ЕСЕП БЕРУ-2021: қашан, қалай өтеді?
Биыл тұңғыш рет коронавирустың салдарынан әкімдердің есептік кездесулері онлайн форматта өтеді. Бұл қалай жүзеге асады. Осы сауалды тарқатып көрдік.
Есеп берудің жаңа үлгісі туралы сауалды аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Бақтияр Ахметовке жолдадық.
– Әкімдер өз елді мекенінде 30 пайыз көрерменді сақтай отырып, есеп береді. Есеп беру кезінде ауылдағы мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдар, заңды тұлғалар тікелей эфирмен қосыла алады. Бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты, – деді бөлім басшысы.
Кент және ауыл округ әкімдерінің 2020 жылы атқарған жұмыстары facebook-тегі аккаунтына жарияланды. Онымен әлеуметтік желіге тіркелгендер таныса алады.
Сонымен, 29 қаңтарда ауылдық округтердің әкімі, 1 ақпанда Жаңақорған кентінің әкімі, 5 ақпанда аудан әкімінің есебі Zoom платформасы арқылы өрбиді.
Есеп беруді жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында техникалық дайындықтар пысықталуда. Ескерте кететіні, тұрғындар тікелей эфир барысында немесе алдын ала сауал жолдауға болады. Жолданған хаттарға әкімдік 15 күндік қызмет күнінде нақты жауап беретін болады.
Жаңақорған кентінің әкімі Сейілов Есдәулеттің есебіне ұсынысты Жаңақорған кентінің әкімдігі мен Халыққа қызмет көрсету орталығына жолдауға болады. Ал, аудан әкімі Руслан Рүстемовке сауалды Жаңақорған аудан әкімдігі мен Халыққа қызмет көрсету орталығына жолдауға мүмкіндік бар.
Айта кететіні, аудан әкімінің 2020 жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есебі «Жаңақорған тынысы» газетінің №5 (8406) нөмірінде жарияланды.
Біз ауыл-аймақтар онлайн есеп тыңдауға қаншалықты дайын? Осыны білмекке ауыл әкімдеріне хабарласып, жаңаша форматтағы кездесудің мәнін ұғына түстік. Аудан орталығынан алшақ орналасқан Бесарық ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаев онлайн есеп берудің ешқандай қиындығы жоқ екенін айтты.
– Ауыл тұрғындарының өтініш-талабын жинақтап, арнайы тіркеуге алудамыз. Көбі ауыл мәселелері болса, арасында жеке мәселесін ұсынғандар да бар. Әрбір тұрғынның хаты жауапсыз қалмайды. Белгілі бір уақытта нақты жауап берілетін болады. Біз аудан әкімінің есебін тыңдау үшін 29 қантарда №54 орта мектептің АКТ залына жиналамыз. Әрине орын шектеулі болғандықтан алдын ала сыйымдылықты есепке аламыз, – деп жауап қатты ол.
Халық саны көп ауылдарда 2-3 мекемеде тікелей эфир көрсетілімі болады. Zoom бағдарламасының коды алдын ала жарияланатын болады. Сол арқылы тұрғындар өз мекен-жайы бойынша көріп, тыңдай алады.
Мақпал ПАТЕНОВА