Жоқтан бар жасау
Көкемнің дарияға төккен ауына сол күні біршама несібе ілігіпті. Жіп ауды абайлай тараштап, түскен балықты мен ашқан қаптың аузына лақтыра берген еді. Сонда есімде. Аудағы ірілі-ұсақты балық атаулының ішінде дәу сазанның ерекше бұлқынғаны. Салмағы 10 келіден ары бар шығар. Бөлек қапқа салғызды оны. Бесінші класқа өткен маған бұл сазанның салмағы біршама жүк. Тырмыса көтеріп, көкемнің "лөккебайына" мыңшыңдай арттым.
- Жарықтық, еркін жайылыпты-ау, - дейді көкем мұндайда майы қалқыған сорпаны іше отырып.
- Ее, бала-шағаның несібесі де, - дейді әжем де оны қоштап.
- Жеңше, оны не істейсіз?
- Керек болады.
- Аа. Ары қарай даладағы ойынның қызығына еліттім бе, білмеймін, сыртқа ата жөнелгенмін.
Неге керек екені кейін белгілі болды. Былай еді. Күндізгі ыстыққа шыдамай, түнімен жайылатын біздің жақтың мүйізділері таң ата келетін. Онда да желіні сыздай бастаған соң ғана. Сиыр өзі мешкей жануар ғой. Қорадағы ішегін тарта мөңірегін бұзауына желіні толмайынша асықпайтын сабазың осылар.
Сонда ғой. Таңғы бесте сауылған бар сиырдың сүтін жеңгей үлкен қазанға құятын. Қорадағы қыстан қалған баулаулы сыпырықты әкеп қазақы ошақты көмейіне тыға беретін. Кейде айырмен күн астынан жайып кептірген көп жападан қалап кетеді. Иә, тезекке піскен нан да, сүт те, тіпті тамағың да дәмді емес пе?
Қайнаған сүттің артында қаспағы болады. Бұны да жеңгей әр балаға әр күні кезек-кезекпен береді. "Үкімет-үкімет, өшірет-өшірет" дейтін қағида біздің жеңгейге әбден сіңген.
- Әй, Ежөк, қаспақ жегің келсе тұр ғой.
Атып тұрдым. Қаспақ дегенде ұйқы да километрлеп қашады. Беті-қолыңды жумастан дүниедегі мейірімді де әділетті жеңшеңе жетіп барасың мұндайға.
Сайраш қазандағы қаспақты қырып тұрады бұл кезде. Қолында әлдебір зат. Қасық емес. Әппақ, бұрын мен көрмеген дүние.
- Енді түсіндің бе? - деді көзім жыпылықтай қазаннан көз алмаған маған қарап. - Қай күні көкеңмен бірге аулаған сазанның жақ сүйегі. Ертеректе теңіз жағасында тіршілік қылған шешелеріміз қазанды осымен тазалапты ғой...
Ержан Қожас