№89 (8800) 9

09 қараша 2024 ж.

№88 (8799) 5

05 қараша 2024 ж.

№87 (8798) 2

02 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Ажалдан арашалаған батыр ана

Ажалдан арашалаған батыр ана

2000 жыл. Қаңтар айының 21-і, қалың қар, боранды күн, табиғаттың тосын мінезі әдеттегідей жаяу жүруге қиындық туғызып тұр. Сыр беткейде қоныстанған ауылдардағы ағайынның аудан орталығына қатынауы өте қиын кез. Дария үстінен тек арнайы көлік жүретін пантон, яғни қалқымалы көпір болды. Автобустар алдымен жолаушыларын түсіріп, өзеннен өткеннен кейін қайта мінетін. Әйтпесе көпір ауырлықты көтере алмайды, қайықпен, тіпті айдынға мұз қатқанда жаяу жүретін кездерді де көрдік. Осындай қым-қуат тұста көпшілік бір оқиғаның куәсі болды.
Сол қаңтардың қақаған суығында арғы беттегі ауылдардан жаяулатып келе жатқан жолаушылардың қалың қарасынан мұз ойылып, Мейрамкүл есімді әйел суға кетті. Оны байқап қалған Райса анамыз жылдам іске көшіп, мұз үстінде жата-жастанып ағынмен кетіп бара жатқан замандасының қос қолынан ұстап, бар күшімен судан шығарып алды. Әрине қыстағы судың ағыны, суығы түскен адамның денесін құрыстырып, тамырын тартып тастайды. Секунд кешіккенде көпбалалы ананы құтқару қиынға соғар еді. Бұл туралы Мейрамкүл анамыз толықтай баяндап берді.
1995 жылы жолдасымның апасы қайтыс болып, артында бес қызы қалды. Күйеуім жиендерін жетілдіремін деп Түгіскеннен Жаңарыққа көшіп келдік. 2000 жылы балаларға 5000 теңгеден жәрдемақы тағайындалатын болып, ауылдың 17 келіншегі іліндік. Менің бес балама 40 000 теңге тағайындалды. Сол жылдың қаңтарында Жаңақорған кентіне әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен жәредемақы алуға бірге келіншектерден сәл кештеу шықтым. Сағат 10.00 шамасында дарияның үстінен жаяу жүру үшін көліктен түстік. Мен де жолаушылар соңынан ілесіп келе жатып, жарылған мұзды басып едім, екі аяғым бірдей суға кетті. Қос қолыммен, кеудем ғана мұз үстінен ақырындап суға сырғи бастады. Жан ұшыра айқайласам да қасымдағылар мән бермеді, әрқайсысы өз өмірімен әлек. Құдды бір кинодағыдай күй кештім, кенет бір қыз топтың арасынан маған қарай ентелей жетті.
– Ойбуй, мына жас келіншек өлетін болды, көмектесіңіздер, – деген дауысын естідім. Тіпті қасындағылар оған:
– Рая, керек емес, қазір сен де мұз ойылса түсіп кетесің, – деп кері қайтармақ болғандарға айқайлағанын әлсін-әлсін естіп тұрмын. Демім бітіп, әлсірей бастадым.
– Қолыңдағы пакетті таста, оның қажеті жоқ, өміріңді ойла, – деген сөзіне: «Қайта пакетті ала кетіңізші, мен суға кетемін, бұл құрғырда жолдасым мен бүкіл бала-шағамның құжаты бар» – деп қолымдағыны мұз үстімен ысырып жібердім. Ол етпеттеген күйі құжатты аяғымен тартып алды да, қасындағыларға ұстатты. Осымен бітті деп едім: «Әкел қолыңды» деп одан сайын жақындай түскен нәзік жандыға мен де бар күш-жігерімді жиып, қолымды беріп үлгердім. Бір аяғыңды шығар деген сөзден соң бәрін түсіндім, ең бастысы, денем мұз үстіне келді. Бар күшімді жиып, мұз үстіне зорға шықтым.
