№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Біздің чемпиондар ерледі!

Біздің чемпиондар ерледі!


Иә, Дәулет Ниязбеков, Ғалымжан Өсербаев біздің чемпиондарымыз. Қос балуан Алматы қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында кезекті рет жерлестерін қуантты. Ал Қанат Мұсабеков күміс медаль еншіледі.


Тоғыз салмақ бойынша мықтыны анықтаған дода көрерменсіз өтті. Дегенмен YouTube-тен тікелей желіде балуандардың белдесуіне куә болдық.
65 келіде бабы мен бағын сынаған Дәулет Ниязбеков қарсыластарының осал тұсын оңай тауып, дараланды. Сөйтіп, Қазақстанда өз салмағында бірінші нөмірлі балуан екенін 8-рет дәлелдеді.
– Еркін күрес Федерациясының вице-президенті Ерлан Қожасбаев және өзге жауапты мамандардың нәтижелі жұмысымен еркін күрес қарқынды дамып келеді. Биыл тегеурінді қарсылық білдіре алатын жас балуандардың екпінін байқадым. Оларға аздаған тәжірибе жетіспеді. Менің мақсатым – байрақты бәсекелерге дайындығымды тексеру болды. Осы себепті тыңғылықты дайындалдым. Маған сенетін жаттықтырушым Абутәліп Амановқа және барша жанкүйерлерім үлкен алғыс білдіремін, – деді чемпион Дәулет Шораұлы.
Ғалымжан Өсербаев чемпионатқа 79 келі салмақтың фавориті ретінде қосылды. Бұл салмақта Мейір Көшкенбаев пен Болат Сақаев алтын медаль үшін барын салды. Әсіресе жартылай финалда атыраулық Болат Сақаев Ғалымжанның осал тұсын табуға тырысқанымен, нәтиже шығара алмады. Ақтық сында біздің чемпион алматылық Рүстем Мырзағалиевпен белдесіп, 11:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Сөйтіп Қазақстанның 5 дүркін чемпионы атанды.
– Биылғы чемпионат жас балуандардың екпіні қатты екенін көрсетті. Алдамызда Алматы қаласында Азия чемпионаты мен Белград қаласында Әлем чемпионаты өтеді. Соған дайындалып, жеңісті жолды жалғастыру керек, – дейді Ғалымжан Өсербаев.
Балуандардың Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндігі бар. Дәулет жолдаманы өткен жылы иеленіп қойды. Екеуінің де рухы мықты, өз-өздеріне сенімді спортшылар. Сондықтан жеңіс жолын Әлем және Азия чемпионатында жалғастыратынына сенеміз.
– Қос шәкіртімнің бағындырған биігіне марқайып қалдым. Оларға босаңсуға болмайды, алда жауапты жарыстар күтіп тұр. Кез келген спортшының мұраты – Олимп биігін бағындыру ғой! Біздің жігіттер де осыны мақсат тұтады, – деді балуандардың бапкері Әбутәліп Аманов ағай.
74 келіде белдескен Қанат Мұсабеков жеңісті жолды жалғап, алтын медель алады деп үміттендік. Бәсекесі жоғары салмақың бірі – 74 келі екені белгілі. Бұл салмақта Әлем, Азия чемпионатының жүлдегелері бақ сынайды. Мәселен, Қанат жартылай финалда 2018 жылы өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжановтан айласын асырды. Ал финалда 2019 жылы өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпановқа есе жіберді. Демек Қанаттың күмісі Сыр елі үшін алтынға бергісіз деп бағалауға болады.
Сырдың тағы бір балуаны 97 келідегі Бекзат Тәжі қоламен қуантты. Міне, төрт балуанның жеткен жетістігінің арқасында Қызылорда құрамасы командалық сында бірінші орынды алды.
Жеңіс құтты болсын, Сыр елі!

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 қараша 2020 ж. 774 0