Әкімдердің әлеуеті неге әлсіз?
Соңғы жылдары өркениет көшіне ілесу де, ауылдың ажарын айшықтап, елдің әлеуетін көтеруде әкімдерге артылар міндет, жауапкершілік жүгі еселене түсті. Мемлекет басшысы да Жолдауында осы мәселеге баса назар аударып, нақты міндеттер жүктеп келеді. Оның ішінде ауылдық округ басшыларына бәсекеге қабылеттілікті арттыру маңызды рөлге ие. Өйткені, қазір ауыл әкімдерін жергілікті жұртшылық өзі сайлап алады. Екіншіден, әр ауылдың тайқазаны өзінде, яғни, салықтан түсетін түсімдер өз есепшоттарында. Әрине, бес саусақ бірдей емес, дегенмен көшке ілесіп, көпшілікке үлгі бола алу да шынайы еңбектің көрінісі болады.
Жаңақорған ауданында 26 кент және ауылдық округ бар. Былтыр әкімдер жұмысы жақсы нәтижемен жүйеленгенімен, кем-кетіктер болғаны рас. Тіршілігі түйінделіп, қазынасы қайнап жатқан ауылдарға биыл көптеген тапсырма тапсырылды. Жыл басында өткен жылды қорытқан аудан басшысы Мұрат Тілеуімбетов әкімдер жұмысын сынға алып, нақты межені айқындады.
– 2023 жылға жоғары тұрған бюджеттерден бұрын-соңды болмаған 10,0 млрд теңгеден астам бюджеттік инвестиция тартылды. Бұл жобалар республикалық, облыстық, аудандық мекемелер арқылы іске асырылады. Оның ішінде, елді мекендердің 31 көшесін орташа жөндеуге облыстық бюджеттен 770,4 млн теңге, аудандық бюджеттен 5 ауылдық округтің 7 көшесін орташа жөндеуге 166,1 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл іске асырылатын жобаларды халыққа дұрыс жеткізе білу керек, – деді аудан әкімі.
Бұл қаржы жалпы бюджет емес, қосымша инвестиция. Ауданға әкім болып келгелі Мұрат Жолкелдіұлы 3 ай сайын ауылдарды аралап, халықпен жүздесіп отырды. Әр барғанда көтерілген мәселенің шешілу жолын саралап, оң өзгерістерді сүйіншілей жүрді. Тіпті ауыл әкімі шешетін мәселелерге де араласып, жөн-жоралғысын жеткізді. Оған көзіміз куә, біздікі біреуді даттау емес, қайта абыройын асырып, жігерін жану. «Кездесуге барғанда ең көп мәселе көтеретін округ әкімдері аудандық бюджетті бекіту барысында бюджеттік өтінім тапсырмаған немесе шешімін табуы тиіс күрделі мәселелерін ұсына алмаған...» – деп әкім төтесінен айтты. Бұл мәселе бойынша аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөліміне барып, мән-жайды сұрадық.
– 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджетті қалыптастыру барысында ағымдағы шығындардан бөлек жаңа бастамаларға арналған шығыстар бойынша бюджеттік өтінім ұсынбаған ауылдық округтер бар. Көктөбе, Қаратөбе, Келінтөбе, Аққорған, Талап, Қыраш, Сунақата және Екпінді ауылы бар. Екінші мәселе, ағымдағы жылдың 12 айында біршама округ тарапынан өз бастамаларымен бюджеттеріне нақтылау жүргізілмеген. Сәйкесінше барлық ауыртпалықтар аудан бюджетінің есебінен қаржыландырылып келген. Үшінші, аудандағы күнкөріс деңгейі төмен санатындағы халық саны бойынша облыста ең жоғары көрсеткішті көрсеттік. Бұл ауданда әрбір 12 адамның күнкөрісі төмен дегенді білдіреді, – деді бөлім басшысы Семсер Әсенов.
Бұл жерде басымдық әлеуметі жоғары ауылдарға берілген. Яғни, Сыр беткейдегі тіршілігі түзу округтер табысы төмен елді мекендерге қарағанда жеңілдіктерге көбірек жүгінген. Жәрдемақы, жеңілдіктер және басқа да қажеттіліктерді көрсетіп отыр. “Төртінші мәселе, салық төлемгерлерінің жаңылыс төлеу есебінен 21 млн теңгеден астам қаржы аудандық бюджетке түскен. Бірнеше рет ескерту жолданғанымен, бүкіл ауыртпалық аудандық бюджет есебінен шешілгендіктен, әкімдер тарапынан іздеу, қазынасын түгендеу бйқалмайды, – деді бөлім басшысы.
Салық түсімдеріне келсек, былтыр аудан бойынша жоспар 183 млн 841 мың теңге болса, биылғы меже 257 млн 110 мың теңгені құрайды. Өйткені, кәсіпкерлерге жасалған жеңілдік алынып тасталды. Қарап отырсаңыз, ауылдарға түсетін қаржы әжептеуір, тек тиімді пайдалана алса болғаны.
– Аудан басшысы кент, ауыл әкімдеріне бюджет қаржыларының тиімді жоспарлануына, тиімді пайдалануына қатаң талап қойып келеді. Сонда да кемшіліктер жіберілуде екені ақиқат. Биылғы жылы бөлініп жатқан қаржыны осы бастан дұрыс жоспарлап, сапалы игеру керек. Мердігерлермен жұмысты дұрыс ұйымдастыру керек. Әр жобаны қарап, уақтылы мемлекеттік сатып алуларын өткізіп, игеретін қаржыны дұрыс жоспарлауы тиіс. Сонымен қатар, жеке қабылеттілікті, мінез-құлық, іскерлікті арттыру керек, – деді аудан әкімінің аппарат басшысы Бақтияр Ахметов.
Иә, біздің түсінгеніміз, енді әкімдер бірінші, бюджетті дұрыс жоспарлай алу керек, екінші, қоғамдастықпен бірлесе жұмыс жасайалу керек, үшінші депутаттарды іске араластырып, үнемі байланыста болуы шарт. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жүйелеу, жастармен жұмыс, ең бастысы, инвестиция тарту керек. Өйткені, бүгінгінің талабы осы болуда. Ауылдан шыққан азаматтарды туған өлкенің өрісін кеңейтуге жұмылдыру.
Қандай әкімдерді үлгі ете аламыз деген сауал туындады. Біз ешкімді бөліп-жарғымыз келмеді, дегенмен аудан әкімдігі Байкенже, Жаңарық, Талап және тағы басқа ауылдық округті өнеге етті. Жалпы алғанда, қай ауылды алмасаңыз да жұмыс жүйелі, тек жылдам, әрі тегеурінді болуды талап етеді қазіргі заман.
Түйінін айтқанда, көш жүре түзелер, демекші, барлығы уақыттың еншісінде. Көбісі бірінші мәрте тізгінді қолына алып, жаңа жүйемен енді танысуда. Біз бүгін жыл басы деп әкімдерді жігерлендіріп қоюды жөн көрдік. Өйткені, биыл атқарылар жұмыс ауқымды, әсіресе, газ келетін ауылдар, инвестициясы бар округтерден есеп көп болады. Ал, бюжтеке жауапты бөлім әкімдер рейтингісін алдағы уақыттарда жариялауға уағдаласты. Бұл өз кезегінде бәсекелесті арттырып, жоғары нәтижені көрсетеді. Ендеше, әкімдер қамшыны сабалайтын уақыт жетті.
Әли ТЕМІРБЕК