2005 жыл: Төменарықтағы қоныс той
«Ынтымағы жарасқан ауылдың ырысы мол». Сын сағатта сабылған жұртты сабырға шақырып, сүрінбеудің сара жолын көрсетіп, бірлігі мен тірлігі жарасқан ауылдастардың қарекетін қалай мақтасақ та жарасады. Осындай тындырымды тіршілігімен үлгі болған Төменарықтық ағайындардың татулық ескерткішіндей көзге оттай басылатын Әбутәліп Алтыбаев көшесінің ашылу тарихының өзі бір белес.
Тәуелсіздік жылдарындағы аудан тарихына зер салсақ, 2005 жылы көктем айында дарияның тасуынан халық зардап шекті. Жаңақорған кентінің шеткі көшелеріне су келіп, тұрғындар әбігерге түсті. Ең үлкен залал Төменарық ауылында орын алды. Елді мекеннің батыс аймағындағы «Қос каналдың ортасы» аталатын бөлігі судың астында қалды. Бұл жөнінде «Жаңақорған тынысы» газетінде 2005 жылы жазылған мақалалардан білуге болады.
Сол жылы ақпан айында дария бетінде мұз қалың қатып, артынша жауын-шашын мол түсіп, таудан қарқын су Сырды кемеліне келтірді. Табиғат апатына ұрынған төменарықтықтарды түн ішінде қауіпсіз аймақтарға көшіріп, мектептерді паналады. Бас сауғалаған ағайынға көмек қолын созған жерлестер уақытша жай ұйымдастырып, азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Аудан әкімінің жанынан жедел комиссия құрылып, зардап шеккен тұрғындар тізімін жасақтап, шығын көлемін анықтады. Табиғат апатынан 35 тұрғын үй жарамсыз болып қалғаны анықталып, зардап шеккен отбасыларға жаңа үй құрылысын жүргізу күн тәртібіне қойылды. Мемлекет қаржысынан 120 миллион теңге жұмсалып, ауылдың қауіпсіз аймағынан бір көшенің сызбасы жоспарға түсті. Мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланып, жеңімпаз анықталып, небәрі 2 ай 18 күнде ауыл шетінен жаңа көше ашылды. Ауыл ағайындарының қоныс тойына сол кездегі облыс әкімі Икрам Адырбеков арнайы келіп, қоныс кілтін табыстады. Әрі жыл басында елді әбігерге салған дарияның қауіпті тұсын биіктетіп, ел қауіпсіздігінің алдын алуды жергілікті басшыларға жүктеді. Осындай апаттың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыс жүргіліп, алдағы маусымға дайындық жұмыстары бекітілді. Жыл басында қиындық көрген жұрт жаңа қонысқа көшіп, жайдарлы өмірге оралғанына тәубе етті.
Бір қайғының артында бір қуаныш есік қағады дегендей, тарихи сәттің куәгері 10 құрсақ көтеріп, үлкен әулеттің берекесін тіліп отырған апамыз Раушан Сұлтанқожақызы:
– Бейғам жатқан ауыл бір түннің ішінде төнген қауіптен ес жия алмай, азалы күн кешті. Мал мен мүліктен айрылып, бассауғалаған жұртқа басу айтып, бірігіп тіршілік етідің мәнін ұқтырған сол кездегі ел тізгінін ұстаған ағаларға әлі күнге дейін алғыс айтып, денсаулығының мықты болуын тілеймін. Өзіміз сол кезде қойшы едік, үйіміз бен қырықтан астам қой суға батып кетті. Он баламның амандығын ойлап, ауылдастармен бірге қауіпсіз аймаққа көштік. Үйіміз не күйіміз жоқ, енді не балар еекен деген уайым жеп қойды. Шүкір, ағайын бар жерде жау алмайды екен, ауылдастардың жанашырлығын үй құрылысы жүргізілген шақта анық сезіндік, – деп еске алады.
Бүгінде ауылға көрік беріп тұрған кең шағаладай тізілген 35 тұрғын үйі бар Әбутәліп Алтыбаев көшесінде басым көп балалы отбасылар қоныстанған. Көптің тілегінің қабыл болуынан болар, бұл үйлердің әрбір тұрғыны берекелі отбасын құрып, зиялы тұлғалар тіршілік етуде. Бір сөзбен айтсақ, құт қонған қоныс деуге болады.
Айта кетейік, 2005 жылы ауданда кәсіпкерлікті қаржыландыру ісіне дем беретін «Қамқоршы» ЖШС жұмысын бастады. Жаңақорған кентіндегі №125 С.Сапарбаев атындағы мектептің ашылу салтанаты өтті. ҰБТ көрсеткіші бойынша облыста үшінші орынға қол жеткіздік. Атап айтсақ, №209 мектептің түлегі Айғаныс Қарақожаева, №184 орта мектептің оқушысы Елнұр Әбдікәрімова, №168 орта мектептің үздігі Нұржан Айтжанов облыстық пәндік олимпиада да бас жүлдеге ие болып, білім деңгейін байқатты. Осындай елеулі оқиғалармен ел есінде қалған 2005 жылды құтты жыл болды деуге негіз бар.
Мақпал МАРҚАБАЙ