» » 5 баланың демін үзген су тажал ма, әлде...

5 баланың демін үзген су тажал ма, әлде...

Аулада еркін ойнап жүрген екі бірдей жасөспірімнің өмірі қыршыннан қиылды. Иә, суға түсіп салқындайын деген
оқушылардың мәйіті каналдан табылды.
Естіген жанды шошытатын осындай жайсыз жаңалықтар өкінішке орай жиілеп кетті. Мұндайда қазақ «Сақтансаң сақтаймын!» дегенді алға тартады. Бұл әсіресе жаздың аптап ыстығында су айдындарындағы рұқсатсыз жерлерге түсіп жүрген азаматтарға қарата айтылған сөз!
Сынап бағанасы 40-тан асып, жаңақор­ғандықтар өзен жағалап кетті. Достарымен жағалауда қыдырып жүрген адам көп. Дегенмен олар қауіпсіздік шараларына қаншалықты мән беруде? Суға кету неге көбейіп тұр? Бұл жөнінде төтенше жағдайлар бөлімінің
бас маманы Елжан Шегебаевтан сұрадық.
– Суға кетудің негізгі себебі – баланы қараусыз қалдыру. Кейінгі үш жылда орын алған 13 жағдайдың 9-ы 12 жасқа дейінгі балғындар. Ал, биыл суға кеткен 7 азаматтың 5-і бала екенін айтудың өзі ауыр. Халықтың ішінде рұқсат етілмеген «жабайы жағажайларға» барып шомылу тыйылмай тұр.
Көп жағдайда ішімдік ішіп, мас күйінде суға түскеннен қайғылы жағдайлар орын алып жатады.
Суға жүзуді білмейтіндер мен балалар ғана емес, қатерге тап болып, кәнігі суға жүзушілердің де демі үзілуде. Бұл су асты зерттелмеген өзен-көлдерге шомылудың салдарынан орын алады. – деді.
Иә, қайғылы жағдайлардың 99 пайызы құтқарушылар жұмыс істемейтін өзен, көлдерде орын алып жатады екен. Суда шектеулі мөлшер белгісінен асқанша жүзуге болмайтынын ескеру қажет. Ұзақ уақыт күнге қыздырынған соң немесе ауыр жұмыстан кейін суға бірден секіру қауіпті, өйткені, температураның жедел ауысуы адамды естен тандырып жіберуі мүмкін. Суда әбден тонғанша жүру, су жағасына баланы қараусыз қалдырып кетпеу қажет. Тіпті өте таяз судың өзіне бала құлап қалса, тұншығып қалуы мүмкін. Суға алкогольді ішімдік ішіп түсу де үлкен қауіптің көзі саналады. Қайғылы жағдайлардың тең жартысы осындай себептердің салдарынан орын алып жатады. Егер сіз суда келеңсіз жағдайға тап болсаңыз, үрейге бой алдырмаңыз, шама келгенше сабырлылық пен салқынқандылықты сақтасаңыз – аман қалуыңызға кепілдік мол.
Жыл басынан облыс бойынша су айдындарында 38 адам қаза болса, оның 20-сын кәмелеттік жасқа толмағандар құрап отыр. Оның 16-ы суға шомылу уақытында, 3-і балық аулау кезінде, 3-і қайықтан құлап, 19-ы жазатайым оқиға салдарынан бақытсыз жағдайға ұшыраған.
Сондай-ақ суда жүзе алатындар суға батып кетпейді дегенге кепілдік жоқ. Әрбіріміз қауіпті жағдайларда не істеу керегін жақсы білуіміз тиіс. Мәселен, су ішінде аяқ-қолыңыз тартылып қалды делік. Онда дереу жүзу стилін өзгертіп, арқамен шалқалай жүзгеніңіз дұрыс. Егер қолыңыздың саусақтары тартылып жатса, бірден күшпен жұдырығыңызды түйіңіз де, сырт жаққа қарай қолыңызды сілтеп, жұдырығыңызды ашыңыз. Балтыр бұлшықетінің сіңірі тартылғанда, табаныңызды екі қолыңызбен ұстап, күшпен өзіңізге қарай тартыңыз. Жамбас бұлшық еті тартылғанда, аяқты жіліншіктен төмен сырт жағынан ұстап, тізені бүгіп, қолмен арқаға қарай тартыңыз. Түйреуіш, ине тәрізді үшкір заттың ұшын денеге сұғып алу да сізді құтқарады. Сосын тезірек жағаға шығыңыз. Иә, тілсіз жаудан аман болайық, ағайын!

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
20 шілде 2021 ж. 452 0