№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Брифинг: күнгей мен көлеңке

Брифинг: күнгей мен көлеңке

Философ, ақын Шәкірім Құдайбергенұлының:
– Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек,
Бұған ұйқасты өлең, сөз керек
Өзіне орайлы» деген өлең жолдары бар емес пе?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде аудан басшысы Руслан Рүстемов жартыжылдықтың қорытындысы бойынша журналистерге брифинг бергенінде осы өлең жолдары ойға түсті.
Абайды ұстазды тұтып, сөз өнеріне тыңнан сүрлеу салуды мұрат еткен ақын қартайған шағында өз-өзімен арпалысып, өлеңнің тоериялық өлшемін өлшеп, өмір философиясын жырға қоспай ма?
Брифингке мұның қандай қатысы бар дерсіздер?
Әрине, мемлекеттік қызметті поэзиямен біріктере алмаймыз, бірақ ондағы идеяны жандандыру талаптының ғана қолынан келетіні анық.
Мұны неге айтып отырмыз? Әкімнің бұл жолғы брифингі басқаша өрбіді. Әдетте басшылар жеткен жетістігі жайлы баяндайтын. Ал, Руслан Рүстемұлы әлеуметтің әлеуетін арттырудағы негізгі мәселеге тоқталудан бастады.
Мәселе болғанда қандай, әлеуметтік мәселелерді шешуде салық базасын кеңейтіп, көлеңкелі экономиканың көлемін қысқарту маңызды. Осы бағытта не істеу керек, қандай қиындықтар бар. Міне, аудан әкімі осыны тарқатып берді.
Бірінші – бюджет қаражатын игерудегі қиындықтар аз емес. Қаржыны бір жұмысқа бағыттап, халық игілігіне айналдыру процесін қарасақ, бағдарлама әкімшісі бюджеттік өтінім ұсынады. Өтінімге аудандық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган қорытынды әзірлейді, сосын бюджеттік өтінім мен қорытынды бюджеттік комиссияда қаралады. Комиссияның оң қорытындысын алған соң тиісті бюджетке өзгеріс енгізіледі және тиісті әкімдіктің интернет ресурсында орналасып, «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Порталда 10 жұмыс күні қаралады, толықтыру немесе өзгеріс енгізуге қайтарылған жағдайда тиісті өзгеріс енгізіліп, толықтырылып қайта жіберіледі. Оған тағы 10 жұмыс күні кетеді. Келісім алғаннан кейін бюджет жобасы аудандық мәслихатқа жолданады. Мәслихат өз регламентіне сәйкес сессия шақырады. Сессиядан өткен соң Әділет министрлігіне келісім алу үшін жолданады. Келісім алған жоба қайта тіркеуден өтеді. Сосын жергілікті әкімдік шешімді іске асыру жөнінде қаулы шығарып, бағдарлама әкімшісіне береді. Көрдіңіз бе, тұрғындар көтерген мәселені шешуде бюджетті нақтылауға кемінде 2,5-3 ай уақыт кетеді. Келген қаржыны мемлекеттік сатып алу конкурсына жариялап, мердігер компанияны анықтауға тағы 2 ай кетеді. Егер ұтып алған кәсіпкер конкурс талаптарына сай орындамаса сотқа жолданып, іс созылып, қаржыны иегеруде тәуекелдер туындайды.
Екінші – салық базасын кеңейтуде аймақтық орналасу коэффициентін белгілеп алу керек. Қазір елді мекендердің инфрақұрылымы жетіліп, жолдар асфальттанды, газ барды, ауыз су тартылуда, мектептеп пен балабақша бой көтерді. Спорт кешендер пайдалануға берілуде. Бұл аймақтық орналасу коэффициентін анықтауды тездету керектігін көрсетіп отыр. Осыны қолға алмай мүлік салығын арттыру қиын.
Жалпы мүлік салығы бойынша салық салынатын объектілердің елді мекен бойынша орналасу коэффиценті жыл сайын бекітіліп, жеке тұлғалардың мүлкі бағалануы тиіс. Алайда, жыл сайын бағалаудан кейін мүлік салығының көлемі азайып келеді. Өйткені, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ базасындағы деректер бойынша ғана бағалау жүргізеді. Алайда ескі тұрғын үйлер бұзылып, жаңадан салынғаны немесе мүлдем жаңадан тұрғызылғаны түгендеусіз, бағаланбай қалуда.
Кәсіпкерлік мақсаттағы мүлік құнын айқындау да өте маңызды. Бүгінде бұл мүлік құнын айқындаудың нақты механизмі жоқ. Кәсіпкер тәуелсіз бағалаушыны жалдап, мүлкін арзан бағаға бағалатып алады. Нәтижесінде салықтан жалтару фактісі орын алады. Мәселен, 300 орындық мейрамхана 30 млн теңгеге бағаланады, 600 шаршы метр болатын сауда үйінің құны 2 млн теңге ғана. Яғни тауар айналымы қомақты сауда үйі 2 мың теңге салық төлейді деген сөз. Мұндай мысал тым көп. Бұл – көлеңкелі экономика көлемін арттырып отыр.
