№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сақтансаң – сақтайды!

Сақтансаң – сақтайды!


Тілсіз жаудың адам мен орын таңдамайтыны белгілі. Ата-бабаларымыз «жеті жұттың» біріне санаған өрт апатын шындығында тілсіз жау деуге тұрарлық. Жақында аудан орталығындағы сауда орны өртеніп, миллиондаған теңгенің тауары күлге айналды. Салдарынан сауда иелерінің сан жылғы бейнеті еш кетіп, қиындықта қалып отыр. Табыс тауып отырған жерінен бір күнде айрылу, әрине, кәсіпкер үшін ауыр. Бір емес, бірнеше кәсіпкер зардап шекті. Материалдық шығынға ұшырады. Өртенген базардың шығынын кім өтейді? Жеке кәсіп иелеріне мемлекеттен көмек бола ма? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік.


Заң не дейді?

Өрттен кейінгі шығынды кім өтейді? Бұл бірдің емес көптің көкейіндегі өзекті сауал. Осы орайда заңгер Дәулет Тұрабаевтың пікірін білдік.
– Иа, ауданда оқыс оқиға орын алды. Жеке кәсіпкерлердің сауда орны өртке оранды. Заңгер ретінде айтайын, бұлардың арасында келісім-шарт болса, онда форсможор деген болады. Сонда барлығы көрсетіледі. Егер табиғи апат болғанда кім өтеп беретіні жазылады. Ал, одан бөлек өрт сөндіру бөлімінің қорытынды актісінде қасақана әдейі жасалған немесе жарықтан деп берсе, кәсіпкердің өзіне айыппұл салынуы мүмкін. Дей тұрғанымен, аудан әкімдігіне барып өтініш жазуға болады. Аудан тарапынан қиналған жандарға беретін қор болады. Содан қандай да бір көмек көрсетілуі мүмкін. Бірақ заң тұрғысынан жеке кәсіпкерлерге осындай жағдай орын алғанда нақты шығын қарастырылмаған. Сол себепті қазіргі таңда құзыретті органдардың қандай да бір шешімін күткен абзал. Өйткені осы шешім негізінде алдымен өрттің себебін анықтау керек. Егер де өрттің себебіне бір жеке тұлға немесе азамат анықталып, әдейі өрт салған болса заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ қандай да бір техникалық қауіпсіздік ереже сақталмаған жағдайда соған қатысты жауапкер тұлға жауапкершілікке тартылуы мүмкін, – дейді ол.

Өртке кім кінәлі?

Өрттен шығынға батқан кәсіпкерлердің бірі Тәрбие Жиенбаева 15 жылдан артық сауда саласында еңбек етіп келеді. Маңдай терінің еш кеткені саулығына сына сап, ауруханадан бір-ақ шыққан жайы бар.
– Өрт болған күні өзім Шымкент қаласына тауарға кеткен болатынмын. Түңгі сағат он екіден өте хабарды естіп, дереу таксимен ауылға жеттім. Келсем дүкендегі заттар түгелдей өртеніп кеткен, ішінен бір зат алып шығу мүмкін болмаған. «Газ жарылып кетуі мүмкін» деген қауіппен полиция қызметкерлері дүкенге ешкімді жақындатпаған. Бар күшімді салып, маңдай термен тырбанып, кәсіпті аяққа тік тұрғыза бергенде осындай болды. Ешкімнің басына бұндай сынақты салмасын. Былтыр сол дүкенді 16 000 000 миллионға сатып алған едім. Одан кейін ішіне жөндеу жұмыстарына қаржы салдым, камера орнаттым, екі бөлмені салқындататын үлкен желдеткіш алдым. Әлбетте, көбін несиеге рәсімдедім. Саудадағы қыстық киімдер мен басқа да заттардың құнын айтудың өзі ауыр. Өрттің шығу себебі бізге де беймәлім болып отыр. Қорытындысы әлі келген жоқ. Тиісті сақтану шараларын жасап, жарықты өшіріп, тоқты ажыратып, жіті қадалағап – ақ жүретінбіз – дейді кәсіп иесі.

Мамандар не дейді?

