№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (8808) 7

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкімдер есебінің форматы өзгере ме?

Әкімдер есебінің форматы өзгере ме?

Қаңтар айының бел ортасынан асқанда әкімдер халық алдындағы есебін бастайды. Алдымен ауылдық округ, одан кейін кент, аудан әкімі және соңынан аймақ басшысы жыл бойы атқарылған жұмыс жоспарын жүйелеп, атқарғанын саралайды.
Дұрыс. Бұл – құптарлық іс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы – ашықтық пен жариялықты ұстанып, халыққа жақын болу.
Бірақ есеп берудің форматын өзгертетін кез келді-ау. Мұны жылда кездесуге келген тұрғындардың жанарынан оқып, білуге болады.
Халық жалыққандай. Мейлі ғой, жергілікті әкімдер бір жыл бойы атқарған нақты ісін баяндап, негізгі мәселелерді талдаса. Жоқ, көп әкімдер ауылдағы төрт түлігін санап, клуб үйі мен мектепте өткен іс-шараларды бағалап, 3-4 жыл бұрын атқарған ісін
қайта еске алады.
Жылдағы дәстүр бойынша қаңтар айында 26 кент және ауылдық округ әкімі екі апта ішінде есебін беріп, бір жүктен құтылады. Биыл карантиндік шараларға байланысты есеп беру кездесулері онлайн режимде өткені белгілі. Алдағы есептік кездесулер қалай өтетіні әлі белгісіз. Ресми деректерде офлайн, яғни елмен жүзбе-жүз кездесу болады делінді.
Ауыл-аймақта атқарылып жатқан игілікті істерге ешкім көз жұмып қарамайды. Рас, атқарылған жұмыс аз емес, барды бар деп бағалауымыз тиіс. Әйтпесе, бір ауыл былай тұрсын, бір отбасыға ие бола алмай жүрген азаматтар арамызда жүр. Биыл инфрақұрылымды жетілдіру: жол салу, канал қазу, ауыз суды сервистік желісін жүргізу, газдандыру және т.б. қарқын алды.
Ауылдың келбеті келісті, аймағының ажарлы болуы бірінші әкімге байланыс­ты. Әрбір есеп беруде уәде беріледі де, кейбірі орындалмай қалатынын шындық. Уәденің салмағын сезіне алмай, сөздің қадірін қашырып алатын кез де аз емес. Содан болар жергілікті билік жұртқа уәдесін беріп, ағынан жарылып жатса да сенбейтіндер көбейді.
Қазір ауылдық округ әкімдері өз қаржысына өзі қожайын. Яғни салық түрлерінен түсетін түсім ауыл тайқазанында қайнап жатады. Оны қалай және қай бағытқа жұмсауды жергілікті қоғамдастықпен ақылдаса отырып шешеді.
– Әкімдердің есеп беруі офлайн форматта өтеді. Әкімдер баяндамада цифрлардың мәні мен мағынасын ашып, халықтың сұраған мәселесі шешілді ме, шешілмесе қандай деңгейде тұрғанын дерек еткені дұрыс. Бос сөз, артық уәденің қажеті жоқ. Биыл бірқатар ауылдың әкімі сайланды. Олар ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын өрге тартады деген сеніммен халықты өзі сайлады. Сайланған әкімдер ең бірінші осыны ұмытпауы тиіс, – деді аудан әкімдігінің аппарат басшысы Бақтияр Ахметов.
Жылдағы дәстүр бойынша алдымен әкімдер төл басылымға есебін береді, оны халық алдын ала оқып, танысып алады. Әрине, цифрлар сөйлеп тұрады, бұл дұрыс шығар, бірақ баяндама дерек пен дәйекке негізделіп, нақты атқарылған жұмыстың салмағын таразылағаны дұрыс. Егер кент және ауылдық округ әкімдері атқарылған жұмысты сараптай алмай ма, онда Руслан Рүстемұлының төрағалығымен өткен алқа мәжілістерін басшылыққа алып, сонда аудан әкімі көтерген мәселелерге тоқталып, дайын формулаға салса болғаны, жап-жақсы баяндама шығады.
