№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үмітсіздер үйлесімді үзбесін

Үмітсіздер үйлесімді үзбесін


Жер-жиһанда тіршілік атаулыға тірек етіп сана иелерін жаратқанда, оған ақыл-есімен қорған болуы, тіпті алға қарай жылжудың үлгілі үйлесімін қалыптастырып, жақсылыққа қол артуы парыз етілген ғой. Нешеме заманаларды артқа тастаған ұлтымыздың қараңғылықтың қамытынан құтылғалы қашан, білім мен ғылымның жетістіктерін бағындыруда талантты халық екенімізді әлемге дәлелдеген тұстарымыз да аз емес. Осындай мәртебеміздің шалғайына жармасып, іштен шалып құлатар жетесіздіктен жеке адам түгілі тұтас қоғам зардап шегіп, қалыпты өміріміздің қауіпке тұтылуы тәртіп-талапты барынша нығайтуда әсіресе мемлекеттік органдардың біріге амал-әрекетке көшуінің маңыздылығын алға тартады.


Әңгімемізді бұлай бастауымыздың себебіне тоқталайық. Аудан әкімі жанындағы кәмелеттік жасқа тол­мағандар жөніндегі комиссияның отырысында қаралған ауыр жағдай, төбеден жай түскендей, тиісті сала өкілдерін сан соқтырып отырған жайы бар. Айтуға ауыз бармайтын оқиға Өзгент және Түгіскен ауылында орын алып, 10 және 11 сәуір күні қатарынан екі бірдей кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипаттағы зорлық тіркеліп, кеудесінде жаны барды сең соққан балықтай сенделтіп кетті.
«Жау кеткен соң қылышыңды боққа шап» деген аталы сөздің салмағы қандай ауыр еді, комиссия төрағасы мен құрамындағы кәмелеттік жасқа толмағандарға тікелей қатысы бар тұлғалардың шыж-быж жағдайын осыған телуге болар. Қайсысын болмасын күйзелтіп отырған сұрақ біреу: бұған қалай жол беріп алдық.
Әсіресе, арамниеттінің тұзағына ілінген Түгіскен ауылындағы №256 мектептің 2 сынып оқушысы, әлі өмірге де көзін ашпаған тіптен бүл­діршін қыздың тұманға тұншыққан сәби түйсігінің обалы санамызға жүк болып тұр. Сөмкесін арқалап мектепке шыққан қыздың жанында кішкентай құрбысы болған, өзінен үлкендеу ағасы ертіп барып жүреді екен, дәл сол күні үйде заты қалып қойып, кіді­ріп қалған, мектеп пен үйдің ортасында 100 метрдей ғана қашықтық трассада қарсы кездескен көліктен түскен, қазір қамауда отырған 1997 жылғы күдікті «Жүр, папаңа апарам, ақша берем деп жатыр» деп алдап, қызды көлігіне отырғызып алып кеткен. Ал Өзгенттегі орын алған жағдай кәмелетке толмаған оқушыға шабуыл 1967 жылы туылған мектеп қарауылы тарапынан орын алған. Екі қылмыскер де бұлтартпас айғақтармен қамауға алынып, ісі сотқа өткізілді.
Комиссия отырысында аталған мектептердің директорларына шара көру мәселесі талқыланды. Ауыл әкімдігі де жауаптылықтан тыс қалмасы белгілі. Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы А.Жолдасбаев орын алған оқиғаның мән-жайын баяндап, алдағы уақытта алдын алу үшін қатаңдатылған шара­лар түзілетінін жеткізді. Аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Ибрагимов өкінішті оқиғаның орын алуына мүмкіндік туғызған қаперсіздіктің бастысын атап көрсетті. Елдімекендер аумағы жыл өткен сайын ұлғайып келе жатқандықтан балалардың мектепке қатынауы қиын. Қаражат мәселесін қиынсынбай тасымалды жолға қою керек, деді ол. Өйткені бала тағдыры – бәрінен маңызды. Қоғам болып, ауыл әкімдері, мектеп, жастар ұйымы ауыл тұрғындарын түгел есепке алып, әлеуметтік жай-күйлерін талдау, сараптау ал­горитмі түзілуі керек. Тұрмыс-күйі төмен отбасыларына ауыл әкімдігі ірі шаруа қожалықтары арқылы демеу шараларын ұйымдастырып, балаларының да қамқорлықты сезінуі билікке деген сенімін нығайтар еді деген ұсынысын айтты. Аудандық бас сақшы А.