Үшінші – жерді түгелдеу, бағалау және аукционға шығаруда ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету маңызды. Бұл бағытта өзге аудандардың тәжірибелері жан-жақты зерттеліп, аукцион тәртібін басылымнан бөлек интернет ресурсына орналастыруға жұмыс жасалады. Яғни кәсіпкерлік мақсаттағы жерлердің барлығын электронды сауда-саттық алаңында өткізуге дайындық жүргізілуде. Бұл арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын аламыз, әрі аудан бюджетіне қосымша қаржы түсіретін боламыз.
Сондай-ақ, ауданға қарасты әрбір округте бар, айқындалған мәселенің бірі – іс жүзінде жоқ, жойылып кеткен автокөліктерді есептен шығару. Тіркеуде ғана бар, өзі жоқ көлікке салық есептеледі де, өндірілмейді. Көлік салығынан берешек қалыптасып, жыл са­йын арта береді. Шешім – жойылып кеткен көлік салығын есептен шығару процесін оңайлату немесе біржолғы амнистия жариялау.
ДАМУ ДИНАМИКАСЫ ҚАНДАЙ?
Ауданда негізгі салаларда оң көрсеткіштерге қол жеткізіліп, өнеркәсіпте өсім байқалған. Шағын және орта кәсіпкерлік саны 5640-қа жетіп, былтырғыдан 16,9 процентке артқан. Бұдан бөлек, жыл басынан барлық қаржы көздерінен 423 жобаға 1 млрд 164 млн теңге  қаржы тартылды. Сондай-ақ, сауда саласында өсім байқалып, бөлшек сауда көлемі 2,1 млрд теңгеге жуықтап, оның ішінде көтерме сауда көлемі 12 есе артты.
Бүгінде ауданның өнеркәсіп саласы облыстың 11,5 пайыз құрап, Қызылорда қаласынан кейінгі екінші орында болса, өңдеу өнеркәсібі облыстағы көлемнің 27,7 процентін құраған. Сонымен қатар, алдағы жылдары бірнеше инвестициялық жоба іске асырылады.
Атап айтқанда, «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-ның қуаты жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы, «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-ның жылдық қуаты 1200 тонна полиметалл кенін өндіру және қайта өңдеу комбинатын салу жоспарланған. Мұнан бөлек «Жан-Арай» ЖШС жол бойы қызмет көр­сету кешенінің құрылысы жыл соңы­на дейін бас­талады. Тойхана, кафе, асхана, қонақ үй мен монша қарастырылған кешен жанында 1500 тонна көкөніс сақтайтын қойма, 50 гектар алма бағы мен оны сулан­дыруға арналған бассейн салынады.
Сондай-ақ, индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2025 жылдарға дейінгі мемле­кеттік бағдарламасы аясында респуб­ликалық индустрияландыру картасына «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ның жылдық қуаты 4 млн тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы, өңірлік индустрияландыру картасына «Қуат керамзит» ЖШС-ның жылына 3 млн дана блок шығаруға қауқарлы керамзит құрылыс материалдарынан кірпіш және блок шығару жобасы мен биыл іске қосылатын «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін фабрикасы енгізілген.
– Ауыл шаруашылығы өнім­дерінің жалпы көлемі 6 млрд тең­гені құрады. Дегенмен, мал шаруа­шылығындағы өңдеу саласын дамыту керегін уақыт дәлелдеуде. Қазір біз мал басын көбейтіп, оны сатудан аса алмай отырмыз. Ендігі кезекте инвесторлар тарта отырып мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар ашуға мән беру қажет. Мал еті, сүті, терісі мен жүніне дейін өңдеуіміз керек. Бұл – өте ауыр және қомақты шаруа. Алайда оны ауданда жасайтын болсақ, біріншіден таза, арзан, сапалы өнім, екіншіден аудан тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз да күн тәртібінен түспейді, инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде, – деді аудан әкімі.
Биыл күріш көлемі 1316 гектарға азайды. Суды үнемдеу бағытындағы жұмыстар жалғасып, егінді әртараптандыру қолға алынады. Бұл салада ауқымды жұмыс атқарылып жатқанымен, өзекті мәселе де жоқ емес. Мысалы, Жаңақорған – аймақтағы су тоспасы жоқ жалғыз аудан. Мұны Мұны Парламент Мәжілісі Төрғасының орынбасары Балайым Кесебаева таныстырып, маңызы түсіндірілді. Алдағы уақытта оңтайлы шешімін табуы үшін жұмыс жасалады. Жайылымдық, шабындық жерлер қурап, мал суаттарының жойылуынан аурулар көбейіп, көлге қонатын құстар мекендерін ауыстырып, өңір ахуалы күрт нашарлады.
