» » Арманы асқақ Сағи

Арманы асқақ Сағи

Адамның қасиет-қабілеті туған жердің топырағынан негіз алады. Төменарық ауылының топырағынан нәр алған Сағи Қалдаровтің жеңісті жолына қарап осыны айтуға болады.
Төменарықтан талай өнерпаздар мен спорт саңлақтары шықты десек, солардың жолын Сағи жалғап келеді. Ол 2008 жылы №53 А.Романов атындағы мектепке барды. 2017 жылы Қостанай құрылыс колледжіне оқуға түседі. Мектеп жасынан спортқа бейім екенін көрсетіп, еркін күреске барып, түрлі деңгейдегі турнирлерде дараланды.
Бұл жөнінде мектепте сынып жетекшісі болған Несібелі Қалдарова:
– Сағи қатарластарынан зеректігімен ерекшеленді. Достарының арасында бедел-абыройы жоғары болды. Әсіресе, спорттық шараларға белсенді қатысатын. Қостанайдағы колледжде де өзінің тәртібімен, білімге құштарлығымен ерекшеленді. Оған облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда орын алғаны дәлел. Сондай-ақ Қостанайдағы облыстық газетке өнер байқауларында орын алғаны жөнінде мақала шығыпты. Шәкіртімнің осындай жетістіктерімен мақтанамын, – деп қуанышын жеткізді.
Расында Сағидың спорттағы жетістігі бір төбе. Оның Қостанай қаласы және облыстық деңгейдегі чемпионат пен ашық біріншіліктердегі жетістігінен бөлек, панкратионнан Қазақстан Республикасының чемпионатында екінші орын алды.
– Жекпе-жек спорт түрлерінен Қостанай қаласының, облысының және Қазақстан Республикасының чемпионатында жетістіктерге жеттім. Бұған ауылда еркін күреспен шұғылданғанымның көп пайдасы тиді. Жоспар көп. Бастысы, елге қызмет етіп, бойыма адамдықтың, адалдықтың тәлім-тәрбиесін сіңірген атам Шалқарбек Қалдаровтың үмітін ақтау, – дейді талапты жас Сағи.
Жұпар Шаймерденова

07 наурыз 2021 ж. 478 0