоға Гүлназ әпкесінің ізінен еріп келгенін айтты.
– Мен ес білгелі спортқа қызықтым, өйткені әкем спортшы болды, кейіннен алдымдағы әпкем осы спортқа келді. Мені де ертіп баратын еді, бір жарыста орын алып, қызығушылық пайда болды, чемпион болған соң ойым тек спортқа ауды. Ең бірінші, ата-анама, жаттықтырушым Ерлан ағайға және жақындарыма зор алғыс айтамын. Маған сенім артып отыр, бұйыртса Олимп шыңын бағындыратын боламын, – деді Гүлназ.
Чемпионды Қыркеңсе ауылдық округінің әкімі Тәттімбет Тұрғалиұлы бастаған ауылдағы ағайын күтіп алып, үлкендер батасын берді. Ол әлі жеткіншек, біз тілекшіміз, болашақта Олимпиадаға барып, ел чемпионы атанып жатса бұл ауылдың, дүйім қазақ елінің абыройы емес пе! Тек алға дейміз, талантты таеквандошыға.

Әли ТЕМІРБЕК

01 маусым 2021 ж. 656 0