Өрт оқиғасы жөнінде Жаңақорған ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Берікбай Омаровпен хабарластық:
– Өрт қауіпсіздігі жөнінде қанша үгіт-насихат жұмыстары уақытылы жүргізілсе де қауіптің алдын алу оңай болмай отыр. Сауда үйінде болған өрт түн мезгілінде орын алды. Бізге қоңырау келіп түскен уақытта жедел жетіп, өртті сөндіруге күш салдық. Бірақ біз келгенде өрт күшіне мініп алған, неге десеңіз, өртті бірден байқамаған. Әбден лаулап жанған уақытта көріп бізге хабарлаған. Шұғыл әрекет ету арқылы өзге сауда нүктелеріне өтуіне тосқауыл қойып, дер кезінде бастық. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, сол күні жаңбыр да сіркіреп жауып тұрды. Оның да көп көмегі тиді. Енді өрттің неден шыққаны жан-жақты тексеріліп жатыр, алдағы уақытта белгілі болады.
Сауда базарларында орын алған өрт оқиғалары негізгі өрт қауіпсіздігі ережелері мен нормаларының талаптарын сақтамаудан болып жатады. Қазіргі уақытта күнкөрістің негізі ретінде сауда ісімен айналысатын азаматтар барынша өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауы тиіс. Сауда орындарында өрт оқиғасы болмас үшін базар ауласында ашық от көздерін пайдалануға, кез келген орындарға қоқыстарды жинауға немесе оны өртеуге, базар ауласында эвакуациялық жолдарды кедергілермен жауып тастауға, базар ауласында орналасқан дүкендер мен дүңгіршектерде және т.б. ғимараттарда тозған электр приборларын қолдануға, кез келген орындарда темекі шегуге немесе темекі тұқылдарын толық сөндірмей тастауға қатаң түрде тыйым салынады,– дейді ол.
Сонымен қатар төтенше жағдай бөлімінің басшысынан қарапайым халықтың тарапынан туындаған “Өрт көлігінде су болмады”, “Өртке қолданатын арнайы көпіршікті қолданбады” деген сауалдарға да жауап алған едік.
– Ол жерде өрт көлігінде су болмады деген жалаң пікір. Біз кез келген уақытта дайын тұрамыз. Көліктердің барлығында су болған. Өрттің жануы қатты болды. Бір секундта қырық литр суды жұмсайды. Көліктегі су таусылғанда жанындағы көлден тікелей тасымалдап отырдық. Ал көпіршікке келетін болсақ, ондай өртке көпіршік қолданылмайды. Ол үлкен өндіріс орны емес, мұнай немесе химиялық заттар өртеніп жатқан жоқ. Оның да өзінің қолданатын орны, жөні болады, – деді.
Сауда орнындағы өрт түнгі уақытта басталған. Қызыл жалын сол жердегі шағын асханадан шықты деген болжам бар. Шығын көлемі әзірге белгісіз. Белгілісі, бірнеше сауда нүктесі отқа оранған.
Осы ретте «Нұр» базарының басшысы Аблан Әсеновпен де тілдесіп, мән-жайды сұраған едік.
– Адам өмірінен ештеңе артық емес қой. Бұл жағдай орын алған уақытта күзет бөлімінен хабар келді, дереу өрт болған жерге жеттім. Базардың артқы бөлігінде бір қатарда тұрған сауда нүктелері бізден бөлініп, жекелерге сатылып кеткен еді. Кәсіпкерлер жеке-жеке сатып алып, кәсіптерін жүргізіп отыр. Біздің базардағы кәсіпкер жігіттің қоймасы сол ғимаратта еді. Ол да түгелдей жанып кетті. Өзім базардағы сауда нүктелерінің иелерін ұйымдастырып, қолдан келгенше көмек қолын созып жатырмыз. Дей тұрғанымен, ол жердің барлығында камера орнатылған, қарауыл бақылап жүреді. Оның үстіне, ол өте көне ғимарат. 1960 жылдары салынған, әбден тозығы жеткен. Кез келген дүниенің жарамдылық мерзімі болады. Сол сияқты ол жерде электр сымдары да ескірген, төбесіндегі ағаштары мен қамысы да қурап тұр. Өрт шыққан кезде өрт бөліміне, полиция қызметкерлеріне хабар берілген. Алайда 2 өрт сөндіру көлігі келіп, отты дер кезінде ауыздықтай алмады. Адам күші де аз болды. Адам күші көп болса, ол жердегі заттың 50 пайызын аман алып қалуға болар ма еді. Мен бір емес, бірнеше рет осы ғимараттың тозығы жеткені жөнінде тиісті орындарға хабар бергенмін, бірақ ешқандай жұмыс жасалмады, – дейді ол.

ТҮЙІН: Тілсіз жаудың төнер уақыты белгісіз болған соң, оған дейін дайындық жұмыстарына сақадай сай болу қажет. Өрттің шығуына негізгі себеп қауіпсіздік ережелерінің дұрыс сақталмауы. Одан бөлек өртті өшірудің қиынға түсуі. Себебі өрт сөндіру кезінде отқа жылдам жанатын заттардың болуы да кері әсерін тигізеді.
Қазір өрт болған жер қоршалып, түгелдей жабылған. Өйткені өрттің қорытындысы келмей ешқандай әрекетке рұқсат жоқ. Әрине тірі жан тіршілігін жасайды. Мұндайда халқымыздың өртенгеннің соңын байлыққа, дәулетке жорып, өз-өзін жұбататыны бар. Лайым, солай болғай. Әр нәрсенің қайыры бар демеуші ме еді?!

Әсел РЗАЕВА
06 сәуір 2024 ж. 2 226 0