№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Чемпионның шыңы

Чемпионның шыңы


Бокстан 2019 жылы жасөспірімдер арасынан Қазақстан чемпионы, елдегі беледі турнирлердің жеңімпазы, Сыр елінің мақтанышы жаңақорғандық Олжастың келешегін жерлестері көп үміт күтеді. Расында, 10 сыныпта оқитын боксшының болашағы зор, өзінің салмағында облыста оған тең келер боксшы жоқ. Талантты баланың таудай талабын көріп, сұхбаттасудың сәтін тауып көрдік.


Жалпы Жаңақорғанда еркін күрес мектебі қалыптасқаны елге белгілі, енді бокс спортының дара жолы салынып келеді. Құрбаш ағайдан тәлім алған Нұрбек Исаев, Жандос Жаназаров, Дінмұхамед Абайхан сынды білікті бапкерлерден мықты спортшылар өсіп келеді. Ересектерден Қуандық Жүсіп, Азамат Бектас, кеше ғана жастар арасынан ел біріншілігінің қола жүлдегері атанған Тұрсынбай Бақберген сынды былғары қолғап шеберлерінен әлемдік биікті күтеміз. Солардың ізінен еріп келе жатқан Ожастың да алған асуы аз емес.
– Қазір Қызылорда қаласында дайындықта жүрміз, 31 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Ақтөбеде жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты өтеді. Чемпионатқа Олжастан бөлек Елдібайұлы Аслан да қатысады. Екеуі де бабында, жүлде алып, жерлестерін қуантып, аудан абыройын асырады деп сенім білдіремін. Олжас маған 2016 жылы келді, боксқа икемі болды, тәрбиеге көнді, әдіс-тәсілдерді, тактиканы меңгерді. Ол өте талапшыл, көбіне ақыл салып бокстасады. Осы қабылетімен қазір турнирлерде топ жарып жүр, – деді білікті бапкер Жандос Жаназаров.
Бала кезінен спортқа бейім Олжасты әкесі Қоғамбек Бейсенбаев боксқа беруді ұйғарады. Ондағы мақсаты бес қыздың арасында өскен жалғыз ұлдың бойындағы ер мінезі сақталып, жігерлі болып өссін дегені ғой. Бірақ дарынды бала араға екі-ақ жыл салып Сыр өңірінің чемпионы атанып үлгерді. 2016 жылы бокс үйірмесінің табалдырығын аттаған ол 2018 жылы 44 келі салмақта аймақ чемпионы атанады.
– Менің арманым – Олимпиада чемпионы болу, одан кейін кәсіпқой боксқа ауысып, белбеулерді сарапқа салсам деймін. Бірақ ол жолда көп еңбек, маңдай тер төгу керек. Қазір бабымдамын, бұйыртса жасөспірімдер арасындағы соңғы ел чемпионатына қатысамын. Жыл соңында жастар қатарына қосылып, сол тұғырды бағындыру басты мақсатым.
– Кез келген спортшының үлгі тұтатын адамы болады, сен кімді атар едің?
– Барлық баланың арманы Головкин секілді бокшсы болу, мен де сол қатарданмын. Соның стилінде бокстасқым келеді. Данияр Елеусіновтың жекпе-жектерін көбірек көріп, өзіме керек әдістерін үйреніп жүрмін. Жаттығудан бір сәтке болса да қол үзуге болмайды, барлық режимді сақтауға тырысамын. Басында әкем қадағалап жүретін, қазір Жандос ағайдың әрбір жаттығуын мұқият тоқып, содан нәтиже шығаруға тырысамын. Шынымды айтсам, қазақ бокс тарихына өз атымды жазғым келеді.
Иә, көзінде от ойнап тұрған жастың жігері де жалындап тұр. Тек топқа қосса болғаны, тұлпардай тепсініп, жүйріктей жүйіткейін деп тұрғаны осындай талантты спортшыларды осы кезден демеп жіберсек біз сенім артқан үмітті ақтайтыны ақиқат. Олжас тек спортшы ғана емес, оның сабақ үлгерімі де жақсы. №163 мектепте білім алатын ол туралы сынып жетекшісі Ақжарқын Бабажанова да ойымен бөлісті. Олжастың сабақ үлгерімі ғана емес, тәртібі де жақсы дейді ұстазы.
– Мен ұлымды боксқа чемпион болсын деп берген жоқпын, бірақ бойындағы осындай дарынын көріп, отын сөндіргім келмеді. Иә, бастапқы жылдары үйірмеден шығарып алғым да келді, бірақ бапкерінің бұл бала болашақ чемпион болады деген соң, келешегіне қиянат жасағым келмеді. Шүкір, қазір Олжаспен біз ғана емес, Сыр жұрты мақтанатын дәрежеге жетті. Жұбайым Жаннат екеуміздің тілеуіміз елдің туын көтеретін азамат болып өссе екен дейміз, – деді Қоғамбек аға.
Айта кететіні, Олжас Ақтөбе қаласынан алтын мен оралатын болса, онда «спорт шебері» атанады. Жасы 16-ға толған бойда жастар аламанына қосылады. Олжас Мүтән үшін бокс парағы енді ашылды, оның есімі қатарға қосылды. Барлығы уақыт еншісінде, бірақ біз осындай оғланнан олимп шыңына шығатын болашақ чемпионды көрдік. Ендеше сәттілік!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
27 қаңтар 2021 ж. 1 382 0