– Енді мұз үстімен бауырлап жылжы, тек тұрма, – деді. Сөйтіп қалың мұзға әрең жеттім де, орнымнан көтерілдім. Өмірге қайта келгендей күй кештім. Солай жағаға жетіп, әпкем болса бірден автобусқа отырғызды. Ал, аудан орталығына келгенде абысыным Сәнияға «Жеңеше мен дарияға түсіп кеттім» деп күле беріппін. Қаншама қорқыныш, үрей мені алжастырып жібере жаздады. Болмаған соң, көрші кісіні шақырып, укол салғаннан кейін ұйықтап кетіппін. Ертесіне есімді жиып, мені құтқарған кісіні сұрастырып едім, есімі – Райса Маткаримова екен. Келінтөбенің тумасы. Кейіннен үйіне іздеп барып, алғысымды айттым. Ерлердің ерлік істері нәзік жандылардың қолынан да келетініне көзім жетті.
Міне, кейіпкеріміз осылай сөзін түйіндеді. Арада 20 жылдан астам уақыт өтсе де бұл оқиғаны көпшілік әлі ұмытқан жоқ.
– Азаматтар алға озып, әйелдер қауымы соңынан еріп келе жатқанбыз. Мұз ойылғандай болды, мән бермедік. Жанымда келе жатқан Мейрамкүлдің аяғы тайып, суға кеткенін де толық аңғара алмадым. Өйткені, қардың тұманы көзімізді тұмшалап, жан-жағымызға қарауға мұрша бермеді. Не керек көріп үлгердім, суға кеткен ананы құтқаруды мақсат етіп, суға қоя бердім. Шынымды айтсам бұлай әрекет ету әрбір адамның парызы деп білемін, – деді Рая апайымыз.
Біздің балдәурен балалық шағымыз бұл жылдардың куәсі болды. Сырды бойлай орналасқан ауылдарға бару расында қиын болатын. Біріншіден, көпірдің көркі мен сыйқы сын көтермеді, екіншіден, тас жолдар барар жеріңе жеткізіп болмайды, көліктер де ескі, жиі бұзылып, есіңді шығаратын, М.Нәлібаев ауылына баратын болсақ, кем дегенде 40 минут жүретін едік. Автобуспен, онда да тез жүрсек. Осындай шым-шытырман кезеңді алдыңғы аға буын әлі ұмытқан жоқ. Оқиға орнында болған куәгерлер бірінен соң бірі болған жайдың жай-жапсарын айтып, хат ретінде жіберіпті.
– Бірнеше мектеп директорлары мен есепшілері аудан орталығына жұмыс бабымен бара жатқанбыз. Мен Рая, Толқын үшеуміз қатар келе жатқанбыз. Соңымыздан келе жатқан жас келіншектің аяғы тайып мұз үстінен суға сүңги кетті. Байқап үлгермедік, тек Раяның жанталасып жатқанын көріп, абдырап қалдық. Ағыспен арпалысып жүріп, құтқарып алды, – деді Дәмегүл Төлегенова апайымыз.
Бұл оқиғаға куә болған Толқын Омарова, Мақтагүл Сайдажиева сынды аналарымыздан да хат келді. Барлығының есінде батыл қыздың ерлігі. Ал, Мейрамкүл анамыздың жары Қалдыбай Төлжанов ағамыз Райса құрдас-замандасына алғысын хат арқылы айтып, әлі күнге дейін ризашылығын білдіріп келеді. 
Кейіпкеріміз Райса Досжанова 1959 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, Алматы экономика және статистика академиясының «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша бітірген. Біз білетін мәліметте, мектепте бухгалтер қызметінде. Ол кісінің сол батырлығы қандай құрметке болса да лайық. Өйткені, қаншама баланы тірі жетім етуден құтқарған жанның жанкештілігі бүгінгінің «Батыр анасы» деуге әбден болады...        
Әли ТЕМІРБЕК
28 қараша 2021 ж. 1 359 0