Соңғы жаңалықтар

№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Әлем чемпионатына қатысатын қос балуан кім?

Әлем чемпионатына қатысатын қос балуан кім?


Ауданда еркін күрес жақсы дамыған. Оған Жаңақорғандық үш балуан Олимпиада ойындарына қатысып, елдің намысын қорғағаны дәлел. Одан бөлек, Азия және Әлем чемпионаттарында біздің жігіттер табысты өнер көрсетіп жүр. Жақында тағы сүйінші жаңалық келді. 14-22 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтан қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін Әлем чемпионатына Ғалымжан Өсербаев пен Дәулет Ниязбеков қатысып, Токио Олимпиадасына берілетін жолдамаға таласатын болды.


– Алда жауапты ic-шара, біз оған толығымен дайынбыз. Алдымызда қойылған өршіл мақсат – күрес тарихындағы ең ауқымды әлем чемпионатын өткізу. Қазақстандық балуандарға келер болсақ, бірнеше күн бұрын 65 келі, 86 келі, 92 келі және 125 келі салмақтарында еркін күрес шеберлері арасында қорытынды белдесулері өткізілді. Осы салмақтарда екі үміткерден болды. Алайда ұлттық құраманың бас бапкері Әсет Серікбаев және кеңес-жаттықтырушы Маирбек Юсупов басқаратын жаттықтырушылар штабымен екі жеңіске жеткен, әділ таңдау нәтижесі бойынша, әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын ұлттық құраманың ақтық құрамы анықталды. Мен батырларымызды осымен құттықтағым келеді. Жаттықтырушылар құрамы өзінің жоғары біліктілігіне сай, палуандарымызды дұрыс функционалды, физикалық және моральді-психологиялық күйде әлем чемпионатына жеткізуіне үміт артып, балуандарымыздың сапалы және әдемі өнер көрсететіне сенімдіміз», – деді Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ерлан Қожасбай.
Нұр-Сұлтанға кіл мықты сақа спортшылар жиналады. Олардың ішінде Олимпиада ойындарының және Әлем чемпиондарының жүлдегерлері қатысады. Бәрі жеңіс үшін келеді. Атап айтқанда, еркін күрес өкілдері арасында 97 келі салмақтағы ресейлік Абдулрашид Садулаев пен америкалық Кайл Снайдер арасындағы және 74 келіде италиялық Франк Чамизо мен американдық палуан Джордан Барроуздың арасындағы күресті көпшілік асыға күтетіні сөзсіз.
Қазақстанның намысын 57 келі салмақты Нұрислам Санаев (Ақтөбе облысы), 61 келіде Расул Қалиев (ШҚО), 65 келіде Дәулет Ниязбеков (Қызылорда облысы), 70 келіде Нұрқожа Қайпанов (СҚО), 74 келіде Данияр Қайсанов (ШҚО), 79 келіде Ғалымжан Өсербаев (Қызылорда облысы), 86 келіде Әділет Дауланбаев (Алматы қаласы), 92 келіде Нұрғали Нұрғайыпұлы (Астана қаласы), 97 келіде Әлішер Ерғали (Алматы қаласы), 125 келіде Олег Болтин (ШҚО) қорғайтын болады.
Біріккен күрес әлемі дүние жүзіндегі ең үздік балуандардың рейтингісін жасады. 65 келі салмақта Азия ойындарының чемпионы Баджранг Пуния (Үндістан) көш бастап тұр. Одан кейін әлем чемпионы Такуто Отогуро (Жапония) мен Ахмед Чакаев (Ресей) тұр. Үздіктер қатарында түркиялық Селахаттин Кылычсаллаян да бар. Неге 65 келінің балуандарына тоқталдық? Бұл – Дәулет Ниязбековтің қарсыластары. Одан бөлек, АҚШ, Азербайжан, Моңғолия, Украинадан келетін балуандар да осал емес.
Дәулет Шораұлының бұл алғашқы Әлем чемпионаты емес. 2011 жылы Түркияда өткен чемпионатта қола медалға қол созып, Лондон Олимпиадасына жолдама алған еді. Одан кейін Сары құрлықта үш рет дара шықты. Жеңіске жетудің жолын білетін білікті балуан.
Тәуелсіздік алғалы еркін күрес балуандары Әлем чемпионатында алтын медаль алған жоқ. Мамандар мен жанкүйерлер олқылықтың орнын Дәулеттің толтыратынына сенеді.
– Дәулет Әлем чемпионатына жолдама алу жолында көп тер төкті. Сәтсіздіктер де орын алды. Жыл басында Шымкент қаласында өткен Спартакиада да ақтық сында сүрінді. Жарақат алып ірі-ірі турнирлерге қатыса алмады. Ол ерік-жігері мықты балуан екенін тағы көрсетті. Яғни Польшада өткен «Мемориал Циолковскога» турнирінде жүлде алды. Одан кейін Саятбек Окасовпен болған қорытынды кездесудің екеуінде де (3:2,2:0) ұтып, ел намысын қорғайтын болды, – деді Қазақстанға еңбек сіңірген бапкер Әбутәліп Аманов.
Әлемдік рейтингте 79 келіде америкалық Кайл Дэйк көш бастап тұр. Әзірбайжандық Джабраил Гасанов пен ресейлік Ахмед Гаджимагомедов те әлеуетті балуандар қатарынан. Рейтингтің төртінші сатысында Ғалымжан Өсербаев тұр. Бұл – біздің балуан да алтын медаль алуға қауһарлы екенін көрсетеді. Бірақ рейтингтегі көрсеткіш емес, спортшының тактикалық, техникалық, психологиялық дайындығы шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.
Олимпиада ойындарында үздік бестіктен көрініп, Қарулы күштер арасында өткен Әлем чемпионатын ұтқан Ғалымжан Өсербаев жауапты жарыстарда жеңістің жолын таба біледі. Сондықтан жанкүйерлер Әлем чемпионатында Ғалымжаннан да алтын медаль күтеді.
Бір сөзбен айтқанда, жаңақорғандықтар қос балуанның Әлем чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, чемпион атанатынына сенеді.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
17 тамыз 2019 ж. 1 118 0