Ауылда мәселе көп, дегенмен, аудан орталығында екі есе жүк бар. Интернет мәселесі, жарық, тазалық т.б шараларды жүйелеу маңызды. Елді мекендер еңсесін тіктеуде қариялардың қызметі көзге көрінеді. Аядай ғана Талапта тұратын Қуанышбек ақсақалдың сөзі өтімді, өзім деп емес, өлкем деп игі істердің басы-қасында жүреді. Төменарықта Темірбек Құтжанов біраз іске бас-көз болып жүреді.
– Соңғы жылдары атқарылып жатқан жұмыс көп, оны көзбен көріп, құлақпен естіп келеміз. Ауыл аймақта жұмыс бар, ілгерілеу көрінеді, газет беттерінде де атқарылған бастамаларды бағдарлап отырамыз, бірақ, әлі де жасалуы тиіс қызмет баршылық. Енді әкім есебі қалай өтуі тиіс, оны жоғарыдан келген бұйрық шешеді. Бізге керегі қысқа-нұсқа атқарылған жұмыс пен келер жылдың жоспары. Қалғанын уақыт өзі таразылайды, – дейді ел ағасы, ардагер ұстаз Ермағамбет Құлымбетов.
Біз атқарылған жұмысқа емес, есеп берудегі баяндаманың базасына назар аударғымыз келді. Ауылдағы халық саны, мал басы, басқалары маңызды емес. Ең бірінші, елдің әлеуеті сөз болғаны дұрыс. Оларды да түсінеміз, статистика да үлкен рөл ойнайды, өйткені, қазір елді мекендердің барлығы төрт түлікті түлетіп, егінмен күнелтіп келеді.
– Бізге тапсырма қалай беріледі, сол бағытқа бағыттаймыз. Халыққа керегі атқарған жұмыс пен алдағы істің межесі. Ол түсінікті, соны созбаламай, нақты сан мен сапаға сай әрекет етуіміз тиіс, – деді Байкенже ауылдық округінің әкімі Нұрғали Оспанов.
Осы дәстүрлі кездесулердің жаңа формасын ойлап табуға бола ма? Әкімдердің есеп беруін халыққа қолже­тімді етудің жолдары қандай? Бұл жөнінде сарапшылар мен саясаттанушылардың пікірін білдік.
– Онлайн есеп беру дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені ғаламтордың көмегіне жүгіне алмайтын жалғызбасты зейнеткерлер, өзге де әлеуметтік топ өкілдері сұрағын қалай қояды? Тағы бір айта кететін жайт, әкімдердің есеп беруі жұртшылықты жалықтыра бастаған секілді. Өйткені есеп берудің қандай баяндамамен өтетіні тұрғындарға алдын ала белгілі болады. Есеп беру форма­тын өзгертетін кез келді. Әкімдердің баяндамасы сірескен пайыздар мен көрсеткіштерді арқау кеткен есеп-қисаптарға құрылады. Оны сол саланың мамандары түсінбесе, қарапайым халық мән беріп тыңдай бермейді, – деді саясаттанушы Рустам Сағадиев.
Тарихшы Талғат Жанысбай Пре­зидент Қасым-Жомарт Кемелұлы орта­лық атқарушы орган басшылары мен әкімдердің халыққа есеп беру кездесуін өткізудің жаңа тәртібін бекіткенін айтты.
– Қаулыға сәйкес, барлық деңгей­де­гі әкімдер есеп беру кездесуін өткізер­ден бір күн бұрын және одан кейін азаматтарды жеке қабылдауы керек. Әкімдердің баяндамаларынан жалыққан біз жаңа қаулыны қуана қабылдадық. Дегенмен өзгерген яки жаңарған жүйе көрмедім өз басым. Басым бөлігінде сол баяғы пайыздық көрсеткіштер, жіпке тізілген жетістіктер, – дейді ол.
Біздіңше, жергілікті әкімдердің жұ­мысын бағалайтын рейтингте неге басымдық беріледі? Салық базасын арттырып, шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыссыздықты қысқарту, инвес­тиция тарту негізге алына ма, онда осы пунктер бойынша қандай шаралар атқарылды, соны талдау маңызды. Мұны аудан басшысы Руслан Рүстемовтің алқалы мәжілісті жүргізген кезінде аңғарып жүрміз.
Міне, бүгін, ертең есеп берудің форматын өзгерте алмасақ та, баяндаманың мазмұнын байыту қолдан келетін іс. Біз осыны айтқымыз келді.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
26 желтоқсан 2021 ж. 918 0