» » Тартысты өткен ашық турнир

Тартысты өткен ашық турнир

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай Әлия Түбекбаева төрағалық ететін аудандық сот ұжымы құзырлы органдар мен азаматтық қоғам белсенділерінің басын қосып, спорт түрлерінен жарыс өткізді.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өткен спорттық шарада 6 команда бақ сынады. Олар: аудандық сот және аудандық заң кеңес беру бөлімінің адвокаттарынан құралған «Әділет», аудандық прокуратураның «Барыс», аудандық полиция бөлімінің «Ақсұңқар», «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қорының «Ерікті жастар», аудан әкімдігі аппаратының «Астана» және «Жаңақорған ардагерлері» құрамасы қатысты. Спорттың волейбол, шахмат, дойбы түрінен сайысқа түскен қатысушыларға аудандық сот төрағасы Әлия Түбекбаева алғы сөзін арнады.
– Бұл күн – бабалар аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлық күн. Бүгінде Қазақстан құқықтық, дербес демократиялық мемлекет ретінде әлемге танылды. Халықаралық стандарттарға сай заң базасы құрылып, әділет органдарының өкілеттігі кеңейді. Сот органдарының алдыға қой­ған міндеттерінің бірі – сот әділдігін, заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық ағарту тиімділігін арттыру бағытында нәтижелі жұмыс атқаруда, – деген Әлия Бердібекқызы жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ аудан прокуроры Дарын Әбіш пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғани Тұрсекеев жиылғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады. Одан әрі спорт кешеніндегі жарыс бастау алып, алты құрама өзара кім мықтыны анықтады. Шыны керек ерікті жастардың жолы болды. Олар спорттық жарыстың үш түрінен де жеңімпаз атанды. Волейболдан І орын «Ерікті жастар», ІІ орын «Жаңақорған ардагерлері» құрамасы, ІІІ-орын «Әділет» командасы иеленді. Оған қоса, волейболдан үздік ойын өрнегін көрсеткені үшін «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы» номинациялары берілді. Ал шахматтан І орын «Ерікті жастар» мүшесі Б.Махамбетов, ІІ орын «Ақсұңқар» командасынан Ғ.Төлешов, ІІІ-орын «Әділет» командасынан Дәурен Искендиров алды. Ал Дойбы ойынында І-орын «Ерікті жастар» мүшесі Б.Махамбетов, ІІ орын «Ақсұңқар» командасынан Ғ.Төлешов, ІІІ-орын «Әділет» командасынан Б.Мадияровқа бұйырды.
– Тәуелсіздік күніне орай ұйым­дастырылған спорттық шара өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластардың барлығы да жақсы дайындықпен келген. Осындай мерекелік көңіл күй сыйлаған аудандық сот ұжымына айтар алғысымыз зор. Алдағы уақытта дәстүрлі спорттық шара жалғасын табады деген сенімдеміз, – дейді жарыс жеңімпазы, «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық қоры­ның төрағасы Еркінбек Айнақожаев.
Айта кетейік, жарыс соңында бар­лық жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушы тараптың Диплом мен бағалы сыйлығына ие болды.

Самат ӘБДІШ
22 желтоқсан 2019 ж. 746 0