» » Қызанақ қып-қызыл ақша

Қызанақ қып-қызыл ақша

Бұл сөзді шиелілік диқан А.Кимнен естідік. Расында, қызанақтың пайдасы көл-көсір. Жә, кәсіптің бұл түрін біздің ауданда өрістеткен адам бар ма? Бізге осы сұрақтың жауабы қызық болды. Ауылшаруашылығы бөліміне хабарластық. Жауапты мамандар гектарлап қызанақ егетін диқандар аз екенін, тек 20-30 сотық игеретіндер басым екенін алға тартты.

Дәл қазір қызанақтың бір келісінің бағасы 270-280 теңге. Қыс мезгілінде 1600-1800 теңгеге дейін қымбаттайды. Адамның тәбетін арттырып, астың дәмін кіргізетін қызанақтың құрамында В1, В2, В5, В6 және А, Е, С сияқты дәруменге бай.
Жалпы, Шиелі ауданы Қызылорда облысын қызанақпен қамтамасыз етіп отыр. Мұның мәнін әлгі Кимнен сұрадық. Сөйтсек, қызанақ қып-қызыл ақша екен.
– Қазір жасым алпысқа таяды. Өмірлік тәжірибемде түрлі дақылды ектім. Алайда қыруар табыс таптым дей алмаймын. Соңғы 10 жыл көлемінде тек қызынаққа басымдық беріп келемін. Оның сыры – қызанақ қып-қызыл ақша. Ерте көктемде тұқымын тастап, көшет дайындаймыз. Өзімізге қажеттісін алып қалып, қалғанын сатамыз. Көшетті сатып бітеміз дегенше қызанақ та шыға бастайды. Маусым айында қызарған қызанақты қазан айына дейін базарға шығарамыз. Құтты сауын сиыр секілді. Уақтылы суарып тұрсаңыз өнім беруді күн суытқанша тоқтатпайды. Ең соңғы өнімді көктей жинап аламыз. Оның өзі қыстай азық болады. Бұрын 2-3 гектар жерге қызанақ еккенімізде Шиелі ауданынан артылмайтын, қазір 10-12 гектарды игереміз. Қызылорда қаласынан алдын ала тапсырыс беретіндер көп. Тіпті Жезғазған жақтан келіп әкетеді, – дейді ол.
Оның сөзінше, жерді өндеудің сыры көп, жылда шіріген көңді егістікке тастайды. Сосын зиянкестер мен ауруларға қарсы ем шараларды атқарады. Көшет мол өнім беруде төменгі жапырақты, өгей бұталарды кесіп, өз баласындай қарайды. Осындай аз-маз күтім жасалған қызанақтар табысқа кенелтеді.
Әлем елдерінің тәжірибесін зерделедік, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында қызанақ өсіріледі екен. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерланды алдына ауылшаруашылығы өнімдерін экспорттау әлеуеті таңғалдырады. Бұл жөнінде Нидерландының алдына тек АҚШ ғана шығады. Миллиард тұрғыны бар Қытай өз-өзін қамтып, тіпті алыс-жақын елдерді азық-түлікпен жарылқап отыр.
Хош! Озық елдер түгілі көрші тұрған Шиелі ауданының тәжірибесінен сабақ ала бермейміз. Қызанақ алқабы туралы білмекке ауылшаруашылығы бөлімінің бас агрономы Дәурен Абибуллаевты сөзге тарттық.
– Жасыратыны жоқ, біздің ауданда қызанақ өсіруге ынта-ықылас төмен. Биыл 2-3 гектардан жекелеген адамдар екті. Олардың басым көпшілігі Жайылма ауылына тиесілі. Онда да әр диқанның қызанақ алқабы 10 соттықтан аспайды, – деді бас агроном.
Содан Жайылма ауылындағы диқаншыларға хабарласып, егіннің жайын сұрадық. Әлбетте, ондағы жұрт қарбызға бейімделген. Ал, Асылжан Жапеков, қызанақ егуді қолға алыпты.
– Сырт көзге қызанақ өсіру жеңіл көрінгенімен, машақаты ауыр. Негізі, қызанаққа қарағанда картоп өсіру әлдеқайда оңай. Екі гектар жерге қызанақ егіп отырмыз. Негізінен, қызанақ күн шуағы мол түсетін ашық, тың жерде жақсы өседі. Өскінге тіреу қажет, сондықтан да ағаш қадалар, керілген сым темір не ескен жіптер тартылады. Топырақ ылға
түскенше өнім бере береді. Пісіп үлгермегендерін тамыр сабағымен қоса жұлып алып, қалқа жерге іліп қойса, сапасын жоғалтпай, өз жемісін қыста да береді, – дейді ол.
Күзде қызанақты консервілеп, қыста пайдасын тағы көреді. Қысқасы, ауданда қызанақ өсіруді дамыту өте маңызды. Мақала жазу барысында санада осындай ой саңылау берді.
Әсел РЗАЕВА
10 шілде 2021 ж. 657 0