Үстел теннисінің тартысы
Хорасан ата көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жыл толуына орай үстел теннисінен жасөспірім ұлдар және қыздар арасында аудандық жарыс мәресіне жетті. Жарысқа жалпы білім беретін мектептерден 30-ға жуық оқушы қатысып, бағын сынады.
Алдымен ұлдар сынға түсті, 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасынан Нұрсат Бұлдырықов алтынға қол созса, Еркін Елжан екінші, Арман Нәбиев үшінші орынға жайғасты. 14 жастан асқан спортшылар арасынан Ержан Тұрғановқа ешкім тең келмеді. Айдос Мейрамбаев күміс, Сейіт Оралхан қоланы қанжығасына байлады.
Жалпы Жаңақорғанда стол теннисі енді еңсе тіктеп келеді. Бұл спорттың тарихы, даму кезеңі де бар, тек біршама уақыт тұралап қалғаны болмаса. Енді жастар қайта топқа қосылып, аудан абыройын асыруға дайын.
Қыздар арасынан 14 жасқа дейін Каусар Бейсенғазы топ жарса, Айя София Алихан мен Ұлданай Алихан екінші және үшінші орынмен қорытты. 14 жастан асқан бұрымдылар бәсекесінде Ұлжан Асылбекқызы мен Аяулым Бейсенғазы ақтық сында өзара бақ сынада. Жеңіс Ұлжанның еншісінде.
Жарыс жеңімпаздары мен үздік ойыншылар аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бағалы сыйлықтарымен және грамоталарымен марапатталды.