Жолдасбаевтың оқиға болған орында халықпен әңгімеде көңілге түйген мына ескертпесі назар аудартты. Бұдан бұрын да осындай қылмыспен сотты болып, жазасын өтеп келген педофилдің таяуда біреудің қызын көлікке мінгізбек болған ниеті іске аспай, күмән туғызған жағдай байқалған екен. Неге солай бола тұра тиісті орындарға дабыл қағылмады, сонда әлеумет те құлақтанып, етек-жеңін қымтап жүрер еді. Жалпы, комиссия мүшелері тарапынан елді мекеннің тыныштығына жауапты полиция қызметіне орынды сын туындағанын айтуымыз керек. Қазірде мектеп инспекторлары қыс­қартылып, аудан бойынша 42 мектеп ювеналды қызметтің 6 инспекторына ғана жүктеліп отыр. Олар барлық аудан мектебін қамтуға физикалық тұрғыда дәрменсіз. Бұл ретте ау­ылдық учаскелік инспекторларына жауаптылық артылады. Олар мек­тепте жиі болып, сақтық шаралары жөнінде лекция оқып, психологтар­мен байланыста болып, елдімекенде есепте тұратындар жөнінде ескертіп, қояма-қолтық жұмыс жасап отырса, қауіптің алдын алуда оны бала санасына жеткізудің тәсілін тәлімгер өзі табар еді ғой. Сол жұмыс талаптағыдай болмай тұр. Тағы бір мәселе, ауыл учаскелік инспекторының елдімекенге отба­сымен көшіп бармай, орталықтан қатынап жұмыс істейтіні де тәртіптің қолдан шығуына тікелей себеп болса керек. Жалпы, егелігіне алған жұмысқа жүрдім-бардым қарап, қатынап жұмыс істеуге арланбайтын қайбір лауазым егелерін – ауыл әкімін де, мектеп директорын да, учаскелік инспекторды да өз қызметіне адал тұлға деп айту артық. Қасиетті кәсіпке құрметсіздіктің түп тамыры осыдан бастау алмай ма? Қарамағындағы бес бұзақыны түгелдеп, еге бола алмай жүрген полицейдің жұмысының шикілігінен 500 оқушыны мәпелеп отырған мұғалімнің басына күн туатыны қиын.
Сенбі күні осы ауылдағы №209 орта мектебінде болдық. Жылдың соңы, кестедегі сабағын оқып, ол біте бере ҰБТ-ға дайындалып у-шу болып жататын мектепті үрей қамап алған. Сынып жетекшілері есік аузында үйге қайтатын әр жеткіншекті аңдып, алаң болып жүргеніне апта болып барады. Әсіресе, әлгі бұзақының мектеп жасындағы іні- қарындастары осы мектепте оқиды, бірге туғанның жазығынан солардың бірі жазым болып қала ма, жәбір көрген бүлдіршіннің де бауырлары ашу-ызадан бойына әрең сыйып жүргені аян, әлдебірінің қолы қанға малынып қала ма деп бұл ауылдың халқында ұйқы жоқ.
Ауыл өмірінің қаладан айыр­машылығын айтқанда адамдарының бір-біріне деген мейірім шапағаты алдыңғы орынға шығатыны айтпаса да түсінікті. Қарапайым еңбегіне сыйынып, қашанда ағайын-туысқа қарайласып жүруді міндет санайтын бейнетқор елдің бірлігі бәрінен биік тұр. Сол ауызбіршіліктерінің арқасы, жаңағы әулеттің бір ба­ласының үйі қыс ортасында өртеніп кетіп, соған ауылдағы бар ағайын руым, елім деп бөлініп жатпай, барлығы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қаржылай да жинап, қол жәрдемін де аямай үйін қайта салып бергені кеше еді. Сол әдемі қарым-қатынасқа сына қаққан бір «шіріген жұмыртқаның» елдің шырқын бұзғанына жаны ауырған жөн білетін үлкендер жағы ала шыққан ағайынына бүгінгі күні үй-жайымен ауылдан қара үзуді талап қып қойып отыр. Арды аттап, киені аяққа таптаған қылмыс атаулыға ата-бабадан келе жатқан кесімнің жазасы осындай. Оны жазбай орындау жайқалып өсіп келе жатқан ұрпақ алдындағы екі жаққа бірдей жауапкершілік. Облыстық полиция департаменті, аудан прокуроры қа­тысқан халықпен жиналыста да осындай мәмілеге тоқтады.

Баян ҮСЕЙІНОВА
20 сәуір 2022 ж. 1 289 0