1998 жыл: Шипажай қайта жанданды
Ел тарихына үңілген сайын елеулі оқиғаларға тап болып, қайталанбас тарихи сәттерге куә болудамыз. Жаңақорғанның басты брендіне айналған «Жаңақоған шипажайы» АҚ 1998 жылы жаңа келбетке ие болып, ем алу сапасы мен қызмет көрсету сервисі жоғарылап, халықаралық деңгейде таныла бастан кезі.
Нарық заманы қос бүйірден қысқан тұста бірнеше уақыт бойы жұмысы тұралап, тоқтап қалған санаторийдің тізгінін ұстаған жергілікті кәсіпкер Амангелді Абдуллаев өз қаражатына құрылыс жұмыстарын жүргізіп, батпақпен және сумен емдеу пункті мен бас корпусқа дейінгі 100 метрлік алаңқай жабық манежге айналды. Бұл ем алған адамға суық тимей, шипасы даруына қолайлы жағдай туғызды. Оған қоса, 150 адамға арналған асхана құрылысы салынды. Жаңадан 7 люкстік қонақжай ашылды. Жатақханасы монтаждалып, 600 төсек орыны жаңартылды.
Тұзды көлдің жағалауында саялы ағаштар жайқалады дегенге алғашқыда ешкім сенбегені анық. Санаторийді айналдыра жеміс ағаштары мен шыршалар егілді. Самал желмен тербелген гүлзарлар елдің есін алатындай еді. Мұндай әсемділікке ие болуы үшін 100 КаМаз құнарлы топырақ түсірілді. Корпустар арасы асфальтталып, жарық шамдары ілінді.
Ажарымен арбаған санаторийге келушілер қарасы артты. Дерек-дәйекке сүйенсек, бұрындары 100-ге жетпейтін ем алушылар болса, жаңа келбетке ие болғаннан кейін сұраныс артып, 600-ге дейін қонақ қабылдапты.
Қай істі қолға алса да шаруасын дөңгелетіп жіберетін санаторий басшысы Амангелді Абдуллаев Жаңақорғанның жаңа брендін қалыптастыруға күш салды. Табысты еңбек етудің кілтін ұққан азамат бейнетқорлық пен іскерлігінің арқасында көпшілікке сыйлы болды. «Жаңақоған санаторийі» акционерлік қоғамының тізгінін 1997 жылы 4 сәуірде алып, бір жылдан аса құрылыс жүргізді. Өзін-өзі қаржыландыратын тынығу орны мемлекет алдындағы қарызын өтеп, дербес кәсіпке айналды. Қаржы мәселесін оңтайлы шешуде санаторий басшысының елеулі еңбегі жатқаны даусыз. Қай саланы басқарса да қаржы мәселесін мұқият басшылыққа алып, қоғамға пайдалы іске білек сыбана кірісті. Жыл сайын ұшан теңіз электр энергиясын жұмсайтынын ескеріп, көлдің суын кәдеге жаратып, электр энергиясын өндіруді қолға алды. Осылайша, шағын электр қазандығын іске қосты. Шығындарды азайту мақсатында батпақты электрленген жүйемен сылаудың әдісін алып тастап, қолмен сылауға көшті. Бұл ең алдымен батпақтың емдік қасиетін сақтаса, екіншіден энергияны есепсіз жұмсауға кедергі болды.
Жаңадан іске қосылған асханада бес мезгіл тамақ мәзірі дайындалды. Мәзірде ет тағамдарымен қоса, қымыз-қымыран қосымша ұсынылды. Асханаға қажетті ет пен сүт, көкөніс пен жеміс-жидектер қосалқы шаруашылықтан қамтамасыз етілді. Бір сөзбен айтқанда, Амангелді Абдуллаев санаторий жұмысын кешенді кәсіпкерлік негізіне айналдырды. Қосалқы шаруашылықта мал бордақыланып, тауық өсірілді. Ет пен жұмыртқа да табысты кәсіптің көзіне айналды.
Жылдан-жылға жаңарып, жұмысы жанданған шипажайдың нарықтық экономикаға бейімделуіне біртуар тұлға Амангелді Абдуллаевтың шын ықыластан туындаған қамқорлығы жатқандай. Мұны ел ағалары да растайды.
Нақты талап қоюмен қатар, қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмайтын білікті басшы алғашқы жылды табысты аяқтады. Шипажайдың ісіне дем берген қызметкерлерге үстемақы үлестіріп, 50 пайыз еңбек ақы тағайындады. Адал қызметін бағалап, көптеген мамандарға ынталандыру сыйлығын табыстады. Тоқ етерін айтқанда арлы азамат өзінің қарамағындағы адамдарға ағалық қамқорлығын аямайтын еді.
Мақпал МАРҚАБАЙ