№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғасыр жасаған майдангер

Ғасыр жасаған майдангер


Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына арнайы барып, Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровты Жеңіс күнімен құттықтады. Майдангердің үйіне облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те барды.

Яхия Тасыров 102 жаста. Ғасыр куәгері Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынған. Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылдың қазанында майданға жіберілген. Соғыс жылдарында Сталинградты, Курскіні, Польшаны жаудан қорғаған. Данск жерінде портта аяғынан ауыр жараланған. 1944 жылы шекарадан Германияға кірген. 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған. Бейбіт өмірге араласқаннан кейін аудан орталығындағы сүт зауытында қойма меңгерушісі болып 16 жыл жұмыс жасаған. 1960 жылы Жалағаштың сүт зауытында мастер, 1982 жылы аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс жасап зейнеткерлікке шыққан. «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан соғысы І-ІІ дәрежелі орденімен», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің
40-50-60 жылдығы» медальдарымен марапатталған.

Бүгінгі күні 3 ұл, 1 қыздан 15 немере сүйген қазыналы қарт.

Облыс әкімі ардақты ақсақалға ізгі тілегін жеткізіп, сыйлық табыстады. Егемен еліміздің жас ұрпағына патриоттық тәрбие берудегі ардагерлердің зор үлесін атап өтті.
Айта кетейік, Жеңістің 79 жылдығына облыста арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Онда мерекелік құттықтаулар, қайырымдылық, әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету шаралары қамтылған. Бүгінде аймағымызда Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген 3948 ардагер бар. Мереке қарсаңында бюджеттен біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілмек. Облыстағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 млн 500 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек төленеді.
06 мамыр 2024 ж. 2 700 0