АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ: АЛТЫ ҚОЛА, БІР КҮМІС
Қытайдың Сиянь қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәреге жетті. Сары құрылықтың кіл мықтыларының басын қосқан байрақты бәсекеде қазақ балуандары еркін күрестен атой салды. Алайда, грек-рим күресінің шеберлері қоржынға алтын сала алмады.
Жарыстың соңғы күндері Мейіржан Шермаханбет 67 келі салмақта финалға дейін еркін жетті. Тек соңғы бәсекеде ғана екі мәрте әлем чемпионы, корей балуаны Рю Хан Суға 1:5 есебімен есе жіберді.
Ал, 72 келіде бозкілемге көтерілген Демеу Жадыраев жартылай сында сүрініп, қола үшін белдесуде өзбекстандық Арам Варданянды ұтты. Сондай-ақ, 82 келіде Мақсат Ережепов тағы бір өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты тізе бүктірді. 87 келіде Азамат Құстыбаев пен Дамир Күзембаев (130 келі), Тамерлан Шадукаев (77 келі) және Қорлан Жақанша (55 келі) Азия чемпионатында қоламен қуантты.
Осылайша жарыстың соңғы күні Нұрым Дүйсенов бастаған мамандар баптап апарған грек-рим күресі шеберлері 1 күміс, 6 қола жүлдені жеңіп алды.
Енді балуандарымыз Нұр-Сұлтан қаласында қыркүйек айында өтетін әлем чемпионатына дайындалатын болады. Сәттілік балуандарға!