– Сырдария өзенінен су алатын «Келінтөбе» магистральды каналы 30 мың гектардан аса суармалы егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуде. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мал азығын молынан дайындау және су тапшылығының алдын алу Көктөбе ауылдық округінің тұсынан салынатын су тоспасына байланысты болып отыр. Жоба ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің іс-шаралар жоспарына енгізілген. Тағы бір аяқсу көзі – «Тайпақкөл-Қандыарал» көлдер жүйесін қазу, тазалау жұмыстарын жүргізу де өзекті мәселе. Бұл жоба Жаңақорған кенті мен 11 елді мекенді қамтиды. Толық жүзеге асқан кезде барлығы 8880 гектар суармалы жер аяқсумен қамтамасыз етіледі. Аталған мәселеден Парламент депутаттары да, Су ресурстары комитеті де хабардар. Қазір жобаға Су ресурстары комитеті іздестіру - барлау жұмыстарын жүргізуде, – деді аудан әкімі.
Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – электр желілерін жаңғырту, жаңарту. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары салынған электр бағанасы мен желінің 70 пайызының тозығы жеткен. Көбі өткен ғасырдың 1965-1970 жылдарынан бері келе жатқанын айтып, тұрғындар мен сала мамандары да дабыл қағуда. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін құны 3,4 млрд теңге болатын жоба дайындалып, алдағы жылы «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында іске асырылмақ.
Жыл басынан 4 рет аудан әкімі аппаратының кеңейтілген мәжілісі өтсе, шілде айында өткен мәжілісте жұмыссыздық деңгейін қысқарту мәселесі қаралды. Әсіресе, қайтарымсыз гранттар беруде ашықтық пен жариялықты қамтамасыз ету керек.
– Мемлекеттік грантты алғандар келісім шартқа сәйкес 1 жылға дейін кәсіпкерлігін жаппайды. Алайда, 1 жылдан соң жауып тастауға құ­қылы. Сондықтан бизнес идея жыл өтпей жатып тоқтап, кәсіпкерлік жабылып, азаматтар қайта жұмыссыздар қатарын толықтырып жатқан жағдайлар кездесуде. Мемлекеттік грантты өз мақсатына сәйкес жұмсап, кәсіпкерлігін дамыту үшін шартты мерзімді 5 жылға ұзарту керек. Сонда ғана азамат кәсібін дамытуға мүдделі болар еді. Қазіргі жағдайда мемлекеттік гранттардың тиімділігі болып отыр. Жұмыспен қамту мәселесін алып қарайтын болсақ та жағдай көңіл көншітпейді, – деді Руслан Рүстемұлы.
Брифинг барысында тағы бір мәселенің ұшы көрінді. Ол – жұмыспен қамтуда жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыс пен әлеуметтік жұмысқа басымдық беріп, керісінше кәсіпкерлер мен өндіріс орындарымен тығыз байланыста жұмыс істеуде кемшілік бар.
– Жұмысшы іздеген кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы хабарламалар беріп, 90-100 мың теңге жалақыға жұмысшы таппай жатады. Азаматтар сол жұмыстарға барудың орнына 42500 теңге төленетін қоғамдық жұмысқа таласып жатыр. Мәселе өткен айда арнайы аппараттық мәжілісте қаралды. Тұрғындарды жұмыспен қамту, кәсіп ашу үшін мемлекеттік гранттар мен несиелер берудің көлеңкелі тұстарын анықтап жатырмыз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары екендігін айтып өткім келеді. Саладағы кемшіліктер саралануда, – деді аудан басшысы.
Сондай-ақ, газдандыру, ауызсу және аяқ сумен қамтамасыз ету, жол құрылысы, электр желісін жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
P.S.: Шәкәрімнің өлеңімен түйіндесек:
– Денең жан нұрлы болса, жөнделмек,
Өлең әнге өлшеп айтса, өңделмек,
Ұйқасса қолайлы.
Ақынның осы бір өлеңінен өмірге үндестікті аңғаруға болады.
Мақала басында брифингтің бағыт-бағдары өзгеше өрілгенін келтірсек, түйіндеу сәтінде өміршең істерді атқаруда жақсы ниет пен ықылас болса, нәтижелі істерге қол жеткізуге мүмкіндік мол. Яғни кез-келген мәселенің күнгейі болса, оның көлеңкелі тұсы болады. Көлеңкеге күн түсіру ниет пен ықыласқа байланысты. Міне, брифингте осындай ой түйдік.
07 тамыз 2021 ж. 813 0